31.01.2023, 11:00
Оқылды: 252

«Айнамкөз» – Құралайға арналған ән»

Осыдан бірер ай бұрын ҚР Мәдениет қайраткері, облыстық «Мұхит» қоғамдық қорының директоры Сағадат Рахметжанов зейнет жасына толды. Осыған орай тек өнерімен танылып қоймай, қоғамдық өмірге де белсене араласып жүрген азаматты әңгімеге тартқан едік.  

IMG-20230131-WA0003

– Сағадат аға, біз сізді Мұхит, Ғарифолла ағаларымыздың ізін жалғап, әндерін насихаттаушы, өнер жанашыры ретінде танимыз. Біраз жылдан бері «Мұхит» қоғамдық қорын құрып, Мұхит бабамыздың өнер мұрасын зерттеп жүр-сіз. Қор құрылғалы қандай жұмыстар атқарылды? Жүзеге аспай қалған жобаларыңыз бар ма? 

– 2001 жылы Мұхит Мерәліұлының 160 жылдығына орай өткен республикалық  байқаудың бас жүлдесін иелен-дім. Мұхит мектебін жалғастырушы – Қазақстанның халық артисі Ғарифолла Құрманғалиев. Екеуі де өзіміздің Батыс Қазақстанның ән мектебінің негізін қалаған жандар. Үш жүзден ән оздырған Мұхит бабамыздың есімі өшпесін деп Шолпан Қыдырниязова апамызбен ақылдасып, Мұхит Мерәлі атындағы  қор құрдық.  Содан бері біраз іс атқарылды. Бес жылдан кейін Мұхит бабамыздың басына сәулетті кесене тұрғыздық. Ономастика бөліміне хат жазып, Орал қаласында Мұхит көшесінің болуына атсалыстық. Ғарифолла Құрманғалиев атындағы көшенің берілуіне, одан бөлек жақында Қаратөбе ауданындағы мәдениет үйіне Ғарекеңнің атын беруге атсалыстық. Содан бері облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен республикалық деңгейде Мұхит әндері байқауын өткізіп, бабамыздың әндерінің кеңінен таралуына үлес қосып жүрміз. Әр аудандағы музыка мектептерінің жанынан Мұхит сыныбы ашылды. 2021 жылы Мұхит бабамыздың 180 жылдығына орай «Мұхит жүрген жерлермен жүріп өтсек қалай болар екен?» деп ойлағанбыз. Мүмкін, ол жерлерде көнекөз қариялар бар шығар,  музейлерінде тарихи деректер бар болар, соның бәрін қағазға түсіріп, Қояндыға дейін барып, жинақ  әлде кітап шығарсақ деп ойладық.  Жылма-жыл ән байқауын өткізе бергеннен гөрі, Мұхит ізімен жүріп, тарихи деректер жинағымыз келді. Ойымызды сол кездегі облыс басшылығына айтқанда, ол кісі қолдағандай болған. Тағы бір мәселе облыс орталығына «Мұхит ескерткішін орнатсақ» деген ой маза бермейді.  Мұхит – ұлы тұлға, оған кеудемүсін емес, сәулетті ескерткіш тұрғызуымыз керек. Алматыдағы жерлесіміз, белгілі киноактер Еділ Рамазанов Мұхит туралы көркем фильм-нің сценарийін сметасымен алып келді. Өзім қарап шықтым. Ол негізі сценарийді бізбен кеңесіп жазды. Бұрыннан зерттеп жүргендіктен, Мұхит туралы көп нәрсе білемін. Кино түсіруге 300 миллион теңгедей қаражат керек. Өзіміздің Аққұмда, жергілікті актерлермен түсірсек деп ойлап едік. Әзірге бұл да  белгісіз...  Бәрі қаражатқа келіп тіреледі ғой. Біржан сал мен Ақан серіні кейінгі ұрпақ кино арқылы таниды. Ал Мұхитты кейінгі ұрпаққа әлі дұрыс таныта алмай жүрміз.

– Үш жүзден ән оздырған Мұхит бабамыз халыққа қалай танылған? Бұл жөнінде не айтасыз?

– Мұхит (Мұхаметкерей) Мерәліұлы Қаратөбе ауданындағы Жақсыбай өзенінің бойындағы Ақбақай деген жерде 1841 жылы ауқатты жанұяда туған. Кешегі кезеңдерде әншілер жүйрік аттар бәйгесінде, үлкен астарда, үлкен жәрмеңкелерде танылған ел-жұртқа. Мына біздің орта Азияға белгілі Ойылда  Көкжар деген жәрмеңке болған. Осы жәрмеңкеге еліміздің бүкіл әнші-жыршысы жиналып, түгел қатысқан. Сол өнерпаздардың ішінде базарды ашатын айғайшы болады екен.  Сол айғайшы Мұхит болыпты.  Ол келмей, жәрмеңке ашылмаған. Мұхиттың  «Ән салдым, Көкжар қала базарында» деп басталатын Көкжар деген әні бар.  Оның қасында   Адайдың жеті қайқысы, Жайық бойының әншілері бірге жүрген. Олар Мұхитты ұстаз тұтқан.  1905 жылы Түркістанда өткен қазақтардың құрылтайына Орал уезінен екі адам шақырылады.  Соның бірі Мұхит Мерәліұлы болған. Ол – Орта  Азияны түгел аралап, әнді төгіп айтатын батыс мектебі-нің негізін қалаған мықты әнші. Батыс өңірінде кәсіби деңгейде ән мектебін қалыптастырып, өз заманының сауатты музыканты болды. Ол бірнеше аспаптың құлағында ойнаған. Ақтөбе өңірін аралап жүріп, Қобда деген жерде Құралай есімді қызға «Айнамкөз» әнін шығарады. Қарқаралы, Қоянды жәрмеңкелерінде ол Біржан сал, Ақан серілермен кездесіп, әңгіме-дүкен құрған. Белгілі музыка зерттеушісі Затаевичтің өзі «Мұхит – қазақтың  баяны» деп баға берген.

– Жаңа бір сөзіңізде «Мұхит ән арнаған Зәуреш қазақтың мықты қыздарының бірі болған. Өкінішке орай, бұл тақырып әлі зерттелмей жатыр» деп қалдыңыз. Осы әннің шығу тарихына тоқталып өтсеңіз...

– Зәуреш Медетқызы – Бөкей  ордасы ауданының тумасы. Әбілқайыр ханның тұқымы.  Петерборда оқу бітірген. Жеті-сегіз тіл білген, өте сауатты қыз болған.  Әкесі Медет сотталып, итжеккенге айдалайын деп тұрғанда ақ патшаға кіріп, өзінің өткірлігімен, білімділігімен әкесін қорғап, аман-есен алып қалған дейді. Отыз ұлдан қалған жалғыз Зәуреш деп те айтады. Сол Зәуреш ырғыздық Айтмұқамбет Сердалинге ұзатылады. Төрт-бес жылдан кейін әкесі  Медетке «Қызыңыз қайтыс болды» деген хабар келеді. Содан Ақбақайдағы Мұхитқа хабар жетіп, Қобда бойында кездесіп барады. Ырғызға дейін үш күндік жер. Жол бойы Мұхит Зәурешті жоқтап, әкесі Медеттің атынан 72 шумақ өлең шығарады. Обадан опат болған отыз ұлдан соңғы жалғыз қызы, әкенің бар үміті, бар жұбанышы  болған Зәурешті жоқтаған өлең елге тарайды. Бұл – негізінен, жоқтап айтатын, эмоциялық бояуы күшті  зарлы ән. Бірақ заманның үрдісіне орай Ғарекеңнің орындауында шамалы ойнақыланып тараған халыққа.   Қазір тек үш-төрт шумағы ғана айтылып жүр.

–  Сіз – Ғарифолла Құрманғалиевтің шәкірттерінің бірісіз. Ән дүлділімен алғашқы кездесуіңіз есіңізде ме?  

 

– 1978 жылы Ғарекең елге келгенде алдынан шығып ән айттым. Ол кезде 18-дегі жігітпін.  Ауылда қара жұмыс жасап жүрген, қарапайым еңбек адамымын. Өзімше жиын-тойларда ән салып, ауылдың әншісі атанып жүрген кезім. Біреулердің көзіне түсіп, сол кездесуге, мені шақыртса керек. Ғарекең сол кезде-ақ маған: «Балам, дауысың жақсы екен. Менің класым бар. Алматыға кел» деді. Өзімнің де күтіп жүргенім сол еді ғой. Бірақ сол жылы күзде әскерге кететін болып, бара алмадым.  1981 жылы Мұхиттың 140 жылдығына арналған байқау болды. Сол байқауда Қаламқас Орашева, Жақсылық Сәрсенғалиевтермен бірге қатысып, екінші орын алдым. Мені аудан орталығына, мәдениет бөліміне жұмысқа шақырды. 1983 жылы Алматыға Ғарекеңді іздеп бардым. Ол кісі үлкейіңкіреп қалған екен. Бірақ өзіме керек дүниені алдым. Мұхиттың әндерін халыққа жеткізуде Ғарекеңнің еңбегі ұшан-теңіз. «Қара қаншық» әнін орындаймын деп, абақтыға қамалған кездері де болған. Оны сол кездегі Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің  депутаты, күміс көмей әнші Күләш Байсейітова босатып алған. Ғарифолла Құрманғалиев 1934 жылы Алматыға слетке қатысуға келеді. Сол жерде өнерімен танылған ол бірден опера театрына қабылданады. Ол туралы Қанабек Байсейітовтың «Құштар көңіл» кітабында керемет жазылған. «Батыстан Ғарифолла Құрманғалиев деген сұмдық әнші келді. Сол келгелі операмыздың деңгейі жоғары көтерілді. Ол операға Мұхиттың жоғары дауыста айтылатын ғажап әндерін қосты» деп жазылған кітапта. Шынымен, Мұхиттың әндері – тұнып тұрған классика! Сол кездегі саясатқа байланысты Мұхиттың кейбір әндері  халық әні болып айтылып жүр. Алдағы байқауларға Мұхит әндерін опералық орындауда қоспақ ниеттеміз. Қазіргі күнде белгілі әнші Айбар Қайырханов Мұхиттың екі-үш әнін опералық бағытта орындап жүр.

– Сағадат аға, енді өзіңіздің шығармашылығыңызға оралсақ. Қазір немен шұғылданып жүрсіз? Қандай жоспарларыңыз бар?

– Алдағы айларда концерт беремін  бе деп ойланып жүр-мін. Шыны керек, қазір той-думан, сайқымазақтан шыға алмай қалдық. Ұлттық өнерге көңіл бөліну керек. Байқағаным, халықтың өзі төл өнерімізді жақсы бағалайды. Біз аудандарға шығып, әр әннің тарихына тоқталып, концерт бердік. Концерттен соң үлкен-кіші көрерменнің көбі келіп, алғыс айтып, ризашылығын білдірді. Соның өзіне көңіліміз өсіп, қуанып қалдық. Жасыратыны жоқ, үлкен концерттерде дәстүрлі ән айтатын әншілер  топпен шығып, бір шумақтан қайырамыз. Осының өзі дәстүрлі әнге деген қиянат секілді. Қазір  шығармашылығыма қоса, алаша руын зерттеп жүрмін.  Батыр, билер көп шыққан ру. Алашалар Ресейде көп екен. Осы рудың шежіресін жазып, 365 беттен тұратын энциклопедия жинақтадық.  Алдағы жоспар – шығармашылығыма  көңіл бөлу. Соңғы жылдары жеке басымдағы қиындықтарға байланысты көп жоспарым іске аспай қалды. Осы сәтте қолдау көрсеткен өңіріміздің мәдениет басқармасының басшылығына, сол салада жүрген азаматтарға ризашылығымды білдіргім келеді. Алдағы уақытта  Мұхит пен Ғарекеңнің туған жері Қаратөбеден Мұхит мектебін ашқым келеді. «Қаратөбеге барсаң, әншімін деме» дейтін киелі өңірде ән айтатын адам аз қалыпты. Осы олқылықтардың орнын толтырсам деймін.

– Әңгімеңізге рақмет! Жоспарларыңыз орындалсын! 

Сұхбаттасқан Гүлжамал Жолдығали,

 zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале