24.05.2024, 10:15
Оқылды: 68

«Ағартушылық миссияны адал атқардыңыздар». Бас ұстаз оқушылар мен мұғалімдерді құттықтады

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев оқушылар мен ұстаздарды оқу жылының аяқталғанымен құттықтап, үндеу жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

26fce817-aa75-4357-bd3d-4f8acfa0de98

- Құрметті әріптестер, ата-аналар, оқушылар! Сіздерді биылғы оқу жылының аяқталуымен шын жүректен құттықтаймын! Осы айтулы оқиғаны алғаш рет «Білімім – Отаныма» тақырыбында жаңа бірыңғай форматта атап өтеміз, - деді еліміздің бас ұстазы.

Бейсембаев, бұл – бір жылда атқарылған жұмысты қорытындылап, мұғалімдерге, мектеп ұжымына, ата-аналарыңызға алғыс айтуға болатын таптырмас себеп екенін атап өтті.

- Өйткені сіздердің еңбекпен алған білімдеріңіз Отанға деген сүйіспеншілік пен құрметтің белгісі! Бүгін сіздермен бірге еліміздегі төрт миллионға жуық оқушы келесі сыныптарға ауысады. Бір жылда сіздер есейіп, оқуда, шығармашылықта, спортта үлкен жетістіктерге жеттіңіздер. Осы оқу жылында біздің оқушылар 10 халықаралық олимпиадада 243 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 20 - алтын, 95 – күміс, 128 – қола медаль бар. Сіздердің әрқайсыларыңыз өз нәтижелеріңізбен мақтана аласыздар! Сіздерді шын жүректен құттықтаймын және мұнымен тоқтап қалмауларыңызды тілеймін, - деді Оқу-ағарту министрі оқушыларға.

Бас ұстаз атап өткендей, биылғы көктем әсіресе батыс және солтүстік өңірлердегі мұғалімдерге ауыртпашылық ала келді. 26 мыңнан астам білім беру қызметкерлері су тасқынына қарсы күресте алдыңғы қатарда болды.

- Қиындықтарға мойынсұнбай, балаларымызды оқытуды жалғастырдыңыздар, мектептерді құтқарып, мұқтаж жандарға қолдау көрсеттіңіздер және ағартушылық миссияны адал атқардыңыздар. Сіздердің ерен еңбектеріңіз бен ұстаздық кәсіпке адалдықтарыңыз үшін ең шынайы ризашылығымды білдіремін, - деп алғысын айтты Ғани Бейсембаев.

Министр мектеп бітіруші түлектерге де үндеуін жариялады.

- Құрметті түлектер! Сіздер өмірдің жаңа, жауапты кезеңіне аяқ басқалы тұрсыздар және бұл сіздер үшін ғана емес, бәріміз үшін – ата-аналар, мұғалімдер, тәлімгерлер үшін де жан тебірентер сәт. Биыл 186 мың мектеп түлегі аттестат алса, 150 мыңнан астам колледж бітіруші диплом иеленіп, толыққанды маман болады. Осы жас буын мемлекет тарапынан жасалып жатқан барлық мүмкіндікті пайдаланып, еліміздің өсіп-өркендеуіне барынша атсалысады деп сенемін! Сіздерге ақ жол тілеймін! - деді ведомство басшысы өзінің құттықтау сөзінде.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале