6.09.2024, 14:45
Оқылды: 100

«АЭС – керемет мүмкіндік» – мәжіліс депутаты

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында елімізде атом электр стансасын салу мәселесіне тағы да оралып, бұған дейін айтылған республикалық референдумның нақты өтетін күнін бекітті. Алдағы 6 қазанда ел тұрғындары бір кісідей атсалысып, аталған мәселеге орай өз таңдауларын жасауға тиіс.

9DBF1C78-59ED-4FB9-A79C-D5012990E43B

Сурет: freepik.com

Атом электр стансасының әлеуеті және еліміздегі бұл бағыттың келешегі туралы айтар болсақ, еліміздің Курчатов қаласында Ұлттық ядролық орталық жұмыс істейді. Ол жерде осы саланың білікті мамандары еңбек етеді. Сондай-ақ «Қазатомөнеркәсіп» компаниясында радиоактивті материалдармен жұмыс істей алатын ядролық саланың иелері бар. Одан бөлек, Алматыда 60 жылдан бері Ядролық физика институты жұмыс істеп тұрғанын көп адам білмеуі де мүмкін. Бір ай бұрын мен сол жерге арнайы барып, жұмысымен таныстым. Оның барлық қызметі МАГАТЭ-нің тікелей бақылауымен жүргізіледі.

Институттың академиктер мен профессорлардан құралған басшылығы маған болашақ АЭС үшін жоғары білікті 400 маман дайындап беруге мүмкіндік барын жеткізді. Бұл мамандар оқу-жаттығуға арналған макетте емес, жұмыс істеп тұрған ядролық реакторларда даярланады. Тек жатақхана мәселесін шешіп беруді сұрап отыр.

Институт басшылығының сөзіне сүйенсек, біздің елімізде АЭС үшін маман дайындауға әлеуетіміз толық жеткілікті. Біз осыны халыққа жеткізуіміз керек.

Бұған уран қоры жөнінен әлемде алдыңғы қатарда екенімізді қосып қойыңыз. Сонымен бірге, елімізде ядролық отын өндіретін Үлбі зауыты жұмыс істеп, өнімдерін шығарып жатыр.

Қазіргі таңда елімізде оңтүстік аймақ электр энергиясын көп тұтынады. Ал электр стансаларының бәрі солтүстікте орналасқан. Сондықтан да атом электр стансасын оңтүстік жақтан салу жоспарланып отыр. Бұл жерде 1979 жылы Екібастұз көмірін пайдаланатын «Оңтүстік Қазақстан гидроэлектр стансасы» салынуға тиіс болатын. Таңдалған орны керемет. Теміржол келіп тұр, елдің маңызды орталықтарынан қашықта орналасқан. Егер 6 қазанда ел халқы қолдап дауыс берсе, осы жерде АЭС салынбақ.

Жалпы АЭС тақырыбының елімізде талқыланып жатқанына 30 жылға жуықтап қалды. Алғаш рет ол 1998 жылы көтерілді, сосын 2005 жылы, кейін 2011 жылы талқыланды. Бірақ әрдайым халық тарапынан қолдау таппай келді. Алайда бір жыл бұрын АЭС мәселесін Президенттің өзі көтеріп, биыл көктемде референдум өткізу қажеттігін айтты. Яғни соңғы шешімді халықтың өзіне қалдырып отыр. Менің айтарым, бұл мәселені одан әрі соза беруге болмайды. Өйткені қазір біз қолданып жүрген заттың бәрі электр тогы арқылы жұмыс істейді. Электр энегриясына деген қажеттілік жыл санап өсіп жатыр. Сондықтан АЭС – осы қажеттілікті өтейтін керемет мүмкіндік.

Біз кезінде Ақтауда 30 жылға тақау Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты жұмыс істегенін білеміз. Алайда 90-жылдары популистердің ықпалымен оны жауып тындық. Осы стансаны жаппағанда қазіргідей проблема болмас та еді. Сондықтан алда өтетін республикалық референдумда халқымыз дұрыс шешім қабылдайды деп үміттенемін.

Сергей Пономарев

Мәжіліс депутаты

Дереккөз: egemen.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале