7.09.2021, 10:45
Оқылды: 122

Аға

1991 жылдың 18-19 қазан күндері Жалпақталда үлкен толқу болғаны біраз жұрттың есінде шығар. Облыс басшысы Нәжімеден Есқалиев Орда ауданындағы республикалық шараға  қатысуы керек болғандықтан, бұл жерге аялдай алмай, вертолетпен төбемізден үш айналып өтіп, ертеңіне елдің арыз-шағымын тыңдауға қайта оралған.

жжж

Ушығудың басты себебі – Сакрыл (Ақкөл) көлінен аң аулауға сонау Саратовтан келген екі браконьер «Бұл жер енді біздікі, 60 жылға жалға алдық, жақындамаңдар!» – деп жергілікті қорықшыға оқ атып, қасындағы екі-үш жігітімен көл маңынан қумақ болған. Сол жерде шатақ шығады. Ауыл адамдары әлгілердің мылтықтарын тартып алып, өздерін де, мылтықтарын да милицияға әкеп, жағдайды баяндап тапсырып кетеді. Ертеңіне таңертең  ішкі істер бөліміне қайта келсе, браконьерлер де жоқ, мылтық та жоқ... Түк болмағандай, зым-зия... Сұраса, жауап жоқ. Ашуға булыққан жігіттер арыздарын ауыл ақсақалдарына айтқан (сол күні үш жерде садақа болып жатыр екен, біреуі Қараөзенде, екеуі Жалпақталда...).

Қарттар халықты тік көтеріп, ертесіне таңменен дүр етіп, көшеге шыққан... Толқу содан тұтанды. Халық ашулы. Бір сөз бір сөзді қозғап, жаппай наразылыққа ұласып бара жатты. Жалпақталға Ақкөл үн қосып, дүрбелең күшейе түсті. Сол жерде елге «Бұлай заңсыз шығып арандап қалмаңдар» деп басу айта бастап едік, «Заңсыз болса, заңдастыр. «Қазақ тілі» қоғамы осындайда халықпен бірге болмай, кіммен бірге болады!» – деп өзіме бас салды халық (мен ол кезде аудандық «Қазақ тілі» қоғамының жетекшісі болатынмын). Өте қиын болды. Үшінші күні бүкіл аудан активі қатысқан ашық жиын өтті.

Облыс басшылары келді. Әңгіменің ашығын айтып, халықтың  талап-тілегі пункттеп жазылған ашық хатты дауыстап оқып тұрып, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Нәжімеден Ықсанұлының қолына тапсырдым. Ел қалт жібермей бағып тұр, сыйғаны іште, сыймағаны сыртта...

«Дариға, енді сен біттің. Қудалауға түсесің...» деп қорқытты сонда бәзбіреулер желкемнен күбірлеп.

Жиналыс бітті. Шыққандар топтобымен иіріліп, тарамай тұр есіктің алдында. Маған бірі жақындамайды, «бәлесі жұғар» дегендей. Мен енді қорқыныш кіргендей, шынымен де, біртүрлі болып, екіұдай халде тұрмын. Жаңағы жиналыста аудандық партия комитетінің хатшысы босатылып, орнына Айдар Батырханов тағайындалған. Сол жаңа хатшы мен облыс басшысы шықты іштен. Қастарында тағы екі-үш адам.

Әлі көз алдымда. Үстінде қара сүрік плащ, басында қара былғары фуражка, иман жүзді хатшы жапатармағай қолдарын ала жүгірген адамдармен сабырлы амандасып, райком шарбағының шығар есігіне беттеді... Кенет, айналмалы есікке жете бере кілт тоқтап, кері бұрылды да, әріректеу тұрғаны маған қарай беттеді (елдің бәрінің бастары бірге бұрылды, әрине, ол кісі жүрген жаққа). «Біттім...» деп ойладым ішімнен, айтыстарда жүргесін  танымайтын адамдар емеспіз ғой. Қабылдап, ақыл-кеңес беріп, қолдап жүретін бәрімізді. «Ренжитін шығар, мұның не дейтін шығар. Ұят болды-ау...» деген ойлар зу-зу күйдіріп барады. Тұрмын мелшиіп.

Ол кісі тіп-тік, еңселі қалпында қасыма келді де, көзіме тік қарап, қолын берді. Болды. Үн-түнсіз бұрылды да кетті. «У-уф, түсінген екен мені де, елді де...» деп бір-ақ күрсіндім. «Е-е, енді саған ешкім тимейді» деп ақсия келіп, бірінші болып қолымды алды әлгінде ғана «құрыдың» деп қорқытып жүрген «ақылды жанашырым».

Шынымен де, солай болды. Ешкім бізге тимек түгілі, барлық мәселелер шешіліп, халық қойған талаптар біртіндеп орындалып жатты.

Арада бес ай өткенде, халық депутаттары аудандық кеңесінің төрағасы қызметі ұсынылды маған.

Қазір ойлап отырсам, Нәжімеден Ықсанұлы сол бір қиын күнде елдің психологиялық ахуалын қалтқысыз танып, күрмеулі жағдайды шешудің ең дұрыс жолын табуға тырысқан екен ғой. Мені емес, маған сенген елді сыйлап, арнайы бұрылып келіп, қол беріп амандасқан екен. Сол арқылы анау жерден қарап тұрған халыққа ықылас білдіріп, ілтипат жасағаны деп ұқтым. Маған жауапты қызмет ұсынғаны да сол «мінез көрсеткен» халықты құрметтеудің, сенімін нығайтудың бір көрінісі шығар.

Нәжімеден Ықсанұлының тектілік болмысын одан кейін де көп істерінен байқап, бағалап жүрдік.

Жайық өңірінің бір топ өнер адамдарына осы Оралдан тегін баспана беріп, қоныстандырып үлгеріп кеткенін де әлі күнге дейін кейінгіге үлгі қып айтып келеміз. Сол Оралда, сол Жайығының жағасында, елінің ортасында аман-сау отырғанына қуанамын өз басым. «Сол кісі бар ғой, ол кісі не дер екен...» десіп, қандай тұста да ес көріп, айбын тұтып отыратындарды да жиі байқаймын.

«Ерлердің ағасы бар – жағасы бар,

Алдыңда ағаң болған қандай жақсы!» (О. Ә.) дегендей, Жайықтағы жұртына  аға да, жаға да бола білген, болып та келе жатырған дархан жүректі, зор  парасат иесі туралы осы бір үзік сырды отыз жыл өткен соң шертіп берудің сәті осылай түсті.

Көп рақмет, аға!  Елжандылығыңыз үшін. Сол биіктіктен бір айнымай жарқырап келе жатқан әсем үлгіңіз үшін. Жасыңыз құтты болсын!

 

Дариға Мұштанова,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

«Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, ақын

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале