28.07.2022, 9:00
Оқылды: 40

«Адам баласын ит талап, өлтірді деген не сұмдық?..»

Дүйсенбіде облыстық мәслихаттың шағын залында облыстық қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Бұл жиынға мемлекеттік құрылымдардың, үкіметтік емес ұйымдардың және саяси партиялардың өкілдері, облыстық және қалалық мәслихаттың бірқатар депутаттары қатысты.  

IMG-20220727-WA0117

- Қоғамдық кеңестің жуырдағы отырысында екі нормативтік құжат, оның бірі – БҚО бойынша үй жануарларын ұстау мен серуендетудің, екіншісі – жануарларды аулаудың, уақытша ұстаудың және жансыздандырудың қағидалары туралы мәселе қаралды. Сол талқылау барысында  түрлі пікірлер айтылғаннан кейін, мәселелерді биыл кеңес жанынан құрылған диалогтік алаңға шығаруды жөн санадық. Қоғамды толғандыратын әлеуметтік мәселелерді жұртшылықтың қатысуымен талқылайық деген шешім қабылдадық, –  деді  жиынды ашқан облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Ербол Салықов.

Облыстық ветеринария басқармасының басшысы Серік Нұрмағанбетовтың баяндауынша, былтырғы жылдың 30 желтоқсанында «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң қабылданып, биылғы наурызда күшіне енді. Осы заң аясында Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің тиісті бұйрықтары негізінде ережелер, қағидалар жасақталды. Онда бекітілген екі құжаттың бірі – үй жануарларын ұстаудың, серуендетудің үлгілік қағидасы, екіншісі – үй жануарларын аулаудың және уақытша ұстаудың, жансыздандырудың үлгілік қағидасы. Үлгілік қағидалар  «Ашық НҚА» порталына (бұл нормативтік-құқықтық актілердің жобаларын талқылау алаңы) берілді. «Жоба сараптамадан өтіп, қорытындысы алынды. Облыстық қоғамдық кеңесте 12 шілдеде талқыланды. Онда қағидалардың орысша және қазақша мәтіндерінде айырмашылықтар болуына байланысты диалогтік алаңда құзырлы құрылымдардың қатысуымен талқылау ұсынылды. Жоба тек аталмыш басқармаға жолданған, одан басқа мүдделі құрылымдарға (ветинспекция, денсаулық сақтау, полиция, санэпидемиологиялық қызмет, т.б.) жолданбаған.  Сондықтан сіздердің қосымша ұсыныс-пікірлеріңіз бойынша өзгерістер енгізуді сұрап, министрлікке қағидалардың қабылданбағаны жөнінде облыстық кеңестің хаттамасын жолдаймыз», – деді облыстық ветеринария басқармасының басшысы Серік Нұрмағанбетов.

Кеңес мүшелері қағидаларды талқылау барысында пікір қайшылықтарына тап болды. Орал қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы Бақытжан Нұрбаев құжаттың «Жануарларды жансыздандыру» деген 4-тараудың 25-тармағындағы адамдарға шабатын және олардың денсаулықтарына қауіп төндіретін, тобынан ажырап қалған үш ит, жазылмайтын аурулармен ауыратын бұралқыларды жансыздандыру керек деген талабымен келіспейтінін білдірді. «Сонда екі ит болса, олардың көзін жоюға болмайды, үшеу болса, жансыздандыруға болады деген емес пе?»,- деген Б.Нұрбаев қағиданы нақтылауды ұсынды. Е.Салықов қатысушылардың назарын серуендету кезінде итке тұмылдырық кигізу, ит-мысықты есепке қою, чиптеу (ережелерде көрсетілмеген), жансыздандыру, стерилизациялау  мәселелеріне тоқталып,  ұсыныстарды жинақтау керек екеніне аудартты.  Қоғам белсендісі, заңгер Дина Кеңестің пікірінше, бұралқылардың  көпшілігінің бұрын иелері болған. Жазғы маусымда саяжайларда жануарларды уақытша пайдаланады да, күзде далаға қаңғытып жібереді.

– Иесіз аш иттер  адамдарға үлкен қауіп-қатер төндіреді. Қандай жағдайда да ит-мысықты саяжай аумақтарында қалдыруға болмайды. Жануарларды чиптеу олардың сандық есебін жүргізуге көмектеседі. Жануарлардың мінез-құлқын болжау мүмкін емес болғандықтан, қандай тұқым екеніне қарамастан, барлығына тұмылдырық кигізілгені дұрыс. Қауіпті ит тұқымдарына келетін болсақ, олардың тізімі Ішкі істер министрлігінің сайтында берілген,  – деді Дина Кеңес.

Жиында қожайындардың иттерін серуендетуге алып шыққанда тұмылдырық кигізбейтіні, төртаяқтыларды серуендететін арнайы орындардың жоқтығы және ондай жағдайларға ешкімнің бақылау  жасамайтыны  айтылды.

– Өзен-көлдерде балалар шомылып жатқанда, сол тұсқа апарып итті жуындырады. Немесе субұрқаққа ит-күшіктерді шомылдырады. Қағидаларда адамдар суға түсетін жерге итті шомылдырмау жөнінде талап бар ма? Болса, ондай жерлерге иттерді шомылдыруға болмайтыны жөнінде тақтайшалар орнату керек. Тұрқы шағын иттерге тұмылдырық кигізбеу керек дейтін пікір бар. Бірақ олар кішкентай балаларды қабуы немесе тырнап алуы мүмкін. Соның салдарынан адамға ауру жұғуы ықтимал. Сондықтан үлкен-кіші демей, барлық итке тұмылдырық кигізілуін құптаймыз, –деді облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Бауыржан Ғұбайдуллин.

Басқосуға қатысушылар «Серуендеуге шыққан иттің тұмылдырығы міндетті түрде кигізілуі тиіс» деген ұсынысты құжатқа енгізуді ұсынды. Ветеринария басқармасының басшысы 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап үй жануарларын міндетті есепке қою тәртібі енгізілетінін, оған дейін тұрғындардан ит-мысықты есепке қоюды талап ете алмайтындарын жеткізді. Сондай-ақ қоғамдық орындарға тек қызметтік және көзі көрмейтін адамдардың жетегіндегі иттерге ғана кіруге рұқсат бар екендігі сөз болды. Заңгер Ринат Тенишевтің қойған сұрағына орай ветеринария басқармасының басшысы облыста 14 640 итке қатысты негізгі мәліметтер дерекқорға енгізілгенін, оның ішіндегі 4600-дей  иттің иесі бар болса, 10 000-дай төртаяқтының иесіз екенін айтып өтті. «Тұрғындар бір ауладан төбетті стерилизациялауға апарып тастайды. Бір аптадан кейін сол итті ауладан ұстап, стерилизацияға алып кеткен. Сонда әрбір ауланған ит басына 3600 теңге төленетін болса, қалалық ветстансадағылар төбетті сол үшін қайта ұстап әкеткен бе?» – деген Р. Тенишев бұл оқиғаға қатысты бейнетүсірілім барын мәлімдеді. Ветеринария басшысы мұндайдың болуы неғайбыл екендігін тілге тиек етті. Қазақстан халық партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары  Б. Лаврентьев мемлекеттік қызметке қатысты мәселелердің ашық болғаны және тиісті орындарға бейнебақылау камераларын орнату қажет деген пікірін білдірді.

– Қаңғыбас иттер мәселесі саяжайдағылардың бас ауруына айналған. Ит-күшікті асырап, артынша қараусыз қалдырған адам заң алдында жауап беруі тиіс. Бұрынғы «Птичник» деген жерде бұралқы иттерді жинайды. Аялдамада аутобустан түсіп, өтейін десең, топ-тобымен алдыңда тұрады. Саяжайдың тар көшесімен әрі-бері өту мүмкін емес, айналаңдағы бұралқы иттер жауша анталайды. Жолдың қақ ортасында жатқандары адамнан ықпайды, жол бермейді. Өзім иттен қорқамын, бұралқылардың қапқанын күтеміз бе? Былтыр естеріңізде шығар, Трекинде ит егесінің немересін өз ауласында жазым қылды. Үйдегі ит сөйткенде, қаңғыбас иттерден бәрін күтуге болады.  Телемұнара жақтағы иттердің питомнигіне сұрағым көп, он шақты қаңғыбас ит көше жолдарында жүреді, –  деген «Көктем» саяжайшылар қауымдастығының өкілі Майра Қазмағанбетова қаңғыбас иттердің көзін жоюды ұсынды.

– Облысымызда болмаса да, басқа өңірлерде  итке таланып, өлген балалар туралы естідік қой. Адам баласын ит талап, өлтірді деген сұмдық емес пе? Қандай қоғамбыз өзі? Бір жылда қанша адам­ды ит қабады?! Қажет болса, ережелерге толықтырулар енгізейік. Заң бар болса, оның орындалуын қадағалауымыз керек. Қалалық, облыстық қоғамдық кеңестердің, мәслихаттардың өкілдері болып, осы мәселені  жіті бақылауға алайық,  – деген «БҚО мүгедектері ерікті қоғамы» қоғамдық бірлестігінің  төрағасы Жұмажан Қожжанов қоғамдық кеңес жанынан мәселені бақылауда ұстайтын комиссия құруды ұсынды.

Қала тұрғыны Ерлан Жұматаевтың сөзіне сүйенсек, мұндай қоғамдық талқылау 2019 жылғы 25 маусымда өткен. «Сол кезде жылына 3 мың ит стерилизациядан өтеді делінді. Келесі жылдары да сондай шамада болады деп айтылды. Иесіз 10000 ит жыл сайын түгелдей стерилизациядан өтпейді. Тек  3 000-ы ғана өтеді. Демек, ит атаулы жыл сайын көбейеді, күшіктейді. Бұл жерде есептен қате кеткен. Стерилизация мәселені түбегейлі шешпейді. Ендеше, оңтайлы әдіс-тәсілдерді әлі де ойластырған абзал. Әлемдік өркениеттен қалыс қала алмаймыз, гуманистік көзқарастағы заңды қабылдауымыз керек. Мектептердің айналасында бұралқы иттер көп. Ондай иттің құлағына арнайы жарықшағылыстырғыш белгі тағу керек», – деді ол.

Талқылауды қорытындылаған облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы қазақстандық қоғам иесіз үй жануарларына адамгершілікпен қарауды көздейтінін, бірақ ең бастысы адамдардың, балалардың қауіпсіздігі басты назарда болуы шарт екенін айтты. Сонымен қатар жиында айтылған ұсыныс-пікірлердің  ескерілетінін  жеткізді.

Ирина Рыскина, «Zoo­VetCenter» жеке клиникасының ветеринар-дәрігері:

IMG-20220727-WA0118

– Меніңше, көшелерде иесіз иттер жүрмеуі керек. Ұсталып, ұстау орындарына жеткізілген ит-күшіктер иесіне немесе жауапты адамға қайтарылуы тиіс.

Ал мүлдем иесіз иттер адам өміріне қауіп  төндірмеу үшін жойылғаны  жөн.

Гүлбаршын Әжігереева, 

zhaikpress.kz 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале