20.12.2025, 14:30
Оқылды: 6

Адал еңбек ету – биік мәртебе

Таяуда Ж. Молдағалиев  атындағы облыстық орталық әмбебап-ғылыми кітапханада «Үздік мемлекеттік қызметші» атты  іс-шара өтті.

DSC02071

Жиын басталмас бұрын оқырманға «Жаңа әдебиеттер – жаңарған ой кеңістігі» атты кітап бұрышы таныстырылды. Мұнда кітапхана қорына қосылған 2025 жылы жарыққа шыққан түрлі жанрдағы кітаптар бар. Одан кейін ардагерлермен кездесу іс-шарасы басталды. Бұл кездесу жиынын облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Медхат Қамбетов жүргізді. Іс-шараға Мемлекеттік қызмет істері агенттігі БҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары Дәурен Хаиров, «Мемлекеттік қызмет ардагері» медалінің иегерлері Жібек Сабырова мен Аманбай Отарбаев, сондай-ақ студент жастар қатысты. Алғашқы сөз кезегі Дәурен Ерікұлына ұсынылды. Ол  Президенттік жастар кадрлық резерві жөнінде ақпараттарды студенттерге айтты. Осы бағдарлама негізінде жоғары оқу орнын үздік тәмамдаған түлектер іріктеуден өтіп, ауылдық  және  аудандық жерлерде мемлекеттік қызметке орналасуға мүмкіндігі бар. Мемлекеттік қызметтің табалдырығын аттаған талапты жастарды тәжірибелі аға буын жұмыс ырғағына үйретіп, кәсіби маман болуға көмектеседі. Сала ардагері Жібек Меңешқызы мемлекеттік қызметте 30 жылдан аса еңбек еткен. 1994 жылы мемлекеттік қызметтің есігін айқара ашқан ол, сол жылдардағы қиындықтарды да айтып өтті.

– Мен Жұбан кітапханасының тұрақты оқырманымын. Студент шағымда әр күнім кітап пен газет-журнал оқумен өтетін. 1985 жылы сол кездегі Орал педагогикалық институтын аяқтап, он жылға жуық физика және математика пәндерінің мұғалімі болып мектепте еңбек еттім. Кейін облыс әкімдігінің кадр бөліміне ауыстым. Тәуелсіздіктің таңсәрі, егемендіктің елең-алаң тұсындағы мемлекеттік қызметтің қабырғасын қаладық. Ол кезде облыс әкімдігінде жұмыс істейтін жастар некенсаяқ еді. Жасым 30-да болса да, облыс әкімдігінің ең жас қызметкері болдым. Тоқсаныншы жылдары қазіргідей цифрлық жүйе, деректерді сақтайтын база болмады. Жұмыс үдерісі қағаз-құжаттармен тікелей байланысты. Елімізде болған өзекті саяси ақпараттарды, заң өзгерістері мен толықтыруларын газет беттерінен ғана оқитынбыз. Сенбі-жексенбі күндері жұмысқа жиі шақыратын. Бір айда санаулы күн ғана демалушы едім. Соған қатты налығанымды да жасырмаймын. Сонда әкем Меңеш: «Қызым, сен «демалыс күні жұмысқа неге шақыра береді?» деп қапаланба. Өйткені сен еліңе, халқыңа керек қызметкерсің» деп қайрау сөздер айтатын. Бүгінде цифрлық жүйе жақсы дамып келеді. Заң және басқа да ақпараттарды ғаламтордан оңай табуға болады. Мемлекеттік қызметке де жастарды көптеп тартуда. Тек жақсы білім алып, адал еңбек ете білу керек, – деп жастарға ақыл-кеңесімен бөлісті зейнеткер Жібек Сабырова.

«Мемлекеттік қызмет ардагері» медалінің иегері Аманбай Жолдасұлы бірнеше жыл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында еңбек еткен. Ардагер өңірдегі көктемгі егін егу, күзгі жиын-терім науқандарындағы озық тәжірибені дамытып, қамбаның астыққа толуына себепкер болған.

– Менің негізгі мамандығым – агроном. 1975 жылы оқуды аяқтаған соң 22 жыл ауылда жұмыс істедім. Ауыл шаруашылығы саласын жете меңгеріп, үздік маман атандым. 1997 жылы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына жетекші маман болып қызметке орналастым. Уақыт өте келе қызметтік дәрежем көтеріле берді. Біз көршілес мемлекеттердің егін егудегі тың технологиясымен танысып, жаңа дақылдар алып, шаруа жұмысын ширатуға атсалыстық. Мемлекеттік қызметте 20 жылдық тәжірибем бар. Жастарға айтар ақылым, жас кезде әркез ізденісте болыңдар, ешкімнің ала жібін аттамай, қарапайымдылық қалыптарыңды жоғалтпаңдар дегім келеді, – деді Аманбай Отарбаев.

DSC02093

Кездесу барысында студент жастар сала ардагерлеріне көкейінде жүрген сұрақтарын қойып, жауап алды. Іс-шара соңында облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Медхат Мұсаұлы мәртебелі қызметпен мерейі өскен ардагерлерге алғыс айтты.

 

Нұрым Ғұмар,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале