17.02.2017, 20:45
Оқылды: 41

Әділет министрі облыс активімен кездесті

Бүгін Қазақстан Республикасының Әділет Министрі Марат Бекетаевтың және облыс әкімі Алтай Көлгіновтың қатысуымен Елбасының халыққа Жолдауын насихаттау мақсатында актив жиналысы өтті.


Жиналыс барысында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың биылғы жылғы Үндеуін және «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қаблеттілік» атты Жолдауын халыққа түсіндіріп, насихаттауды мақсат еткен арнайы топтың жетекшісі Марат Бекетаев аталған тақырып турасында баяндама жасады. Бұдан соң Әділет министрі сөз арнасын Елбасының Жолдауында айтылған нақты тапсырмаларға бұрды.

- Елбасымыздың биылғы Жолдауы жаңа жаһандық жағдайда еліміздің ұзақмерзімді дамуын қамтамасыз етуге бағытталған. Ұлт жоспарының жиырма жетінші қадамында жеке сот орындаушылар инситутының дамуы мен мемлекеттік сот орындаушыларының санын кезең-кезеңімен қысқарту қарастырылған. Әділет министрлігі қызметінің негізгі бағыттарының бірі болып сот шешімдерін орындау саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру табылғандықтан, жолдауда белгіленген міндеттерді іске асыруда маңызды рөлді әділет органдары атқармақ. Президент «Экономиканы жаппай цифрландыру тұтас саланың жойылуына және мүлде жаңа саланың пайда болуына алып келеді» деп атап өтті. Сондықтан біз үрдістерді барынша автоматтандыруды тұтас енгізіп, рәсімдерді жеңілдетуіміз керек,-деді Марат Бекетаев.

Актив жиналысында сөз алған Әділет министірлігінің департаменті директорының орынбасары Марат Елемесов, Зеленов ауданындағы «Шоңайбеков» шаруа қожалығының жетекшісі Сергей Шоңайбеков, облыстық білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы Светлана Бахишева Жолдаудың басым бағыттары туралы өз ойларын жеткізді.

Алқалы жиында облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов Әділет министрі М.Бекетаевқа дағдарысқа қарсы штабтың жұмысы барысында белгілі болғандай, алимент өндіру мәселесі бойынша сот шешімдерінің орындалмайтынын, алимент төлеушілердің жұмысымыз жоқ дегендерімен 40 мың теңгенің қоғамдық жұмысына бармайтынын айтты. «40 мыңды азсынатын олардың жасырын табысы барын сот та, біз де дәлелдей алмаймыз. Сондықтан қабылданатын заңдарда оларды қоғамдық жұмысты мәжбүрлеп жасату талабы енгізіле ме? Осындай талап болса, алимент төлеуден жалтаратындардың жауапкершілігі артар еді»,- деді ол. Алимент төлеушілердің табысы жоқтығын алға тартқан министр еліміздің Бас прокуратурасының көмегімен «Алимент төлеуді жақсартудың 30 қадамы» жоспары жасақталғанын айтып, сот орындаушысының алимент өндіру мүмкін болмаған жағдайда, ондай істі ішкі істер органдарына жолдап, іс қозғау мүмкіндігін алға тартты. «Сіздің ұсынысыңызды мақұлдаймыз. Мұндай өзгерістер енгізу үшін алдымен кейбір заңдылықтарға өзгерістер енгізуіміз керек»,- деді министр.

Зейнеткер Қазихан Жаймұқанов министрге Конституцияның 26-бабына енгізілген өззгеріске байланысты түсінік беруін сұрады. «26-бап бойынша ұсыныстар көп түсті. Қазір осы ұсыныстар талқылануда. Онда Қазақстандағы мүліктің бәрі қорғалады деген. Жерді ешкім көтеріп алып кетпейді. Мемлекет кімнің мүлкі болса да қорғайды деген бағытта айтылған. Жерді сату деген мәселе жоқ, ешкім жерді шетелдікке сатпайды», - деді облыс басшысы. Министр: «26-бап жерге қатысты емес. 6-бапта жерді қорғау мәселелері реттелген», - деп түйіндеді.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале