Тізгінін жұлқып зымыраған уақыт...
Қымбатбек Айдаров деген арда азаматтың жүзін сол жүйрік уақыт бүркегелі екі жыл болыпты. Өзекті жанның түбінде Алланың аманатын өзіне тапсыратыны ақиқат. Десе де фәни дүниеде орны ерекше ойсырап қалған Айдаровтың Орал қаласында соңына қалдырып кеткен жұмыстары баршылық. Ал азаматтық келбетін келістіре түсетін адами істері, қайырымдылықтары одан да көп. Оны көрген, сезінген адамдардың қатары қалың. Айдаров жайлы әңгіме бастай қалсаңыз, «Ой, шіркін, азамат еді ғой Айдаров» деп сөзіңізді әрі қарай іліп әкетеді. Бұған талай куә болдық.
Біз бүгін өмірден ерте кеткен, әлі де тындыратын істері көп болғанымен, мейірімсіз ажал үлгертпеген Қымбатбек Қадыр-ұлының сол адами қырларының өзіміз куә болған сәттерін еске түсіріп көрмекшіміз. Бұл ретте маған Ерсайын Сражанов деген азамат көмектеседі. Ол – Қымекеңді бір адамдай білген, өте жақын араласқан жан. Талай сапарларда бірге болған, өйткені біршама уақыт Айдаровтың жеке жүргізушісі-қосшы баласы болып жанында жүрді. Ерсайынның өзі де жай көптің бірі емес, кеңес одағы кезінде облыстық мәслихаттың депутаты болып, қоғамдық жұмыстардың бел ортасынан табылған азамат. Айдаровпен сол депутат болып жүргенінде танысып, кейін жақынырақ табысқан. Сондықтан осынау естелігіміздің арасына Ерсайынның да көрген-білгенін суыртпақтап жүгіртіп отырмақшымыз.
Қымекеңнің ең бірінші айтар ерлігі – құрудың алдында тұрған Орал сүт комбинатын сақтап қалғаны. Мұнысы, шынында, ерлік еді. Нарықтық қатынастың тар жол, тайғақ кешуі кезінде тәлтіректеп, құлағалы тұрған кәсіпорынға иығын тосты. Жекешелендіріп алып, білгенін жасағысы келген пысықайлардың жолын кесті. Сөйтіп, қала ғана емес, облыс үшін стратегиялық маңызы зор кәсіпорын – «Береке» сүт комбинатының (кейін акцио-нерлік қоғамға айналған) жұмысын орасан зор қиындықпен жолға қоюға бар жанын салды. Ең бастысы, онда талай жылдан бері еңбек етіп, нәпақасын тапқан адамдардың да жұмыс орнын сақтап қалды. Газет тілшісі ретінде бұл кәсіпорынға талай баруға тура келді. Сонда цехтарды аралап, жұмыскерлерімен кездесеміз, жазатын материалымызға қажетті ақпарларды аламыз. Осындайда жұмыс жасап жатқан орысы, қазағы, басқа ұлттардың өкілдері директорын, яғни Айдаровты аспандата мақтайды. Шаң тигізбейді. «Он – очень простой человек, как мы с вами...» деп қарапайымдылығын алдымен айтады. Олары рас еді. Осы жерден әңгімемізді үзе тұрайық, біз бұл пікірге алда тағы ораламыз.
«Орал өңірі» газетінде ұзақ жыл жасаған Ғилаж Наурзин деген ақсақалымыз болды. Редакция қызметкерлері баладай ақ көңіл, қалбалақтаған Ғилақаңды «Қаңбақ шал» деп қағытатын. Айта көрмеңіз, Құдай сақтасын, көзінше айтпайды, тек сыртынан! Қалбалақтап жүргенімен, сары шалдың кейде аяқ астынан айдынданып шыға келетін шақарлығы, ашуы бар. Бірақ біздер, жастар, қарияны «Ғилақа!» деп төбемізге көтеруден танған жоқпыз. Жалғызбасты болатын. Әйелі ертерек, одан қалған жалғыз баласы кейінірек қайтыс болып, қария жалғыз ғұмыр кешіп жатты. Әрине, жалғыз баладан қалған немере қызы бар. Атасы десе, жаны шығып кете жаздайды. Тұрмысқа шыққан. «Қазаны бөлектің, қайғысы бөлек» десе де, атасына үнемі келіп, көмектесіп тұрады. Ғилақаң екі бөлмелі пәтерінде сопа басы ғұмыр кешіп жатты. Іші пысатын шығар, күн құрғатпай біздің редакцияға келіп тұрады. Құр қол келмейді. Осы Оралда шығатын газеттердің бәрін арқалап алып келіп, бізге үлестіреді. Ол газеттердің редакциялары да Ғилақаңды жақсы біледі, артық газеттерін қолтығына қыстырып жібереді. Бұл оларға, бір жағынан, жарнама ғой. Әрине, газеттерін тегінге береді. Осылай газеттерді арқалап жүріп тарату құдды бір Ғилақаңның міндеті сияқты. Қысы-жазы, жауын-шашында қартымыздың сөмкесін сүйретіп бізге келіп тұрғаны. Бір-екі күн кешіксе, редакторымыздан бастап мазасыздана бастаймыз. «Ғилақаң келмей кетті ғой, сырқаттанып қалған жоқ па екен, телефон соғайық» деп жатқаны журналистердің. «Сендерге келсем, кереметтей сергіп қаламын» деуші еді марқұм. Сол ағамыз күндердің күнінде көзі нашарлап, газет оқудан қала бастады. Тағы бір келгенінде көзіне ота жасату керектігін, бірақ оның ақылы екенін, соған зейнетақысын тірнектеп жинап жүргенін айтып қалды. Енді біз ойланайық. Ақыры, қарияның көзіне ота жасату үшін демеуші іздемекші болдық. Сонда алғашқылардың бірі болып ойымызға Айдаров оралды. «Қымеке, бұрын бізде қызмет атқарған ардагеріміз, өзі жалғызбасты, көзінің көруі нашарлап барады. Ота жасату қажет, бірақ құны удай. Қарияның азын-шоғын зейнетақысы оған жетпей тұр...» деген сыңайда телефон шалдым. Айдаров өзінің әдетімен асықпай ойланып қалды. Біз тағы да қарияның ошаң ететін, көмек қолын созатын ешкімі жоқ екенін бастырмалатып жатырмыз. «Жақсы, көмектесейік, жағдайын айтып, дәрігердің қағазын қосып, арызын әкелсін» деді Тәңір жарылқағыр... Әуелі еңіретіп тұрып арыз жаздық. Оған көз дәрігері берген құжаттарды қостық. «Темірді қызған кезінде соқ», сол бойда бас редактордан машинасын сұрап алып, Ғилақаңды дедектетіп, Айдаровтың қабылдауына жеттік. Қымекең өзінің аспайтын-саспайтын қалпынан айнымай, «Тез келіп қалдыңыздар ғой...» дейді. Директордың тап желкесінен күн көсем – Ленин бізге күлімсірей қарайды. Ғилақаң болса, Айдаровқа бір, Ильичтің портретіне бір қарап, айран-асыр. Бұл уақытта жұрт (кабинет иелері) Ленинді ұмытқан, бөлмелеріне басқа көсемдердің портреттерін іліп қойған. Өйткені кеңес үкіметінің келмеске кеткеніне біраз болып қалған. Ғилақаңды айран-асыр қылғаны – Қымбатбек Қадырұлының Лениннің портретін әспеттеп төрге іліп қойғаны ғой. Өйткені Ғилаж Наурзиннің өзі де лениншіл коммунист еді.
Айдаров ақсақалмен асықпай сөйлесті. Сосын, біз апарған арыздың шетіне ақшаның мөлшерін көрсетіп, қолын қойды. Ақсақалымыз Айдаровқа алғысын жаудырып, ұза-а-қ қоштастық... Басбух директордан асып кете ме, Ғилақаңның қолына 25 000 теңгені шытырлатыптұрып санап берді. Бұл дегеніңіз – сол кездің мөлшерінде мол ақша және отаға артығымен жететін еді. Қайтып келе жатырмыз, Ғилақаң әрі айран-асыр, әрі мәз.
«Лениннің портретін іліп қойыпты, азамат! Өзінің де бас қондырысы бөлек екен, қандай қарапайым» дейді мені ылғидағы әдетімен кеудемнен жеңіл түйгіштеп. Ғилақаң біреуге риза болғанда әзіл-шыны бірге жүреді. «Кароший шелобек» дейтін. Бұл жолы да көліктің ішінде келе жатып, Айдаровтың әдірісіне бірталай «кароший шелобек» айтылды. Көп ұзамай Ғилақаң көзіне ота жасатты. Құдай оңдап, сәтті жасалды. Ғилақаң газетті көзілдіріксіз оқып, қуанышы қойнына сыймай жүрді. «Бала, Қымбатбек інімді үйге шақырып, қонақ етсем, рақметімді айтсам... Бірақ дастарқанды қалай әзірлеймін?» деп қапылумен болды. Одан бір күні «Жақсы бір мейрамхана таңда, өзіне звонда» деп мені қинады. Қарияның көңілін қимай, өзін қасыма алып отырып, телефон соқтым. Марқұм Қымекең телефонның арғы жағынан ақырын мәз болып күлді. «Ғилақаңа рақмет айтыңыз, көзінің жақсы көріп кеткені көрім болған екен, ресторанға барғандай болып отыр деңіз» деді.
Жоғарыда айтқан қарапайым дегенді тарқата кетейін. Алғаш рет мақала жазбақшы болып келгенімде мен де айран-асыр болғанмын. Айран-асыр болғаным Қымекеңнің қабылдау бөлмесінен басталды. Баяғы кеңес кезіндегі үстел, орындықтар. Құжаттар жиналған шкафтар, олардың аузында кәдімгі кілттенетін аспалы құлып. Хатшы қыздың алдында «Ятрань» машинкасы, дөңгелетіп теретін баяғы ескі телефондар. Бұл кезде кішігірім бастықтардың қабылдау бөлмелері ең соңғы жиһаз бен мүліктен көз тұндыратын. Компьютер міндетті түрде. Ал Қымбатбек Қадырұлының бөлмесіндегі жиһаздар да сол кеңес кезіндегі мүліктер. Жарда күлімсіреген күн көсемнің портреті. Өзіме қажетті мәліметтерді алып болғасын, бейресми әңгімемен бірқауым уақыт отырдық. Ақыры, көкейіме тығылған сұрақты бүгіп қала алмадым.
Күн көсемнің портретінен бастап, жиһаздарға таңғалып отырғанымды айттым. «Ленин құрған үкіметтің жақсы жақтары болғанын жоққа шығаруға болмайды. Өзің ойлашы, оқу тегін, емдеу тегін, шипажай-курорт – ол да тегін болды ғой. Қойшының, жұмысшының, яғни қазақтың қара баласы кеңес одағының қай қаласына барып оқимын десе де, мүмкіндік мол болды. Жатақханасы әзір.
Жұмыскерлер мен қызметкерлерге үй тегін берілді. Соның бәрін қалай ұмытамыз. Ал жаңа жиһаздар мен компьютерді комбинаттың жұмысын жақсылап жүргізіп алайық, олар ешқайда қашпайды» дегені әлі күнге есімде.
Қымекең 1952 жылы 8 мамарда Шымкент облысының Бәйдібек ауданында дүниеге келген. 1969 жылы Тараз қаласындағы №322 орта мектепті үздік тәмамдайды. Сол жылы Минск қаласындағы политехникалық институттың тамақ өнеркәсібі технологиясы факультетіне оқуға қабылданып, оны 1974 жылы жақсы бітірген.
Тағы бір кездескенімізде бір топ басшымен тәжірибе алмасу үшін Германияға барғанын әңгімеледі. «Қаланың мэрі қабылдайтын болды. Бізде бастықтар кабинетінде қарсы алып, сол жерде қабылдайды ғой. Оларда қызық екен, мэр бізді ғимараттың алдында қарсы алды. Аудармашы арқылы әңгіме-дүкен құрдық. Сол жерде тұрып, кездесуге келуге тиісті мектепте мұғалім болып істейтін бір азаматты күттік. Бір уақытта жанымызға 500-маркалы «Мерседес» келіп тоқтай қалды. Көліктің иесі біз күтіп тұрған мұғалім екен. Мэр әлгіні бізді қарсы алғандай құрметпен қарсы алып таныстырды. Ал бізде ше, мұғалімді солай құрметтей ме, алатын еңбекақысын айтуға ұят... Анау неміс мұғалімінің жалақысы да өте жоғары екен.
Сосын да ғой «Мерседесті» жүйткітіп жүргені...» деп біздегі мектеп мұғалімдерінің жағдайына таусыла сөйлегені есімде.
* * *
Ерсайын Сражанов айтады: «Мен Қымбатбек Қадырұлымен 1989 жылы облыстық кеңестің депутаты болып сайланған кезімде таныстым. Ол облыстық партия комитетінде нұсқаушы болып істейді. Қазақ тілінде майын тамызып сөйлейтінін бірден байқадым. Депутат болғасын, мойнымда сайлаушылардың аманаты бар. Олардың дені қаладағы мекемелерге тіреледі. Сондайда Қымбатбек Қадырұлы мені ертіп алып, екеуміз жаяулап-жалпылап немесе автобуспен мекемелерді аралаймыз. Сол депутат кезімде ауылдарға жаңа көліктер, қосалқы бөлшектер, жанар-жағармай алуға сол Қымекеңнің көп көмегі тиді». Айдаров Минскіден оқу бітіргеннен кейін алғаш еңбек жолын Қазақ ССР Тамақ өнеркәсібі министрлігінде қатардағы қызметкер болудан бастаған. Бір жылдан соң Ақтөбе қаласындағы алкогольді ішімдіктер шығаратын зауытқа бас инженер болып тағайындалады. Одан әрі Орал қаласына жолданып, тап осындай зауытта бас инженер болып 1986 жылға дейін қызмет атқарды. Содан кейін төрт жыл облыстық агро-өнеркәсіптік комитетте, облыстық партия комитетінде нұсқаушы болды. Ал 1990 жылдан бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылдың маусымына дейін облыстағы «Береке» сүт комбинатының директоры болып, 31 жыл тынымсыз еңбек етті.
Ерсайын Сражанов былай деп еске алады: «Қымбатбек Қадырұлына қарапайым адамдар көмек сұрап көп келетін. Кәсіпорынның жағдайы басында ауыр болса да, директор келген адамның жағдайын мұқият тыңдап, қалайда көмектесуге тырысатын. Оның алдынан риза болмай шыққан адамды көрген жоқпын. Өнер адамдарына, ақындар мен жазушыларға көмектескенін талай көрдім. Сосын, бізге жұмысқа тұруға келгендердің әрқайсысын жеке қабылдап, сағаттап әңгімелесетін. Мектепті жақсы бітіріп, әрі қарай жағдайы болмай, оқи алмай қалғандарды міндетті түрде жұмысқа алатын. Оларды қадағалап жүріп, комбинат жанынан әрі қарай оқытып алғанын білемін. Сол азаматтар, яғни шәкірттерінің кейін жылдар өткесін әр салаға басшылық қызметке жоғарылағанын да білемін. Комбинатта жақсы еңбек еткен жастарды ылғи қамқорлап, көтермелеп отырды. Үй салуға қарыз ақшамен, тұрмыс жағдайын жақсартуға көмектесіп отырды. Айына бір рет жас жанұяларға белгіленген мөлшерде азық-түлік өнімдерін тегін бергізіп тұрды. Кәсіпорын жұмысшыларына түстік асты тегін ұйымдастырды. «Берекеге» директор болып келген 90-жылдарда 74 адам үй кезегінде тұрыпты. Содан 1997 жылға дейін 71 адамға үй беріп, «Үш адамға пәтер алып бере алмай қалдым» деп отыратын. Былайғы жұрт біле бермеуі мүмкін, мен қасында жүргесін көрдім, білемін. Директорымыз өзі банктен несие алып, оған сауын сиырларын сатып алып, мал ұстаймын дегендерге бөліп берді. Ол адамдар сауылған сүтті комбинатқа тапсырып, бара-бара қарызынан құтылатын. Бұл қадам сонау нарықтың қиын кезінде адамдарға көп көмек болды. Комбинаттың да жұмысының жүруіне зор септігін тигізді».
...Иә, Ерсайынның сөзінің жаны бар. Қымекең елге, адамдарға болсын дейтін. Жеке басының пайдасын ойлау ол азаматтың түсіне де кірмейтін. Комбинаттың бес қабатты жатақханасы болды. Жекешелендіру кезінде мекеме-кәсіпорын басшылары, жоғары, орта оқу орындарының ректорлары мен директорлары ашкөзденгендері сонша, Құдайын ұмытып, өздеріне қарайтын жатақханалардың бөлмелерін әкелері мұраға қалдырып кеткендей дереу сатуға кірісті (оның зарын бүгінде студенттер мықтап тартуда). Қымекең бұл жолы да өзінің адамгершілік биігінен көрінді. Жатақхананың бес-алты бөлмесін Орал қаласынан тыс жерлерден шақырылған мамандарға алып қалды да, бес қабатты жатақхананың қалған қарайған бөлмесін тұрып жатқан жұмысшыларына тегін жекешелендіріп берді.
Тағы да Қымекеңнің қарапайымдылығы дегеннен шығады. Ерсайын былай дейді: «Қымекең тек кәсіпорынның жағдайын ойлайтын. Мекемеге қымбат көлік, жиһаз, басқа да керек-жарақтар алуға қаржы шығарғанша, оны жұмысшылардың, жұмыстың мұқтажына жұмсауды қатаң талап ететін. Ұялы телефонның өзін Қымекең жұмыс бабында қажет болғасын, амалсыздан 2018 жылы пайдалана бастады. Бұл кезде «Береке» акционерлік қоғамға айналып, оның өнімдері қалада 50 нүктеде, ауылдарда 80-ге жуық жерде сатыла бастаған еді. Жұмыс бабында іссапарларға жиі шығамыз. Сонда мінетініміз – ВАЗ-2106 маркалы ескі «Жигули». Әлгі-ні өзім айдаймын, көлік деуге ауыз бармайды. Талай сынып, жолда тұрып қалдық. «Жаңа көлік, иномарка алайық» десем, «Ерес, жұмысымыз әлде де жүріңкіресін, әзірге осымен амалдайық» дейтін. МАЙ қызметкерлері тоқтатса, «АО-ның президенті осындай көлікпен қалай жүр?» деп таңғалады.
Қымекең бір көрген адамға томаға тұйық, әңгімеге жоқ адам болып көрінуі мүмкін. Бірақ ортаның адамы десе болғандай еді. Домбыраны шебер тартып, ән салатын. Өлең жазатын ақындығы болды. Спортпен үзбей айналысты. Жеңіл атлетика мен шаңғыны жақсы көретін. Мен осы өмірімде Қымбатбек ағамыздай өте қарапайым басшыны кездестірген жоқпын...».
Ал біз де қырық алты жыл журналистік қызметімізде адалдығы мен қарапайымдылығы, қайырымдылығы бір басынан табылған марқұм Қымбатбек Қадырұлы Айдаровтай алғадай азамат басшыны, әй, сирек кездестірдік-ау...
Есенжол Қыстаубаев,
«Орал өңірі» газетінің арнаулы тілшісі