Әділет құрылымдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында осы құрылымның қалыптасу және даму жолында тер төккен, өзінің күнделікті еңбегімен құрылымның беделін нығайтып, жетілдіруге үлес қосып жүрген маман туралы әңгімелекпіз.
Гүлжамал Лұқпан (суретте) облыстың әділет құрылымдары саласында ұзақ жыл қызмет етіп келеді.
Ол мемлекеттік қызметті атқара жүріп, жоғары кәсіби шеберлігімен, жұмысқа деген жауапкершілігімен және жылдам шешім қабылдайтын қағылездігімен ерекшеленеді. Оның өз ісінің маманы болып қалыптасуы Сырым аудандық АХАЖ бөлімінің бастығы болып жұмыс істеген 90-жылдардың ортасында басталды. АХАЖ құрылымдарында жұмыс істеу барлық уақытта ерекше адами қасиеттерді өтініш берушіге мұқият, сезімталдықпен қарауды, үнемі кәсіби өсуге мән-маңыз беруді, құпиялылықты сақтауды талап етті. Мұндай іскерлік, адами қасиеттер оның бойынан табылды. Ол лауазымды қызметте жүріп, өзіне де, өзгеге де орынды талап қоя білетінін көрсетті. 2004 жылы Әділет министрлігі жүргізген өзгерістер аясында Гүлжамал Ғұбайдоллақызы қажетті жұмыс тәжірибесіне ие болғандықтан, Әділет департаментінің қызметкері болып ауыстырылды. Әділет құрылымдарына жаңа өкілеттіліктер – азаматтарды құжаттандыру функциялары берілді. Осыған орай кейіпкеріміз халықты құжаттандыру және тіркеу бойынша жаңа міндеттерді жедел игере отырып, халықты құжаттандыру және тіркеу жұмыстарын ұйымдастыру бөлімінің тізгінін қолына алды.
Әділет құрылымдары жанынан халыққа қызмет көрсету орталықтары құрыла бастаған кезде де ол уақытпен санаспай, тұрғындарға қызмет көрсетудің жаңа нысандарын енгізуге белсене қатысты. Осылайша ол облыстың әділет құрылымдарының дамуы жолында уақытпен санаспай қызмет етті. Кәсіби және өмірлік бай тәжірибесі бар Гүлжамал Ғұбайдоллақызы өзін департаменттің бірнеше құрылымдық бөлімшелерінің басшысы ретінде жақсы қырынан көрсетті. Осындай маңызды нысандардың бірі Орал қаласының әділет басқармасында бірнеше жыл басқарма бастығының орынбасары қызметін атқарды. 2010 жылы әділет департаментінің азаматтық хал актілерін тіркеу және апостиль қоюды әдістемелік қамтамасыз ету және бақылау бөлімінің басшысы болып тағайындалды. Осы тұста оның Әділет министрлігінің реформаларын жүзеге асыруға және ілгерілетуге қосқан үлесі зор болды. Бұл уақыт АХАЖ құрылымдарының нысандары мен әдістерін жетілдірілудегі революциялық өзгерістер кезеңі болды. Өйткені осы тұста қызмет көрсету жүйесіне электрондық форматты енгізу басталды. Ол күн сайын жүйелі түрде облыстағы әділет басқармаларының «АХАЖ тіркеу пункті» ақпараттық жүйесін енгізулері мен қолдануларын бақылап отырды және азаматтық хал актілерін тіркеуші мамандармен оқыту семинарларын өткізді. Азаматтық хал актілері жазбаларының электрондық мұрағатын қалыптастыру Гүлжамал Ғұбайдоллақызы басқаратын бөлім жұмысының жаңа әрі үлкен маңызды бағыты болды.
Облыстың АХАЖ бөлімдерімен 1937-2008 жылдар аралығында қолмен жазылып, тіркелген 1 580 649 қағаз түріндегі акт жазбалар жыл ішінде электрондық форматқа ауыстырылды. Сол уақытта «Қазақстан Рес-публикасының мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттіктердің аражігін ажырату жөніндегі шаралар туралы» ҚР Президентінің 2014 жылғы 25 тамыздағы №898 Жарлығы бойынша әділет саласында орталық атқарушы құрылымдардан жергілікті атқарушы құрылымдардың қарамағына азаматтық хал актілерін тіркеу функциялары берілді. Гүлжамал Ғұбайдоллақызы облыстағы жергілікті атқарушы құрылымдардың басшыларымен тығыз байланыс орната отырып, сол кездегі жағдайға алдын ала талдау жүргізіп, жұмыс жағдайын жақсартуға оң әсер етті. АХАЖ электрондық архивінің енгізілуімен елімізде тіркелген азаматтық хал актілеріне қатысты азаматтардың сұраныстарын орындау бағытындағы жұмыстар жеңілдеді, оларды орындау мерзімі айтарлықтай қысқарды.
«Әділет департаменті мамандарының қызметтік міндеттері көп қырлы және алуан түрлі, табысқа жетудің кепілі ұжымда қалыптасқан атмосфера» – дейді Гүлжамал Ғұбайдоллақызы. Ол маман ретінде өсуіне қамқорлық жасаған департаменттің бұрынғы басшыларының бірі Әсия Мұхитова туралы жылы естеліктерімен бөлісті. Әсия Мұсақызының құрметті демалысқа шыққанынша бірге жұмыс істегенін мақтан етеді. Оның ведомоствалық реформаларды жүзеге асыру-ға қосқан үлесін, қызметкерлердің кәсіби шеберліктерін өсіруге мән бергенін, талапшылдығын және іскерлік жұмыс ортасын құрудағы еңбегін құрмет тұтады.
Қызметін орындау барысында қол жеткізген жетістіктері үшін Гүлжамал Ғұбайдоллақызы бірнеше рет министрліктің, департаменттің грамоталарымен, алғысхаттарымен, сонымен қатар І дәрежелі «Заңгер», «Әділет құрылымдары жүйесінің құрметті қызметкері» төсбелгілерімен, «Қазақстан Конституциясына – 20 жыл» медалімен марапатталды. Жұмыс тәжірибесі мол маман өзінен кейінгі жас толқын қызметкерлер шоғырын тәрбиеледі. Г. Лұқпан – қызметтік міндеттерін адал атқаратын, өз ісінің білгір маманы ғана емес, ұжымға сыйлы, әріптестерінің құрметіне бөленген жан.
Гүлнәр Шәңгерей,
zhaikpress.kz