5.01.2024, 12:30
Оқылды: 68

«Әділдік жолы» қазақстандықтардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында «Заң үстемдігі» жобасын бастады

Бүгіннен бастап «Әділдік жолы» РҚБ еліміздің барлық өңірінде заң бұзушылықтардың алдын алып, қазақстандықтардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында «Заң үстемдігі» жобасын іске қосты.

WhatsApp Image 2024-01-05 at 11.05.15

Фото: el.kz

Жобаның негізгі мақсаты – қоғамда сыбайлас жемқорлықтың барлық көріністеріне төзбеушілік ортасын қалыптастыру және де осы процесске ел азаматтарын жаппай тарту.

Бұл жоба Мемлекет басшысы атап өткен «Адал азамат» тұжырымдамасын жүзеге асыру мен қоғамдағы Заң және құқықтық тәртіп үстемдігін қалыптастырудағы нақты қадамдардың бірі болмақ.

«Біз құқық бұзушылық жасау, пара беру немесе әлсізге қолын көтеру туралы ойдың өзін айыптайтын қоғамға айналуымыз керек.

Бұл қиын жұмыс, бірақ бұл жолды еңсеруіміз қажет.

«Әділдік жолы» командасы екі жыл бойы белсенді жұмыс істеп, қоғамда құқықтық сауаттылық бойынша олқылықтар бар екеніне көз жеткізді.

Осы уақыт аралығында adildik.kz сайты мен 1463 байланыс орталығына түскен 8 мыңға жуық азаматтың өтінішін қарастыра келе, халықтың Заң мен Ереже туралы білімдерін арттыру арқылы көп мәселелерді қылмысқа апармай шешуге болатынына сенімдіміз», - деп атап өтті «Әділдік жолы» РҚБ атқарушы директоры Дидар Смағұлов.

Атап айтқанда, «Әділдік жолы» бірлестігінің жұмысының арқасында 1206 тұлға түрлі заң бұзушылықтары үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл төлеп, 800 млн. теңгеден астам қаражат бюджетке қайтарылып, 76 қылмыстық іс қозғалған.

«Заң үстемдігі» жобасына ҚР кез келген азаматы қатыса алады. Әрбір тұрғын сыбайлас жемқорлық фактілері  (кез келген саладағы)  мен басқа да мәселелерін 1463 Call-орталығы немесе Adildik.kz сайты арқылы хабарлап, өз сауалдары бойынша құқықтық кеңестер мен көмек ала алады.

«Еліміздің болашағына бей-жай қарамайтын барлық азаматтарды сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске белсенді атсалысуға шақырамыз. Әділетті Қазақстанды бізге ешкім дайын күйде алақанымызға салып бермейді: оны өзіміз құрамыз!» – деді Дидар Смағұлов.

Әсемгүл Абсадыққызы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале