1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай Орал қаласының әкімі Мұрат Байменов салтанатты қабылдау рәсімін өткізді. Шараға қаламыздың қоғамдық өміріне елеулі үлес қосқан азаматтар, еңбек ардагерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Салтанатты жиында шаһар басшысы жиналған қауымды айтулы мерекемен құттықтап, ел бірлігін сақтаудағы азаматтардың еңбегін ерекше атап өтті. Мереке аясында Орал қаласына еңбегі сіңген бірқатар азаматқа Орал қаласының құрметті азаматы атағы табысталды.
– Қоғамдық тұрақтылық пен ынтымақ – кез келген мемлекеттің негізі. Біз Тәуелсіздігіміздің алғашқы күндерінен бастап бейбітшілік пен ынтымақты ту етіп келеміз. Елбасымыз бастаған сарабдал саясаттың, Мемлекет басшысының стратегиялық бағытының арқасында Қазақстан бүгінде дамыған, тұрақты, болашағына сенімді елге айналды. Орал қаласы – түрлі этнос өкілдері тату-тәтті тұратын, еңбекқор азаматтарымен мақтанатын, мәдениеті мен руханияты бай, тарихы терең шаһар. Бүгінде қала өміріне белсене араласып, әр салада аянбай еңбек етіп жүрген азаматтарымыздың бірлігі мен жанашырлығы – басты байлығымыз. Осы мереке аясында қаламыздың дамуына елеулі үлес қосқан тұлғаларға Орал қаласының құрметті азаматы атағын табыстап отырмыз. Бұл – олардың көп жылғы еңбегіне берілген әділ баға, халықтың алғысы мен құрметі, – деді Мұрат Болатұлы.
Бұл атақ Орал қаласы әкімінің ұсынысымен, қалалық мәслихаттың 2025 жылғы 28 наурыздағы №19-8 шешіміне сәйкес, түрлі салада қаланың өсіп-өркендеуіне зор үлес қосқан азаматтарға берілді. Құрметке ие болғандардың қатарында Аветик Амирханянға – облыс пен қаланың саяси-әлеуметтік және экономикалық дамуына, ел тәуелсіздігін нығайту жолындағы ерен еңбегі үшін, Валентина Михноға – өндірісте жаңа технологияларды енгізіп, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына айрықша үлес қосқаны үшін, сондай-ақ Қатимолла Бердіғалиевке көпұлтты еліміздің мәдениеті мен дәстүрін дәріптеп, өнер саласындағы жетістіктері мен жас ұрпақтың санасына азаматтық пен отансүйгіштік құндылықтарды сіңірген еңбегі үшін берілді.
Осындай марапаттар – ел дамуына шынайы үлес қосқан азаматтарға деген қоғамның құрметі мен алғысының белгісі. Іс-шара соңында қала әкімі ел ішіндегі ынтымақ пен бірліктің қадірін арттырып, бірлесе еңбек еткенде ғана болашағымыздың жарқын болатынын атап өтті.
Аружан Аманжол,
«Орал өңірі»