Бүгін филармонияның камералық залында ҚР халық артисі, профессор Айгүл Үлкенбаева оралдық Құрманғазы атындағы музыкалық колледж бен Дина Нұрпейісова атындағы балалар саз мектебінің, аудандардағы музыкалық мектептердің ұстаздары мен шәкірттеріне шеберлік сағатын өткізді.
Шеберлік сағатында Айгүл Нариманқызы бүгінгі ұрпақтың жаттанды күйлерге еті үйреніп бара жатқандығын, тыңдарман қауымға ұсынатын күйлерді асқан шеберлікпен, үлкен ізденіспен таңдау керектігін, домбыра қағысындағы ескеретін жайттар, саусақ пен домбыраның өзара үндесуі сияқты көптеген мәселелер жайында әңгіме өрбітті.
Айгүл Нариманқызы өзінің сахнадағы тәжірибесімен бөлісе отырып, сөз арасында «Өзіме керек шығарманы саусақтарым тауып береді. Сол секілді әрбір домбыра ұстаған күйшінің саусақтары оның серігі, оның керемет шығарма орындаудағы қаруы дер едім» деп тілге тиек етті.
Одан бөлек, сахнада оқушыларға практикалық тұрғыдан кішігірім түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, кемшіл тұстарымен жұмыстануды тапсырды.
Шеберлік сағаты әрі қарай «MODEL 2.1.5. ON SAUSAQ» атты ҚР халық артисі, профессор Айгүл Үлкенбаева мен және «ДАРЫН» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, PhD, доцент, «HASSAK» этно-фольклорлық ансамблінің жетекшісі Ержан Жаменкеев шәкірттерінің класс концертіне ұласты.
Айжан Бауыржанқызы,
ҚР Журналистер одағының мүшесі