Кеңес заманында Мелиораторлар күні болғаны белгілі. 1976 жылы КСРО Жоғары Кеңесінің жарлығымен бекітілген бұл кәсіби мереке маусымның бірінші жексенбісінде аталып өтіліп жүрді. Кеңес үкіметімен бірге осынау атаулы күн де құрдымға кеткен еді. Былтыр 9 шілде тәуелсіз Қазақстанның су шаруашылығы қызметкерлерінің өздерінің кәсіби мерекелерін алғаш рет тойлады.
«Су патшасы – мұрап, түн патшасы – шырақ»
Өткен жылы дәм-тұз бұйырып, еліміздің оңтүстік өңіріне жолымыз түскен еді. Жол-жөнекей бір түркістандық бауырымыз әңгіме арасында еліміздегі кәсіби мерекелер тізімі Су шаруашылығы қызметкерлерінің күнімен толыққанын айтты. Сол кезде «Бізбен салыстырғанда жердің, судың қадірін жете біледі ғой, олар үшін бұл мереке маңызды шығар» деп ойлап қойғанбыз.
– «Ас атасы – нан» немесе «Нан болса, ән де болады» дейміз. Иә, тағамдардың ең қажеттісі – нан. Тіршіліктің арқауына айналған ас атасының қадір-қасиеті, тіршілікте алар орны ерекше. Ал енді су болмаса, сол қасиетті нан, оның бастауындағы астық шыға ма? Сусыз адам өмір сүре ала ма? Соңғы кезде әлем ғалымдары тамақ түрлеріне, жанар-жағармайға балама болатын нәрселерді ойлап тауып жатыр. Ал суға балама болатын не бар? «Су – тіршілік көзі» деп жай айтыла салмаса керек, – деді біздің ойымызды оқып қойғандай. Бұл сөздің санамызға сәуле түсіргені сонша, судың да, су шаруашылығының да, осы сала қызметкерлерінің де Қазақ елі, жалпы адамзат үшін маңызының қаншалықты зор екенін түйсінгендей болдық.
«Су патшасы – мұрап, түн патшасы – шырақ» деген мақалды да Түркістан жақтан естідік. Мұрап (мираб сөзі араб, парсы тілдерінен тәржімалағанда судың әмірі дегенді білдіреді екен) бағзы заманнан бері ең құрметті мамандықтың бірі болып саналатын көрінеді. Шығыс халықтарында бұл қызметті әділ, жүрегі де, қолы да, жолы да таза адам атқаратын болған. Кейбір елдерде мұрапқа егіс біткенді тексеру де жүктелген. «Мұраптың ізінде қалған суды ішуге болады» деген қанатты сөзден де бұл кәсіп иелеренің ар тазалығын, адалдығын, ысырапқа жол бермейтін жандар екенін көруге болатындай.
Ықсановтың батасын алған жан
Мұндай жандар біздің өңірімізде де жоқ емес. Солардың бірі – облысымызға танымал су шаруашылығының маманы Шынболат Ермағамбетов. "Қазсушар" РМК-ның облысымыздағы бөлімшесінің бас гидротехнигі болып қызмет ететін ол ғұмырының қырық жылға жуық уақытын осы салаға арнаған.
– Мектеп бітірер тұста инженер болсам деп армандадым. Оған нағашы ағам әсер етті. «Ауылдан шыққан баланың көбі зоотехник пен агроном болады. Инженер аз, соған барсаң қалай?» деп бұл мамандықтың қыр-сыры туралы айтып мені қызықтырып қойды. Содан мектеп бітірген соң Жамбыл қаласындағы гидромелиоративтік құрылыс институтына оқуға түстім. Инженер-гидротехник мамандығын алып, туған жеріме, Тайпақ ауданының Есенсай ауылына келсем, кеңшарда бұл штат бойынша орын жоқ екен. Содан бұрынғы Ақжайық ауданының Восход кеңшарына жұмысқа тұрдым. Мұнда дәл бір жыл жұмыс істедім. Сол кездегі облыс басшысы Мұстақым Ықсанов Восходқа келмесе кеңшарда әрі қарай қызмет ете берер ме едім, кім білсін?!
1979 жылы далада суармалы агрегаттарды реттеп жүргенімде «Директор тез келсін деп жатыр» деген хабар келді. Үстімдегі жұмыс киімді шешпестен, шағын тракторыма отырып кеңшарға бардым. Барсам, кеңшардың орталық көшесінің бойында бір қора кісі жүр. Сұрап білсем, облыстың бірінші хатшысы М. Ықсанов ауылымызға жұмыс сапарымен келген екен. Бір уақытта кеңшар директоры мені Мұстақым Біләлұлына таныстырды. Үсті-басымды шолып өтіп «Сен бе гирдотехник?» деп сұрады. Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтын бітіргенімді айтып едім, сұрақтың астында қалдым. Кеңшарда егілетін көп жылдық шөптердің атауларын, олардың қорегін, өнімділігін, суармалы техникаларды пайдалану, жөндеу турасында сұрап, шағын тәжірибелік емтихан алды десе де болады. Білгенімше жауап беріп, әр алқаптың басында суару, қоректендіру бойынша тиісті тақтайшалар орнатқанымды естіп, арнайы барып көрді. Содан соң қасында жүрген облыстық мелиорация және су шаруашылығы басқармасының бастығы Әлібай Бимұрзаевқа қарап «Сен маман жоқ дейсің, мамандарың трактор айдап ауылда жүр ғой» деді. Сол жерде Бимұрзаев маған «құда түсті»... Осылайша Мұстақым Ықсанұлының бір ауыз сөзінің нәтижесінде осы басқармаға келдім, – дейді Шынболат Ермағамбетов.
Бүгінде пайғамбар жасына жеткен кәнігі маманды су шаруашылығына қатысты көптеген жайт мазалайды. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы, қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында ХХІ ғасырдың 10 жаһандық сын-қатері туралы баяндағаны аян. Соның төртіншісі – су тапшылығына қатысты.
– Елбасымыз Жолдауда сумен қамтамасыз ету проблемасы біздің елімізде де өткір тұрғанына, сапалы ауыз су жетіспейтініне, бірқатар өңірлер оның зардабын қатты тартып жатқанына тоқталған. Трансшекаралық өзендердің су ресурстарын пайдалануда бірқатар мәселелермен бетпе-бет келгендігімізді де мәлімдейді. Сол себепті бізге көрші Қырғызстан, Өзбекстан елдері секілді Су шаруашылығы министрлігін құратын уақыт жеткен сияқты, – дейді Шымболат ағамыз. – Арнайы министрлік болмаған соң қазір бұл бағыттағы құрылымдар азайды, қалған мекеме-кәсіпорындардағы штат саны қысқарды. Мәселен, өңіріміздегі Жайық-Каспий бассейндік инспекциясын алайық. Бұрын арнайы зертханасы, гирометр, гидролог секілді мамандары болды. Қазір олардың бәрі жоқ. Сол себепті келіп жатқан судың көлемін, құрамын анықтау, суды қорғау, реттеу бағытындағы жұмыстар ақсауда. Бұрын аталмыш мекемеде 50-ден астам қызметкер болса, қазір 1 адам. Сондағы мамандар әр өзеннің гидрологиясын бағамдап, күзде тексеру жүргізіп, қай жерде заңсыз салынған бөгеттер болса, оларды бұздыратын. Қазір мұндай іспен айналысатын ешкім жоқ. «Қазсушар» РМК-ның оны қарауға құқығы жоқ әрі оның міндетіне кірмейді. Біз – шаруашылық жүргізу құқығындағы мекемеміз. Негізгі міндетіміз – теңгеріміміздегі су арнасы, су қоймасын күтіп, баптау, дұрыстап ұстау, көктемгі су тасқынын апатсыз өткізу, суды жинау, сол суларды көлтабандарға, жайылымдарға шығару. Сосын жазғы, күзгі, қысқы мерзімдерде сумен қамтамасыз ету.
Айта кетейік, «Қазсушар» РМК БҚ филиалының 11 пайдалану, 3 өндірістік учаскелері бар. Суармалау-суландыру жүйесінің құрамына 14 су қоймасы, 4 су торабы, 1 сорғы бекеті, 50 үлкен гидротехникалық имарат, 915,64 шақырым магистралды және таратушы каналдар, 26 өнідірістік және қызметтік ғимараттар енгізілген.
Жайықтың жайы мүшкіл
Ақ Жайықтың танымал мұрабымен әңгімелесе отырып, облысымыздағы биылғы су мәселесіне қатысты түйткілдерді де айналып өткеніміз жоқ.
– Иә, былтыр және биыл батысқазақстандықтарды сумен қамтамасыз етуде күрделі мәселе туындап отыр. Өңіріміздің басты су артериялары – Жайық, Қара және Сары өзендеріне тасқын судың жөнді түспеуі салдарынан су тапшылығы орын алуда. Әсіресе, Жайықтың өңіріміздің халық шаруашылығы үшін маңызы зор. Өзен алабында батысқазақтандықтардың үштен екі бөлігі тұратын 87 елді мекен орналасқан. Жайық өзеніндегі биылғыдай су тапшылығы 1967 жылдан бері болған емес. Жайықтың экологиялық ахуалы да қиын. Өзен арнасы лайланып, жағалық сызығы бұзылған, жайылма өсімдіктері диградацияға ұшырап, биологиялық әр алуандығы азайған. Өзен жағдайының нашарлауы оны жағалай қонған елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық жағдайына айтарлықтай кері әсерін тигізуде. Бүгінгі таңда Ирикла су қоймасынан судың жіберілу мөлшері секундына 25 шаршы метрды құрайды (судың келуі орташа болған жылдары секундына 35 шаршы метр болатын). Бұл өте аз. Егер осылай жалғаса беретін болса, өңіріміздің ауыл шаруашылығы саласы үшін апатты жағдай туындауы және Жайық-Көшім суландыру жүйесіндегі су тоғандарындағы балықтың өлуіне әкелуі мүмкін.
Соған орай облыс басшылығы тарапынан ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министріне, Орынбор губернаторына хаттар жолданды. Бұл хаттарда Ирикла су қоймасынан келетін су мөлшерін көбейту туралы жазылды. Яғни 5 шілдеден 5 қыркүйек аралығында судың жіберілуін секундына 90 шаршы метрге дейін көбейту ұсынылып отыр. Айта кетейін, ұзындығы 76 шақырымды құрайтын бұл су қоймасының сыйымдылығы – 3 млрд 257 млн шаршы метр. Ал өңіріміздегі 3 қоймасының көлемі 260 млн. Яғни біздің 3 қоймадағы судан бөлек, оған 3 млрд текше метр су сыяды. Салыстыру үшін айтсақ, біздің Шалқар көлінің бұрынғыдай суы толып тұрғаннан 1,5 еседей көп деген сөз. 1 шілдедегі мәлімет бойынша бұл қоймада жинақталған су мөлшері 3 млрд текше метрге жуық. Егер екі ай аралығында біз сұраған мөлшерде су жіберетін болса, қоймадан 474 млн текше метр су шығындалады екен. Яғни көлемінен көп ауытқымайды.
Қара және Сары өзендердің облысымыздың оңтүстік аудандары тұрғындары үшін маңызы зор. Осы жақтағы халықтың қажеттіліктіктерін қамтамасыз ету, жерді суландыру, экологиялық тепе-теңдікті сақтау үшін Еділ өзенінің суына деген ең төменгі қажеттілік жылына 107 шаршы метрді құрайды. Биыл Еділ суын насос станциялары арқылы беруге жұмсалатын шығынды өтеу үшін республикалық бюджеттен 1964,5 млн теңге бөлінді. Оның ішінде Үлкен және Кіші өзендерге су беруге 1439 млн теңге, Волгоград облысынан Жәнібек жүйесіне су айдауға 525,5 млн теңге қаралды. Бұл қаражатқа 80,3 текше метр су алуға болады. Жетіспейтін су көлемін толтыру үшін қосымша 999,1 млн теңге қаражат керек. Соған орай осындай көлемде қаржыны республикалық бюджеттен бөлу жөніндегі өтініш құзырлы құрылымдарға жолданды. Бұл ұсынысымыз оң шешімдерін табады деп үміттеніп отырмыз.
Осы сәтті пайдаланып әріптестерімді кәсіби мерекемен құттықтағым келеді. Халықтың әл-ауқаты мен өмір сапасының жақсы болуы су шаруашылығының дамуымен тығыз байланысты. Ел экономикасының маңызды саласының бірі болып табылатын су шаруашылығында еңбек етіп жүрген жандар Отанымыздың экологиясына, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де үлестерін қосуда. Бұл жолдағы табанды еңбектері, өз ісіне адалдықтақтары, туған жерге деген сүйіспеншіліктері үшін алғыс айтамыз, – дейді Шынболат Ермағамбетов.
Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ,
«Орал өңірі»