Қауіп төндіріп, жәбірленушіні және оның жақындарын масқаралайтын мәліметтерді талап ететіндер енді 3 жылға дейін сотталуы мүмкін. Бұл туралы Әділет министрлігі ашық талқыға шығарған заң жобасында көрсетілген.
Атап айтқанда, ҚР Қылмыстық кодексінің 209-бабына (Ақпаратты беруге мәжбүрлеу) өзгеріс енгізіп, жазаны қатаңдату ұсынылып отыр.
«Күш қолдану не мүлікті жою немесе бүлдiру қатерін төндіріп, жәбiрленушiнi немесе оның жақындарын масқаралайтын мәлiметтердi не электронды тасығышта қамтылған, заңмен қорғалатын ақпаратты беруге мәжбүрлеу – белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 3 жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе 3 000 айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 800 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады», - делінген құжатта.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, осындай қылмыс үшін кінәлі 2 жылға дейін сотталады немесе 2 000 АЕК-ке дейін айыппұл төлейді.
Ал жаңа редакция бойынша бас бостандығынан айыру мерзімі 3 жылға дейін ұзарып, айыппұл көлемі 3 000 АЕК-ке дейін ұлғаяды.
Дереккөз: ҚазАқпарат