7.11.2025, 12:30
Оқылды: 52

АИ-92 қымбаттауы: Министрліктің "соғысы" түбегейлі шешім бе?

Қазақстанда жанармай бағасы экономиканың жалпы саулығын көрсететін негізгі индикаторлардың бірі саналады. АИ-92 бензині – тұтынушылардың ең кең қолданатын түрі. Соңғы айларда оның қымбаттауына қатысты шағымдар көбейіп, алыпсатарлық тетіктерінің күшейгені байқалды. Осыған байланысты Энергетика министрлігі бағаны негізсіз өсіретіндердің жолын кесуге бағытталған қатаң бақылау мен тексеру тетіктерін іске қосты. Бірақ бұл шара ұзақ мерзімді шешім бе, әлде уақытша ма? BAQ.KZ тілшісі анықтап көрді.

o
 Сурет: baq.kz

Үкімет мораторий жариялады

Үкіметтің тапсырмасына сәйкес қабылданған мораторийдің негізгі талабы – АИ-92 бензині мен дизель отынының бөлшек бағасын жанармай құю бекеттерінде 2025 жылғы 16 қазандағы деңгейде сақтау.

Министрлік ел бойынша бірыңғай шекті баға қоймайды. Мұндай икемді тәсіл нарықтағы бәсекелестікті сақтап, операторлар арасындағы баға айырмашылығын түсіндіреді.

Қазір ірі бекеттерде АИ-92 литрі 213-239 теңге, дизель 317-337 теңге аралығында сатылады. Бағаны ұстап тұру нарық қатысушыларымен келісілген жұмыс арқылы іске асады.

- Жағдайды тұрақтандыру үшін Энергетика министрлігі Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірге алдын алу шараларын қабылдады. Көтерме жеткізушілер мен жанармай желілері басшылары қатысқан кеңесте Үкіметтің ЖЖМ бағасын одан әрі көтермеу жөніндегі нақты ұстанымы жеткізілді, – делінген Энергетика министрлігінің хабарламасында.

БҚДА күнделікті мониторинг жүргізеді. Қажет болса, монополияға қарсы шаралар қолданылады. Қазір елдегі жанармай қоры 3-4 аптаға жетеді: АИ-92 – 341 мың тонна, дизель – 405 мың тонна. Екі мұнай өңдеу зауыты штаттық режимде жұмыс істеп тұр.

Атырау мұнай өңдеу зауыты жоспарлы жөндеуден кейін 25 қазаннан бастап кезең-кезеңімен іске қосылады. Бұл да нарықтағы теңгерімді нығайтады. Министрлік мораторийдің сақталуын қадағалап, аймақтық штабтар мен нарық қатысушыларымен жұмыс жүргізеді.

"Бұл – қысқа мерзімді реакция" 

Аналитик Ернар Серіктің пікірінше, министрліктің қатаң бақылау туралы мәлімдемесі уақытша ғана әсер етеді.

- Бензин бағасы Қазақстанда ұзақ жыл бойы жасанды түрде төмен ұсталып келді. Баға шығынды, логистиканы, импорттық паритетті көрсетпесе, тапшылық пен алыпсатарлық қайта-қайта пайда болады. Бүгін алыпсатарларды жазалау мүмкін, ертең нарықта жаңа жағдай туындаса, бәрі қайта басталады. Мәселе бағаны бақылауда емес, баға түзілу механизмінің бұрмалануында. Егер нарықтағы баға нақты шығындар мен импорттық паритетті көрсетпесе, онда тапшылық пен алыпсатарлық әрдайым қайталана береді. Бүгін алыпсатарларды жазалау мүмкін, бірақ ертең, сұраныс артқанда немесе логистика қиындағанда, бензин қайта жетіспей қалуы мүмкін, – дейді сарапшы.

Оның айтуынша, нақты шешім – бағаны біртіндеп нарықтық деңгейге шығару, ал әлеуметтік осал топтарға тікелей қолдау көрсету. Сонымен қатар мұнай өңдеу зауыттарының тиімділігін арттыру немесе жаңасын салу да кезек күттірмейді.

- Шешім тек нарықтық бағаға біртіндеп көшу деп ойлаймын, әлеуметтік осал топтарға мақсатты қолдау көрсету және МӨЗ-дің тиімділігін арттыру немесе жаңасын салу (ол оңай шаруа емес). Делдалдарға қарсы "соғыс" экономикалық заңдылықты өзгерте алмайды, – деді Ернар Серік.

"Ұңғымадан жанармай бекетіне дейін толық бақылау"  

Экономист, қаржыгер, "NAC Analytica" КҚ басқарма төрағасы Расул Рысмамбетов бағаны ұстап тұрудың орнына, баға түзілу тізбегін түгел зерттеу керек деп есептейді.

-  Ең дұрысы – мұнайдың қаншаға сатылатынынан бастап, жанармай құю бекетіне жеткенше қай жерде, қанша шығын жұмсалатынын анықтау. Көтерме нарықтағы маржаны да ашу керек. Толық картинаны түсінбей, инфляцияны тежеу қиын, – дейді экономист.

Рысмамбетовтің айтуынша, басты проблема – көтерме делдалдар. Олар шағын бизнес өкілдері емес, саяси және әкімшілік ресурсы бар ірі ойыншылар.

- Менің ойымша, ең үлкен проблема – көтерме делдалдар. Жанар-жағармай нарығында олардың маржасын да түсіну қажет. Ол жерде бәрі заңды ма? Егер шынымен жанармай бағасын бақылау арқылы инфляцияны тежегіміз келсе, делдал тізбегін түсіну өте маңызды. Бұл делдалдар – ұсақ бизнес емес. Олар – үлкен саяси және әкімшілік ресурсы бар ірі ойыншылар. Сондықтан оларды анықтау оңай емес, бірақ тырысу керек. Қазір жасанды интеллект бар, цифрландыру бар. Сол арқылы электронды шот-фактуралар арқылы ақша қайда кетіп жатқанын бақылауға болады. Осылайша, көтерме сатушылардың өз жағдайын теріс пайдаланбауын қадағалауға мүмкіндік бар, – деді ол.

Сарапшы нарыққа жаңа ойыншыларды кіргізу қажет екенін айтады. Қазір көтерме нарықты небәрі 2-3 компания ұстап отыр. Егер 10 компания кірсе, бәсеке туып, баға табиғи жолмен төмендейді.

- Нарықтық құралдарды да қолдануға болады, яғни көтерме нарыққа 10 жаңа ойыншы кірсін. Қазір Қазақстанда 2–3 ірі көтерме сатушы ғана бар. Оларға бәсеке керек. Егер нарықты ашсақ, бірден 5, 6, 10, тіпті 20 компания кіргісі келеді. Сол кезде олар шығындарын оңтайландырып, нақты бәсекелеседі. Өйткені кез келген артық пайданы тудыратын  – әкімшілік ресурс. Міне, көтерме сатушыларды дәл осы артық күштен айыру керек. Оны алып тастаса, нарық өзі реттеледі, – деп қорытындылады Рысмамбетов.

Негізгі түйін қайда жатыр?

Экономист Мақсат Халық та негізгі түйін көтерме сегментте жатқанын айтады.

- Жанармай құю бекеттері – соңғы буын. Бағаны олар емес, тасымалдаушылар мен ірі жеткізушілер келіседі. Кей аймақтарда "баға келісімі" де болуы мүмкін. Мұндай жағдайда Үкімет нақты араласуы керек. Нақты бұл сала – олигополистік сала. Бұл жерде нақты ойыншылар жоқ. Жанар-жағармай станцияларының мәселесі емес. Ол негізінен осы саладан табыс табам деген олигополиялық ірі компаниялардың өзара келісімінің нәтижесі. Содан кейін барып аймақтарда, белгілі бір жерлерде «ценовой заговор» ойнап жататыны бар. Басты жеткізушілердің, тасымалдаушылардың өздерінің спекуляциялық өзара келісімі болып жатады. Осындай жайт болса, Үкімет нақты араласуы керек. Оны Монополияға қарсы агенттік белгілеп, не үшін бағаның өсімі жасалуда, оған қандай негіз түрткі болғанын анықтауға тиіс., – дейді сарапшы.

Оның сөзінше, Антимонополия комитеті бағаның неліктен өскенін және қандай себеп түрткі болғанын ашық көрсетуге міндетті.

Сарапшылардың пайымынша, министрліктің "соғысы" қысқа мерзімде алыпсатарлықты тежейді. Бірақ баға түзу механизмі өзгермесе, нарықтағы олигополия сақталса, жанармай бағасы қайта көтерілмек.

Нақты шешімдер:

  • бағаны нарықтық деңгейге кезең-кезеңімен шығару,
  • көтерме нарықты ашу,
  • жаңа ойыншыларды кіргізу,
  • цифрлық бақылауды күшейту,
  • МӨЗ тиімділігін арттыру.

Яғни бензин бағасымен күрес – бағаны әкімшілік жолмен тоқтату емес, нарықтың өзін ретке келтіру.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале