30.05.2022, 9:15
Оқылды: 72

Айгүл Мыңбаева: «Тәуелсіздік жылдары 28 инновациялық мектеп ашылды»

Өңірімізде білім саласында жасалып жатқан жұмыстар жетерлік. Дегенмен олқы тұстары да жоқ емес. Осыған орай облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаевамен өңіріміздегі білім саласының жетістіктері мен кемшіліктері туралы аз-кем сөйлескен едік.

IMG-20220529-WA0118

Айгүл Әділгерейқызы, біраз уақытқа созылған пандемиядан кейінгі оқу үрдісі қалай өтуде? Онлайн оқу мұғалімдер мен оқушыларға нені ұқтырды, онлайннан кейін жұмыс қалай жүріп жатыр?  

– Иә, пандемияға байланысты жағдайдан соң биылғы оқу жылын оқушылар дәстүрлі сипатта бастады ғой. Өткен уақытқа талдау жасасақ, бірқатар қиындық орын алды. Себебі өткен оқу жылында кейбір сыныптар онлайн оқып, кейбір сыныптар дәстүрлі оқытылды. Оқу үрдісін  қашықтық сипатта ұйымдастыру үшін сабақтар OnlineMektep, Edupage, DarynOnline білім платформаларымен жүргізілді.

Бүгінгі күні білім басқармасының алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі – қала және ауыл мектептері арасындағы оқыту сапасының алшақтығын қысқарту, барлық балаларға сапалы білім алуда тең мүмкіндіктер беру. 2021-2022 оқу жылы  114 мыңға жуық оқушы контингенті бар 371 жалпы білім беретін, 5 жекеменшік, 3 кешкі мектеп жұмыс істеді.

Қалалық және ауылдық мектептер арасындағы білім беру сапасындағы алшақтықты қысқарту, тиімділігі жоғары қала мектептерінің нәтижелілігі әлсіз ауыл мектептеріне қамқорлығы арқылы сапаны арттыру үшін «Батыс INNOVA­TIONS» жобасы іске асырылуда. Негізгі жұмыстар білім беру үдерісін басқару, нәтижелі педагогикалық тәжірибелерді белсенді пайдалану, білім беру мазмұнының жаңа модельдерін пысықтау, педагогтерді кәсіби жетілдіру, мәдени-білім беру бастамаларын қолдау, педагогикалық ұжымдардың тұрақты уәждемесін құру бағытында жүргізілді.

Облыстық білім беруді дамыту орталығының базасында «Сенбілік мектеп» жұмыс істейді. Әр сенбі сайын педагогтерге түрлі бағыт бойынша әдістемелік көмек ұйымдастырылады. Білім беру сапасынарттыру және пән мұғалімдерінің әдістемесін жетілдіру үшін облыстық деңгейде  «Зерде», «Лингвист», «Тарихи полиглот» жобалары енгізілді. Бұл жобалар білім беру сапасын жақсартуға, оның ішінде қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білім сапасындағы алшақтықты азайтуға ықпал етеді.

«Шағын жинақты мектепте үш күн» жобасы жұмыс істеуде. Негізгі іс-шаралар «пәнге ену» арқылы шағын жинақты мектеп оқушыларының үлгерімін арттыруға бағытталған. Осылайша жергілікті атқарушы, мүдделі мемлекеттік құрылымдармен бірлесіп, шағын жинақталған мектептерді қолдау, қалалық және ауылдық мектептердегі білім алушылардың мүмкіндіктерін теңестіру және білім беру жетістіктеріндегі алшақтықты азайту жөніндегі жұмыс жалғаса бермек.

– Жалпы, кадр тапшылығы қалай шешілуде? Сол туралы айтсаңыз. 

– 2021-2022 оқу жылының аяғында облыс бойынша 388 жас маманға қажеттілік анықталды. Оның ішінде: орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі қазақ мектебінде, математика, бастауыш сынып мұғалімі және тәрбиеші орыс тілінде, ағылшын тілі, педагог-психолог, логопед, дефектолог мамандықтары басымдыққа ие. Қажеттілік жас мамандарды қабылдау  арқылы жабылды. 2021 жылы жергілікті бюд­жет қаражаты есебінен М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетін 70 түлек тәмамдап, мектептерге орналастырылды. Биыл жергілікті бюджет қаражаты есебінен аталған университетке 30 түлек педагог мамандығы бойынша оқуға түсті.

– Тәуелсіздік алғалы білім саласындағы нәтижелі болған сәтті өзгерістерді атап өтсеңіз...  

– Тәуелсіздік жылдарында облысымыздың мектепке дейінгі және орта білім саласының мазмұны мен қамту көрсеткіші өзгеріп, мектепке дейінгі ұйымдар саны 521-ге жетті (107-сі жеке мектепке дейінгі ұйым). Оның 20-сы жаңа құрылыс есебінен, бұрынғы мектепке дейінгі ұйым ғимараттарын қайтару және басқа ғимараттарды пайдалану арқылы 69, мектептердегі бос орындарды пайдалану есебінен 60 «мектеп-балабақша» кешені, 205 шағын орталық жұмыс істейді. Тәуелсіздік  жылдары 1-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту көрсеткіші 18,1%-дан 80%-ға, 2-6 жасқа дейінгі балаларды қамту 85,7%, 3-6 жасқа дейінгі балаларды қамту 100% көтеріліп, республика бойынша жоғары көрсеткіштердің біріне ие болды. 379 жалпы білім беру ұйымының 249-ы (65,7%) қазақ тілінде, 106-сы (28%) аралас тілде білім беруде. Мектептерде Назарбаев зияткерлік мектебінің тәжірибесі негізінде білім берудің жаңа бағдарламасы енгізіліп, білім алушылар жаңартылған білім беру мазмұнына көшті. Барлық білім беру ұйымдары отандық баспалармен басып шығарылған төл оқулықтармен, оқу-әдістемелік кешендермен  білім  алуда.

Тәуелсіздік жылдары 28 инновациялық мектеп ашылды. Атап айтар болсақ, дарынды балаларға  арналған мамандандырылған мектептер, «Білім–инновация» лицейі және Назарбаев зияткерлік мектебі, сонымен қатар білім басқармасының «Дарын» қосымша білім беру орталығы жұмыс жасайды.

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында информатиканы тереңдетіп оқытатын және мектеп партасынан жаңа буын IT-мамандарын сапалы дайындайтын Орал қаласында облыстық  IT-лицей,  «AMANAT» партиясының бастамасымен облыстың 29 мектебінде IT-сыныптар ашылды. Білім беру ұйымдары 100 пайыз кең жолақты интернетпен қамтылды. «100 нақты қадам» ұлт жоспарының аясында 172 мектепте жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер ағылшын тілінде жүргізілуде. Сондай-ақ жаңа инновацияларды енгізу мақсатында 159 мектеп роботехника кабинетімен, 17 мектеп STEM лабораторияларымен жабдықталды.

Облыс аумағында шағын жинақты мектеп оқушыларын сапалы біліммен қамту  мақсатында 19 тірек мектеп-ресурстық орталық, екі колледж ашылды.  ҚР Тәуелсіздік жылдарында өңірімізде қосымша білім беру жүйесі сақталып, жұмысын жалғастыруда. 1991 жылмен салыстырғанда  желісі 25-тен 50 бірлікке дейін көбейді.

Өңіріміздің балалар мен жасөспірімдер туризмін ұйымдастыру республиканың басқа өңірлерінің ішіндегі ең ірісі және олардың ішіндегі ең үздігі деп танылды. Ол қалалық және 12 аудандық орталықтар мен стансаларды қамтиды. Облыстық экологиялық-биологиялық орталық жанынан 2002 жылы Батыс Қазақстан өңіріндегі жалғыз балалар хайуанаттар бағы құрылды. Оның жануарлар коллекциясына жергілікті және экзотикалық фаунаның 450-ден астам дарағы­ның 90 түрі кіреді.

– ҚР Білім және ғылым министрі мектепке дейінгі ұйымдарға оқыту мен білім берудің жаңа моделін дайындау қажеттігі туралы айтқан еді. Осы сала бойынша өңірімізде қандай жұмыстар атқарылуда?

– Мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту саласын одан әрі дамыту мақсатында балаларды танымдық-интеллектуалдық дамыту, ком­пьютерлік сауаттылығын арттыру, экологиялық тәрбие, музейлік педагогика арқылы патриоттық тәрбие беру, М. Монтессори технологиясы, Қадыр Мырза Әлі шығармалары бала тәрбиесінде, ақпараттық технологиялар арқылы балалардың интеллектуалдық ой-өрісін дамыту бағыттары бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ инновациялық қызмет, тәжірибелік-сынамалық жұмыстарына әдістемелік қолдау көрсету және озат педагогикалық тәжірибені тарату мақсатында «Бәрін білгім келеді» интеллектуалдық дамыту зертханасының эксперименттік алаңдары  60 мектепке дейінгі ұйымда ашылып, жұмыстар оң  нәтижесін  беруде.

– Заманауи технологиялық әдіс-тәсілдерді білім беруде тиімді пайдалану – бүгінгі күннің басты талабы. Осы тұрғыда өңір мектептерінің материалдық-техникалық базасы талапқа сай келе ме?

– 2020-2021 жылдары ҚР Үкіметінің резервінен 14 970 компью­терлік құрылғыны (компьютерлер – 1 558, ноутбуктер – 11 394, планшеттер – 2018) сатып алуға 2 318,0 млн теңге сомасында қаражат бөлінді. Сонымен қатар жан басына шаққандағы қаржыландыру мен жергілікті бюджет есебінен 742,0 млн теңгеге 4449 бірлік компьютерлік құрылғы алынды.

2020 жылы облыстық бюджеттен 188 511,0 млн теңгеге 20 автокөлік (3 «УАЗ», 17 «ГАЗель») сатып алынды. «AMANAT» партиясының «Өзгерістер жолы: баршаға лайықты өмір» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасын сапалы жүзеге асыру мақсатында 2025 жылға дейін шағын қалалар, аудан орталықтары мен ауылдардағы 5 000 мектепті жаңғырту аясында 2021 жылы мектеп жиһаздарын алуға жергілікті бюджеттен 50,0 млн теңге қаражат бөлінді.

2021 жылы жан басына шаққандағы қаржыландыру аясында Орал қаласы мен Бөрлі ауданындағы Ақсай қаласының мектептерін материалдық-техникалық жарақтандыру үшін пәндік кабинеттер, көліктер, компьютерлік техника, жиһаз және басқа да керекті жабдықтарды алуға 1014,0 млн теңге (Бөрлі ауданының Ақсай қаласы – 100,0 млн теңге, Орал қаласы – 914 млн теңге) қаражат бөлінді.

Орал қаласы мен Бөрлі ауданындағы Ақсай қаласының мектептерін жабдықтау үшін жан басына шаққандағы қаржыландыру аясында 392,065 млн теңгеге бөлінген қаражатқа 69 кабинет сатып алынды (биология - 24, физика - 28, химия - 13, STEM - 4).

– Мектептерді басқару мен дамытудың жаңа менеджменттік жобасы жолға қойылған ба? Кей мектептерді он жылдан астам уақыт басқарып келе жатқан мектеп директорлары бар. Кейбірі мектепті өз патшалығындай көреді екен. Жалпы, мектеп директорларын ротациялау қашан жүргізіледі?

– ҚР Білім және ғылым министрінің  «Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялауды жүргізу қағидаларын бекіту туралы» бұйрығы шықты. Қазіргі таңда ротациялауға жататын білім беру ұйымдары басшыларының базасы жасақталуда. Бұйрыққа сәйкес ротациялауға бір елді мекенде орналасқан және лауазымы шегіндегі білім беру ұйымдарының басшылары жатады. Білім беру ұйымының басшысы ла­уазымында 4 жылдан астам қызмет атқарған басшыларға қатысты комиссия шешім қабылдайды. Комиссия ротациялау туралы шешім  қабылдайды немесе бірінші басшы еңбек шарты негізінде жұмысын жалғастыра береді. Бірінші басшының бір мекемеде жұмыс атқару уақыты 7 жылдан аспауы тиіс. Жеті жылдан астам лауазымды атқарған бірінші басшылар ротациялауға жатады.

– Айгүл Әділгерейқызы,  қазіргідей гаджеттердің дамыған заманында бала еңбекке ерте араласпайтын болды. Баланы жастайынан еңбекке араластыру, сыныпта кезекші болып, шаң сүрткізіп, еден жуу секілді жұмыстарға тартуға сіздің көзқарасыңыз қандай?

– Еңбекке баулу – мектептегі оқутәрбие жұмысының  маңызды бөлігі. Тәрбие тұжырымдамасында көрсетілгендей, оқушыларды еңбекке тәрбиелеу  қолөнер көрмесі, мектеп маңайын және ауылын көгалдандыру мен абаттандыру, шеберлер турнирі, игі істер апталығы, көңілді шеберлер қаласы, қамқорлық көрсету аймағы, еңбек десанты және тағы сол сияқты іс-шараларды ұйымдастыру арқылы жүзеге асырылады. Баланы ерте жастан еңбекке араластыру отбасынан бастау алуы  тиіс. Өз төсегін жинау, үй тазалау, ата-анаға көмектесу сияқты күнделікті еңбекке араласқан бала сыныпта да ұқыпты, таза жүруге тырысады. Мектептерде балалардың бастамасымен, ата-аналардың келісімдерімен сыныпта кезекшіліктер қоюға болады. Ал еден жууға арнайы техникалық қызметкерлер бар. Сондықтан да оқушыларға еден жуғызу қазіргі күн тәртібінде  тұрған  мәселе  деп  ойламаймын.

– Қазіргі балалардың тәртібі көңілге қонбайды. Көшеде, қоғамдық көлікте агрессивті оқушыларды жиі кездестіретін болдық. Мектеп ауласында бір-бірін боқтап, алысып жатқан ұл-қыздарды жиі көреміз. Ата-ана жұмысбасты. Мектептерде тәрбие сағаттары да бұрынғыдай жиі өтпейтін секілді. Сіз не дейсіз?

– Ақпараттардың тасқыны, ұялы телефонның ішіндегі «шексіз өмір» бала психологиясына қатты әсер етуде. Балалардың тым қатты агрессивті болуына ғаламтордағы пайдасыз ақпараттарды көп қарауы  кесірін тигізетінін мойындауымыз керек. Сынып жетекшілер балалармен бірге апта сайын сынып сағаттарын  өткізеді. Алайда балалармен күнде әңгімелесу, сырласу, ой бөлісу қажет екенін қазіргі уақыт көрсетіп отыр. Ата-аналар жұмысбасты болғанымен, күн сайын жұмыстан кейін сәл уақыт бөліп, баланың ой-пікірін біліп отырса, көп мәселенің алдын алуға болады деп ойлаймын.

– Мемлекет басшысы балалар арасында белең алып тұрған суицид мәселесіне алаңдайтынын жасырмады. Осы мәселе бойынша өңірде жағдай тұрақты ма?

– Білім беру мекемелерінде кәмелетке толмағандар арасында суицидтің алдын алу жұмыстары облыстық баланың құқықтарын қорғауды күшейту, тұрмыстық зор­лық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл және жасөспірімдер арасында суицидтің көбеюі мәселелерін шешу жөніндегі 2020-2023 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары аясында  жүргізілуде.

Полиция департаментімен салыстыру–тексеру актісі негізінде кәмелетке толмағандар арасында суицид деректері бойынша келесі жағдай тіркеліп отыр: 2021 жылдың 11 айында 7 аяқталған, 6 ұмтылу орын алды (2020 жылы 11 айда 7 аяқталған, 5 ұмтылу орын алды).

Білім мекемелерінде оқушылардың, ата-аналардың, ұстаздардың бойында позитивтік өмірлік ұстанымды қалыптастыру, психикалық саулығын сақтау және нығайтуға жағдай жасау мақсатында психологиялық денсаулықтың маңыздылығы туралы онкүндіктер, семинарлар өткізіледі. Әлеуметтік-психологиялық қызметті жетілдіру мақсатында психологтарға арналған семинарлар ұйымдастырылып жүр. Сонымен қатар оқушылардың бос уақытын қамтамасыз ету мақсатында қосымша білім беру ұйымдары, мектеп жанындағы түрлі өнер, көркемсурет, техникалық бағыттағы үйірмелер мен спорттық секциялар  жұмыс  атқарады.

Уәкілетті құрылымдардың кәмелетке толмағандар арасындағы суицидтің алдын алу мәселелері бойынша ведомствоаралық өзара іс-қимылы аясында бұл мәселе Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі аумақтық, облыстық комиссиялар отырыстарында, жиналыстарда, дөңгелек үстелдерде қаралады.

– Өткен оқу жылының аяғында Подстепный ауылындағы мектепте болған оқушылар арасындағы төбелес туралы материал жаздық. Дегенмен ол жанжал ушығып кеткен секілді. Әлеуметтік желіде айтыс әлі жалғасуда. Нүкте қашан қойылады?

– Подстепный ауылындағы мектепте болған оқушылар арасындағы төбелес бойынша білім басқармасынан арнайы топ құрылып, «Құндылықтарға негізделген мектеп» БИЛ іс-тәжірибесі бойынша әдістемелік көмек көрсетілді. Аудандық білім беру бөлімінің басшысымен, мектеп директорымен және мектеп директоры орынбасарларының қатысуымен кездесу ұйымдастырылды. Аудан әкімдігі жанынан кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысы өткізіліп, Теректі ауданындағы Подстепный №1 ЖОББМ оқушылары арасында болған кикілжің бойынша іс қаралды. Сонымен қатар ҚР Еңбек кодексіне сәйкес Теректі ауданындағы Подстепный №1 ЖОББМ директорына, директорының оқу ісі жөніндегі орынбасарына, дирек­тордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларына ескерту түрінде тәртіптік шара алынып, желтоқсан айында мектеп директоры өз лауазымынан  босатылды.

– Ендігі кезекте ата-аналар мен мұғалімдерден келген соңғы төрт сұрақты назарыңызға ұсынғым келеді. «Н» мен «Ң» әріпін айы­ра алмайтын, тілін тістелеп сөйлейтін мұғалімдер қазақ тілінен сабақ беру барысында оқушыларға диктантты қалай жаздырады? 

– Басқармаға бұл мәселе бойынша сұрақ түскен жоқ. Болған жағдайда мән-жайды анықтау үшін комиссия құрылып, зерделенеді.

– Бұрын мұғалімдер өзін-өзі дамытумен (самобразование) айналысатын еді. Қазіргі мұғалімдер де өзін дамыту үшін дәптер арнап, қандай кітап оқығанын жазып жүре ме екен?

– «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында мұғалімдер әдеби кітаптарды ұжыммен, сыныбымен бірге оқиды. Мұғалімдер мектеп кітапханаларынан өз білімін жетілдіру мақсатында қосымша әдебиеттерді пайдаланады. Оқыған кітаптары бойынша қысқаша жазбаларын арнайы  дәптерге жазып отырады.

– Бастауыш сыныпта оқитын ұл-қызын ата-ана қосымша сабақтарға ақы төлеп, оқытуға міндетті ме? 25 балаға бағдарламаны меңгерте алмаса, неге мұғалім болады? Ақылы орталықта да сабақ үйрететін сол мектептегі апайы. Бұл қалай болғаны?

– Бастауыш сынып оқушысын қосымша сабақтарға ақылы оқыту немесе оқу орталығына бүлдіршінді ақылы білім алу үшін беру ата-аналардың өз құзырында.

– Мерекелерде көптеген қызметкер сыйақы алып жатады. Мұғалімдерге жылына бір рет айтулы мерекелерде сыйақы қарастырылмаған ба?

– ҚР  Үкіметінің 2001 жылдың 29 тамызындағы «Мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен Қазақстан Республикасы құрылымдарының қызметкерлеріне сыйлық беру, материалдық көмек көрсету және лауазымдық жалақыларына үстемақылар белгілеу ережесін бекіту туралы» қаулысына сәйкес мұғалімдерге сыйақы беру бір жылда үнемделген қаражат есебінен жүзеге асырылады.

 – Әңгімеңізге рақмет!

Гүлжамал Жолдығали, 

zhaikpress.kz 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале