16.06.2022, 10:31
Оқылды: 137

Ағеден, кеңқолтық Темкең

Бұл  – марқұм Темкеңнің курстас досы, жазушы, журналист сонау 80-жылдарда «Орал өңірі» газетінде қалам сілтеген Мақсот Ізімұлының  facebook-тегі жазбасы. Оны ол Темір Құсайын зейнеткерлік жасқа толып жатқан күні жазыпты. Арада екі жыл өткенде Темірдің орны ойсырап қалатынын біз ол кезде қайдан білейік...

WhatsApp Image 2022-06-16 at 09.52.59

Бүгін мен үшін  ерекше күн: бес жыл бірге оқыған, тіпті  бір пəтерде жатып, бір қазаннан ас ішкен ақадал досым, қанаттас серігім, мұраттас əріптесім, аты-жөні республикаға танымал журналист ақ Темкем, Темір Құсайын отыз жыл табан аудармай ел газеті – «Егемен Қазақстанның»  Батыс Қазақстан (кейінгі бірер жылда Ақтөбе) облысындағы меншікті тілшісі қызметін абыройлы атқарып, зейнет демалысына шығып отыр.

Əлі есімде, осыдан отыз жыл  бұрын «Егеменнің» сол кездегі маңдайалды қызметкерлерінің бірі, абырой-беделі аспандағы Айды жасқап тұрған ақмылтық журналист Қайнар Олжайға досым Мақсат Тəж-Мұрат екеуміз қолақпандай қолқамен бардық: «Пенсияға шыққалы отырған Боранғали ағамыздың (Ырзабаев) орнына Оралдағы қат-қабат тірліктің ортасында ойқастап жүрген қаламы жүйрік, қарымы мықты журналист Темірді алуға септес... Сөзің өтеді ғой» деп. Бірер курс бізден жоғары оқыған Қайнекеңнің қас-қабағының ортасына екі-үш сызық түсіп, қапелімде Темкеңді есіне түсіре алмағанын көріп отырмыз. Бір мезгілде: – Е, сүрік шалбар киіп жүретін сері ме? –деді. Мақсат екеуміз қосыла күліп жібердік... Міне, содан бері табаны күректей отыз жыл өте шығыпты. Сол «сүрік шалбарлы серіміз» осы уақыт ішінде еліміздің батыс өңірінің тірлік-тынысын танытар материалдар жиып, мақалалар жазғанда қаламы тайпалып, қамшы салдырмады; талай əкімді «ауыстырды», айналасындағыны алаламайтын, ешкімді ешқашан қараламайтын, айтар жері келгенде ұсақтамай, «ірі  турайтын» ағе­ден, кеңқолтық Темкең бəрімен тіл табысты, жергілікті басшылармен дос-жар қарым-қатынаста болды...

Кезінде «шекісіп барып, бекіскен», жеке басыма, тіпті  тұтас тағдырыма жанашыр, ізгі пейілімен ықпал етіп, тікелей шарапаты тиген адал досым – ақ  Темкең туралы толғансам, айтар əңгіме де, ақжарма естелік те жуық арада таусылмас-ау. Соның бір парасы – Темкеңнің  үгіттеуімен облыстық «Орал өңірі»  газетіне əуелі практикадан өтуге,  кейін қызметке барғаным мен үшін өмірімдегі бетбұрысты кезең болғанын үнемі ризашылықпен айта жүремін. Сол Оралда адал жар сүйіп, отбасын құрдым, екі ұлым дүниеге келді. Ақылман ағалар (Бақтыбай Далабаев, Ғарифолла Көшенов, Мəжит Қайырғалиев, Серікқали Сəрсенов, Тихон Əліпқалиев, Қуаныш Исағалиев, Азамат, Құбаш, Дайыр т. б.)  мен дос-жарандардың (Аманкелді, Есенжол, Ғайсағали, Өтеш,  Сансызбай,  Сағын, Сырымбек т. б.) ортасында журналистиканың өзіндік ерекшелігі мол мектебінен өтіп, азды-көпті ысылғаным үшін құшағы кең, көңілі дархан Ақ Жайықтың азаматтарына, əсіресе, Темке досыма өлшеусіз қарыздар екенімді сезінемін.

Біздің курстағы «младшая группаның» серісі һəм серкесі, міне, тағы сол топ бастап, алда жүретін əдетімен бəрімізден бұрын зейнет демалысына шығып, алғашқы ардагерімізге айналып отыр. Зейнет жасының игілігін көріп, көзінің ағы мен қарасындай ұлы Қуанышжаннан өрбіген немерелерінің қызығы мен қуанышына кенеле бергей! Қашан барсақ та қонақжай, меймандос қалыбымен «Қош келіп қалыпсың!» деп, құшағын ашып тұра берсін досымыз.

«И прожитые дни, и не прожитые дни - всё праздники» демекші, құрметлұғу Темке, Темкеңді білетін барша батысқазақстандық əріптестер,  мереке құтты болсын!

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале