Кешегі өткен қаңтар қасіреті бүгінде жастарды да, қарияларды да қатты толғандыруда. Менің әкем мен атам 1928 жылы колхозға колхозшы болып кірген екен. Ол кезде тұрғындар қолдан зорлап ұйымдастырылған ұжымшарды түсінбеді, болашағына сенбеді. Атам - қолы шебер, арба, шана жасайтын бесаспап, он саусағынан өнер тамған адам болатын. Жеке тұрғындарға арба, шана, шкаф, үстел, жастықағаш, кебежелер жасап беретін. Мен жас болсам да, көрдім, қасында құрал-саймандарын алып беріп көмектесетінмін. Сол атамды байдың баласы деп сыртынан шағым түсіріп, түрмеге жауып тастапты. Бір айдай түрмеде жатқан оны аудан басшылары, «Ол байдың баласы емес, өз қолының шеберлігінің арқасында күн көруде» деп ақтап шығыпты. Сонда еңбегіне беретін, қой, ешкі, қозы, лақтан жиналған табысы ғана. Сол атам төрт інісі және келіндерімен колхоздың малын бақты, келіндері сауын фермасында сауыншы болып еңбек етті. Мұны мен неге айтып отырмын, сол кез бен қазіргі заман басқа, арасы жер мен көктей.
Фотосурет: Stan.kz
Кешегі қаңтар қасіреті, бүкіл республиканы дүр сілкіндірген қайғылы оқиға неден басталды? Менің жеке пікірім бойынша, бәрі қымбатшылықтан басталды. Алдымен бензин, газ қымбаттады. Одан бұрын да азық-түлік ұн, шемекі майы, қант, картоп, пияз, қырыққабат, басқа да халыққа күнделікті керек тауарлардың бағасы шарықтап кетті. Біз ауылда тұрған соң білеміз. Дүкенге бара қалсаң, баға ай сайын өзгереді. Коммуналдық қызметтер де өсе береді. Бұған халық қалай шыдасын. Әрі көгілдір отын, электр жарығы да қымбат.
Бөрлі ауданы – Қарашығанақ кен орны орналасқан жері бай, жайылымы құнарлы, шабындығы мол, еккенінің барлығы шығатын өлке. Осындай мүмкіндікті біздің әкімдер, кәсіпкерлер пайдалана алмай отыр. Бір кезде ауданда 200-250 мың гектар егін егілетін еді, бүгінде ол 50 мың гектарға жетпейді. Ал бұрынғы бөгеттер ескірген, көпшілігі жұмыс жасамайды. Жайық, Елек, Шыңғырлау, Қараоба, Аңқаты өзендері мен Бумакөл, Қарасу, басқа да кішігірім көлдердің суы не егін егуге, не болмаса бақша дақылдарын отырғызуға пайдаланылады. Президент те, Үкімет те әр аумақ өзіне қажетті азық-түлік қорын жасау керек деп айтып келеді, бірақ баяғы жартас, сол жартас. Қуаңшылық, өзен-көлдердің суы азайып, кеуіп барады деген сылтауларды айтудан жаңылмайды. Ол су көздерінің арналарын ашу, бұлақ көздерін тазалау жұмыстарын кім жасайды?
Қымбатшылыққа қайта оралсақ, біздің Бөрлі ауданы дүкендеріндегі бір нанның бағасы 160 теңге, бір келі картоп 250-300 теңге, пияз, сәбіз, қырыққабаттар да, ет те қымбаттап барады. Біздер, ауданның белгілі азаматтары, ақсақалдары жиналыстарда ауданда сауын сиырлар фермасы, ірі қараны бордақылау кешені ашылсын деп айтқан едік, бұл ұсыныс та созылып кетті. Бақша дақылдарын егетін жылыжай салу жөнінде көпшілік пікірі де орындалмай тұр. Тағы бір менің ұсынысым ауданда әлеуметтік азық-түлік дүкені ашылса, халыққа жақсы болар еді. Кәсіпкерлер ме, сатушылар ма дүкенге түскен бағаға қосып жазып, өз пайдаларын іздейді, халықты аяу жоқ. Ауданда ірілі-ұсақты азық-түлік сататын дүкен де, базар да аз емес, оларды аудан, ауыл әкімдері күнде аралап, ақ-қарасын ашып, бағаны есепсіз өсірмесін деп күн сайын бақылайды деп айта алмаймын.
Қысқартып айтқанда, қаңтар оқиғасы аяқталғанына да екі айдай болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кеше ғана Қазақстан ұлттық арнасында берген сұхбатында: «Әрине, бастапқыда бейбіт шерулер болды. Еліміздің әр аумағында азаматтар алаңға жиналып, өз талаптарын айтты. Бірақ жағдай кейін басқа арнаға бұрылып кетті. Арандатушылар мен қарақшылар пайда болды. Олардың шынайы мақсаты - бейбіт митингіге қатысу емес, билікке шабуыл жасау болды» деп шындығын айтты.
Мен, қарт журналист жақсыны да, қиындықты да бастан кешірген колхозшының баласы болған соң, елге, жерге, ұрпағымызға жаным ашиды. Үкімет ауысты, Премьер-министр де ауыстырылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев экономикада да, әлеуметтік салада да реформалар жасаймыз, халықтың әл-ауқатын жақсартып, бақуатты өмір орнатамыз деп қайта-қайта үндеу жариялап, уәдесін беріп жатыр. Мен Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазіргі бағытына да, реформаларына да сенемін. Қазақстан халқын оларды қолдауға шақырамын.
Қуанышқали Ғұсманов,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
тыл және еңбек ардагері