10.12.2024, 11:00
Оқылды: 68

Адамды азаптайтындар жазасыз қалмайды

Облыс прокуратурасы мен өңірлік коммуникациялар қызметі бірлесіп, дөңгелек үстел өткізді. Басқосуда кәмелетке толмағандар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, алаяқтық, алқабилердің қызметі және басқа да мәселелер айтылды. «Қазіргі прокуратураның құзыреттілігі» тақырыбы арқау болған басқосу  Прокуратура күні қарсаңында ұйымдастырылды.

50da1dd9-1139-479c-9c01-17e82a4fcc0e

Тәрбиешілер тәртіп бұзған – 2022 жылғы 5 қарашада Қазақстанның қалыптасу тарихында тұңғыш рет 18 қарашадан бастап күшіне енген «Прокуратура туралы» Конституциялық заңға ел Президенті қол қойды. Конституциялық заңдардың ерекшелігі – нормативтік-құқықтық актілер иерархиясындағы әдеттегі заңдардан жоғары. Мұндағы басты өзгеріс, жаңа заңда Бас прокурордың Конституциялық сотқа жүгіну құқығы белгіленген. Енді Бас прокурор нормативтік-құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігін, ратификациядан өткенге дейін халықаралық шарттарды және негізгі заңның ресми талқылауларын тексереді. Жаңа заңда жоғары қадағалаудың үш  нысаны белгіленген. Олар: заңдылықтың сақталуын тексеру, заңдылықтың жай-күйін талдау және күшіне енген актілерді бағалау. Прокуратура Үкіметтің, өзге де мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы құрылымдардың, олардың лауазымды адамдарының актілері мен шешімдерін, сот үкімдерін, қаулыларын зерделеу арқылы заңды күшіне енген сот актілерін көзделген тәртіппен бағалайды. Сонымен қатар 2023 жылдан бастап азаптаулар туралы қылмыстық істерді тергеу прокурорлардың құзырына берілді. Бұл құқық қорғау құрылымдары қызметкерлерінің тергеу барысында азаматтарға қысым көрсету фактілерін болдырмауға ықпал етуде. Заң адам құқықтары жөніндегі уәкілмен өзара әрекеттесу туралы жеке ереже бекітті. Адам құқықтары жөніндегі уәкілге конституциялық мәртебе берілген. Прокуратура адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау жөніндегі міндеттерін орындау барысында адам құқықтары жөніндегі уәкілмен ынтымақтасуға, оған қолдау көрсетуге құқылы. Заңда прокуратура басқа мемлекеттік құрылымдардың функцияларын алмастырмайды деген ереже сақталған, – деді облыс прокурорының бірінші орынбасары Дәурен Батырғалиұлы. Бұдан соң прокуратура қызметкерлері тақырыпқа қатысты сөз алды.

Мәселен, қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының басшысы Асылан Жанатауов кәмелет жасқа толмағандардың құқықтарын, бизнес өкілдерінің мүддесін қорғау жөнінде баяндады. Асылан Болатұлының айтуынша, жыл басынан бері 73 мыңға жуық баланың құқығы қорғалған.

Өрт қауіпсіздігі мен санитарлық талаптарға, сонымен бірге балалардың қауіпсіздігіне қатысты заңбұзушылықтар анықталған. Статистикаға сүйенсек, 431 білім беру ұйымында өрт қауіпсіздігі ережелері бұзылған. Білім беру ұйымдары көбінесе баспалдақтардың астындағы қуысқа жанғыш материалдарды жинап қояды, эвакуациялық жолдарды бітеп, өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамайды. Сонымен қатар 414 ұйым санитарлық ережелерді бұзған.

– Балаларды соққыға жығу немесе келеңсіз жағдайлар тудыру фактілерін анықтау үшін заманауи технологиялар қолданылуда. Соның ішінде бейнежазбалар тексерілуде. Нәтижесінде үш балабақша тәрбиешісінің бүлдіршіндерді соққыға жыққаны, заңмен белгіленбеген басқа да әрекеттер жасағаны анықталды. Тәрбиешілер қызметінен босатылды. Келесі мәселе, балалардың әлеуметтік желіге тәуелділігі. Біздің міндетіміз – келеңсіз ақпараттарға тосқауыл қою. Яғни порнографиялық, экстремистік сипаттағы бейнежазбаларды бұғаттауымыз керек. Прокурорлар әлеуметтік жобаларға да үн қосуда.  Мысалы, «Бақытты және қауіпсіз балалық шақ» деген жоба аясында тұрмысы қиын отбасыларды аралап шықты.

Табыс-кірісі аз 5421 отбасының жағдайы тексерілді. Нәтижесінде 1257 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар 7 адам ата-ана құқығынан айырылды. Олар балаларын оқуға жібермеген, тиісті жағдай жасамаған. Басқа құрылымдармен бірлесе отырып, 295 отбасыға материалдық көмек көрсетілді. Ал 18 отбасыға әлеуметтік төлемдер тағайындалды. Сондай-ақ тұрғын үйге мұқтаж 72 бала кезекке қойылып, аудандарда екі балаға пәтер берілді, – деді Асылан Жанатауов.

Прокурорлар балаға дер кезінде көмек көрсету үшін жасанды интеллектіні де қолдануда. Арнайы мекемелермен бірлесіп, «Komek Stop Bulling» жобасын қолға алған. Ол үшін «STOP BULLYING» мобильді қосымшасын пайдаланады. Қосымшаның жұмысы зорлық-зомбылық (қорқыту, қудалау, бопсалау және т. б.) туралы белгілерді жедел шешуге, оқушыларға психологиялық қолдау көрсетуге, білім беру мекемелерінде қауіпсіз орта құруға бағытталған.

Асылан Жанатауовтың айтуынша, өткен 11 ай ішінде 2700-ден астам кәсіпкердің  құқығы қорғалған. Президенттің тапсырмасы бойынша прокуратура инвестициялық жобаларды сүйемелдейді. Яғни бизнес нысандарын тексеріп қана қоймай, кәсіпкерлермен кездесіп, өтініш-шағымын тыңдайды. Осының нәтижесінде облыс прокуратурасының фронт-кеңсесінде 13 инвестордың мәселесі қаралған. «Мәселен, «Кублей» ЖШС-ға қатысты республикалық деңгейде дау шықты. Санитарлық қорғау аймағына қатысты мәселе көтерілді. Бұл – тұрғын үй мен кәсіпорынның аралығындағы жер. Біз аталған арақашықтықты реттеуге қатысты ұсынысымызды ҚР Бас прокуратурасына жолдап, қолдау таптық. Талдау, зерттеу барысында мәселе оң шешілді», – деді Асылан Жанатауов. Бұл саладағы тағы бір жаңашылдық – «прокурорлық сүзгі» қызметінің енгізілуі. Мемлекеттік құрылымдардың кәсіпкерлерге қолданатын шаралары прокурордың келісімінсіз жүзеге аспайды.

Азаптайтындар жазаланады

Басқосуда сотқа дейінгі тергеп-тексеру және қылмыстық қудалаудың заңдылығын қадағалау басқармасының басшысы Тимур  Шектібаев нашақорлыққа және алаяқтыққа қарсы күрес мәселелері  жөнінде  айтты.

– Нашақорлық пен есірткі бизнесі қоғамның басты қауіптерінің бірі ретінде қарастырылуда. Осыған байланысты облыстық прокуратура облыстық әкімдікпен және полиция департаментімен бірлесіп, есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес жөнінде жоспар құрды. «Нашақорлыққа жол жоқ» жобасына полиция қызметкерлері, еріктілер, спортшылар, жастар бірлестіктері жұмылдырылды. Атқарылған іс-шаралар барысында қала және ауданда есірткі заттарды таратуға бағытталған 385 (Орал қаласы – 382, Бөрлі ауданы – 3) жарнама анықталды. Бұл деректерге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 299-1 бабы бойынша 18 қылмыстық іс қозғалды. Қала және аудан прокурорлары жоғары сынып оқушылары мен колледж студенттері үшін YouTube платформасында «Закладка» деген деректі фильмнің көрсетілімін ұйымдастыруда. Онда нашақорлыққа салынып, опық жеген жандар өздерінің өмірі туралы баяндайды. Бұл жастарға ой салып, теріс жолға түспеулеріне себеп болады деп ойлаймын, – деді Тимур Нағашыбайұлы.

Ведомствоаралық жедел-іздестіру тобы «Б» есімді азаматшаны ұстаған. Одан Алматы облысынан беріп жіберілген «Мефедрон» ерекше иісі бар ақ түсті зат тәркіленген. Бұл затты жөнелткен адамды анықтау барысында 2024 жылдың 1 желтоқсанында Алматы облысының Қарасай ауданында синтетикалық және есірткі заттарды өндіретін есірткі зертханасы табылған. Сонымен қатар Телеграм желісі арқылы құрылған есірткі заттарын сататын онлайн дүкен анықталған. Осылайша тоғыз адамнан тұратын қылмыстық топ ұсталып отыр. Жүзеге асырылып жатқан іс-шаралардың нәтижесінде есірткі қылмысын анықтау 16%-ға (271-ден  316-ға  дейін) өскен.

Тимур Нағашыбайұлының айтуынша, алаяқтық, оның ішінде интернет-алаяқтық бүкіл ел бойынша жылдан-жылға қарқын алып келеді. Жалпы, біздің облыста 2016-2022 жылдар аралығында алаяқтықтың тұрақты өсімі байқалған. Құқық қорғау және уәкілетті құрылымдардың қызметкерлерінен жұмыс тобы құрылған. Бүгінде алаяқтардан жәбір көретіндердің көпшілігі негізінен білім беру және медицина мекемелерінің қызметкерлері болып отыр. Сондықтан прокуратура мамандары мектептерде, колледждерде, жоғары оқу орындарында, емханаларда алаяқтықтың әдістері мен тәсілдерін түсіндіретін дәрістер оқыған. Жанжақты қабылданған шаралардың нәтижесінде былтыр алаяқтық 26%-ға (1220-дан 903-ке  дейін)  азайыпты.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру басқармасының басшысы Юрий Астафьев азаптауға қарсы күрес жөнінде баяндады. Президент тапсырмасымен елімізде азаптауға қатысты құқықбұзушылықтарды жою бойынша шұғыл шаралар қабылданған. 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап прокуратура құрылымдарына азаптау фактілері бойынша қылмыстарға айрықша тергеу жүргізу құқығы берілген. Бас прокуратура Стамбул хаттамасының негізінде және Азаптауға қарсы коалицияның ұсыныстарын ескере отырып, «Прокуратурада азаптау істері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді ұйымдастыру туралы» нұсқаулық әзірлеген. Сондай-ақ «Азаптауды анықтау және осы санаттағы қылмыстық істерді тіркеу кезіндегі прокурордың әрекеттерінің алгоритмін» жасаған. Қатыгездік таныту, адамгершілікке жатпайтын, қадір-қасиетті қорлайтын қарым-қатынас жасау, мәлiметтер алу немесе мойындату үшін азаптау, адамның  тәні мен жанына қасақана зардап келтіру қылмыс саналады.  Барлық жаза ҚР Қылмыстық кодексінің 146-бабында (қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын қарым-қатынас, азаптаулар) көзделген. Осындай қылмыс жасаған лауазымды адамдарға, құқық қорғау қызметкерлеріне белгілі бір лауазымдарды атқару немесе қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып,  2000 АЕК дейінгі мөлшерде айыппұл салудан бастап, бас бостандығынан айыруға дейінгі жазалар қолданылады. Юрий Астафьевтің айтуынша,  2022 жылы облыста 27 азаптау фактісі бар қылмыстық іс тіркелген болса, былтыр  14 дерек болған. Ал биыл тек 2 факті  тіркелген.

Мемлекеттік айыптауды қолдау және апелляциялық сатыға қатысу басқармасының басшысы Нұрлыбек Жұбанов алқабилер қатысатын сот процестері жөнінде айтты. Қазақстанда соттар алғаш рет 2007 жылғы 1 қаңтардан бастап алқабилердің қатысуымен өте бастаған. Олар қарайтын істердің саны артқан. 2022 жылы облыста 1 іс қаралған болса, 2023 жылы – 6, биыл 8 іс қаралған. Тағы  11 іс қаралуда. Республика бойынша сот алқабилердің қатысуымен 2 мыңнан астам (1974) қылмыстық істі қараған. Басқосу барысында кадр бөлімінің басшысы Сәкен Молдашев прокуратура құрылымдарына қызметке қабылдау тәртібі, жолданымдармен жұмыс жөніндегі аға көмекші Ернат  Махсотов арыз-шағымдармен жұмыс жөнінде баяндады. Жыл басынан бері облыстық прокуратурада 6000-нан астам арыз-шағым тіркелген.

Ясипа Рабаева

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале