21.09.2023, 17:00
Оқылды: 52

«Айықтырғышта» өткен бір мезет – журналистік зерттеу

Арақ – қай кезде де қоғамдық тыныштықты бұзуға бірден-бір себепкер болатын пәлекет. Ол жүрген жерде шатақ шықпай тұрмайды, шатақтың аяғы тәртіп бұзуға, ол  қылмысқа бастайтынын өмір талай дәлелдеді. Осы күндерде де көшеде, қоғамдық орындарда қызара бөртіп алып жүретіндер нобайы азаймаған. Баяғы, кеңес заманында ондайларды тәртіп сақшылары тырп еткізбей ұстап, еркімен жүрсе аяғынан, жүрмесе, күштеп дегендей, медициналық айықтырғышқа жеткізетін. Бүгінде ол бар ма, бар болса, қалай жұмыс істейді?

Біз осы төңіректе өзіміздің журналистік зерттеуімізді жүргізіп көрдік.

3CAE5747-759D-4BE8-AB2B-83A5E864771D

Айықтырғыш бар екен. Оның жұмысы мен міндеті де сол баяғысынан онша көп өзгере қоймаған. Ең бастысы, мас адамды оқшаулап, мастығынан айыққанша ұстайды. Бұрын ол ішкі істер құрылымдарының құзырында болып, онда бір ғана дәрігер жұмыс істеген. Қазір уақытша бейімдеу және уытсыздандыру орталығы  деп аталып, денсаулық сақтау саласына қарайды. Сондықтан да болар, осы күндерде онда дәрігер, медбике, фельдшер жұмыс істеп, мұнда түскендерге толық дәрігерлік көмек көрсетіледі. Яғни есін жиғызып, үйін табатындай дәрежеге  жеткізбей  жібермейді.

Айтпақшы, ащы суға тойып алғандар айықтырғышқа өз еркімен бармайтыны белгілі. Оны сол баяғысынша қоғамдық тәртіптің сақшылары – құқық қорғау саласының қызметкерлері жеткізеді. Ал арақ ішетіндер көбеймесе, азаймаған мына заманда  олардың жұмысында қысы-жазы, күндіз-түні тыным жоқ. Араққа онша «жаман» қарамайтындардың «әлеміне саяхатымызды» олармен күресетін  тынымсыз қызмет иелерінің жұмысымен  танысудан  бастайық.

БҚО Полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы, полиция подполковнигі Ернар Сұлтанғалиев бізге осы материалды әзірлеу барысында көп көмектесіп, қолдау білдіріп отырды.

889F624C-7EC8-49E0-ABD2-63995E54390A

Әңгімесін әріден бастаған ол былай деді: – Қоғамдық орындарда тәртіп бұзған, әсіресе, мас адамдар туралы кезекші бөлімге хабар түсті делік. Хабарды қабылдап алған кезекші сол бойда сол тәртіпсіздік орын алған аумаққа жақын жүрген арнайы жасаққа хабар береді. Арнайы жасақ 5-7 минуттың ішінде аталған жерге жетеді. Әрі қарай, мас болып көзге түскен адамның мастық деңгейі анықталады. Бұл жерде арақ ішіп алған адамның бәрі бірдей айықтырғышқа жеткізілмейді. Қызғын болса да есін білетін, түзу жүріп-тұрса, бағыт-бағдарын, қай жерде жүргенін, қайда тұратынын білетін болса, жасақ мүшелері оған ескерту жасайды. Ал арақтан ақылы «айран» болып, есі ауып кеткен, қай жерде тұрғанын білмейтін, әбден шаршап-шалдыққан, үсті-басы лас, киімдері жыртылған болса, қарсылық көрсетіп, шатақ шығарса, онда ол уақытша бейімдеу орталығына жеткізіліп, маман дәрігерлердің қарауына тапсырылады. Жыл басынан бергі көрсеткіштерді сөйлетсек, Орал және Ақсай қалаларындағы арнайы орталықтарға осы жылдың өткен айларында 7710 адам қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін жеткізіліпті. Өткен жылдың тиісті кезеңімен алсақ, бұл көрсеткіш 7450 адамды құраған. Яғни 3,4 пайызға өскен. Қона жатып, «қонақ» болғандар 4708 адам. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5 пайызға кеміпті (5144 адам). Осылай деген Ернар Темурұлы әрі қарай бізді Орал қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальонына жолдады. Әрине, біздің баратынымыз алдын ала ескертілді. Ол жерде осы жолдардың ауторын батальон командирінің орынбасары, полиция капитаны Сәбит Қалиолиев қарсы алды. Жеке құрамның тапсырма алып жатқан «разводына» дәл барған екенбіз. Сапта тұрған қызметкерлердің сымдай тартылған тұрыстары, ширыққан жүздері, қатулы қабақтары, сұсты көздері олардың жауапты тапсырмаларды алып жатқанынан хабар бергендей. Қоғам тыныштығын сақтауға сақадай сай әзірленіп жатқанын аңғартқандай.  Қысқа-нұсқа бұйрық, нұсқау-инструктаж айтылды. Сәлден кейін қызметкерлер екі-үш адамнан  топ құрып, өздеріне белгіленген аймаққа кезекшілікке аттанып кете барды. Біз де қослейтенант Хамит Сейтқалиев пен Нұрлан Дүйсеновтің тобына түсіп, бірге  кеттік...

Ол үшін батальон командирінің орынбасары, капитан Сәбит Қалиолиев мені өз көлігіне отырғызып, қос аға лейтенанттың соңынан ілесті.

Ондағы мақсат – кезекшілікке шыққан арнайы жасақпен бірге «жұмыс істеу»... Арада көп уақыт өткен жоқ, кезекшілігіміз қызып жүре берді. Орталық базар маңында мас болып, тәртіп бұзып жатқандар жайлы хабар келіп түсті. Сол бойда базарға жеттік, келсек сылқия тойып алған төрт жігіт шайқалақтап аяқтарынан әзер тұр. Сол жердегі полиция бекетіне әлгілерді әупірімдеп жеткізген жігіттер олармен сөйлесе бастады. Құжаттары, мекенжайлары сұралды. «Быды-быды» – деп әрең сөйлеген олардың сөзін ұғу мүмкін емес. Тума-туыстарының мекенжайы, телефондарын да анықтамақшы болды, жігіттер. Қайда?.. Өкіртіп ішіп, естерінен ауысқан олар тіпті, өздерінің аты-жөндерін де ұмытып қалғандай. Ақыры болмағасын төртеуін де айықтырғышқа алып жүрдік. Жолшыбай келе жатқанда полиция капитаны Сәбит Ғабитұлы: – Міне, біздің жұмысымыз осындай, біреулерге оңай көрінуі мүмкін. Қараңызшы, дардай азаматтар, тепсе, темір үзетін жігіттер. Біреудің баласы, біреудің жары, перзенттерінің әкесі ғой бұлар. Кейде жаның ашиды. Айықтырғышқа түсу азаматтарға абырой ма? Бірақ қоғамдық тәртіпті сақтау – бізге  жүктелген, біздің міндетіміз. Бір жерде құлап, тоңып, үсіп қалуы мүмкін. Көлікке қағылып, жазым болуы мүмкін, – деп темірдей тәртіп сақшыларының жүрегі темірден жаратылмағанынан хабар  бергендей  бір  күрсініп  алды.

152791D2-A7B0-497B-A8B8-C0C8693336F0

Төрт жігітті тиеп алып зулаған  «УАЗ» көлігі  ертеректе «Омега» зауыты аймағы аталған маңайдағы уақытша бейімдеу және уытсыздандыру орталығына  келіп тізгінін бір-ақ тартты. Биік дуалмен қоршалған орталық тап бір жарқырап тұрғаны шамалы, қайта сұстанып, сұрланып пысыңды басып жібергендей. Төрт масты сол бойда орталықтың кезекші дәрігері қабылдап алды. Тиісті құжаттар толтырылып, қол қойылды. «Шақырылмаған қонақтардың» жеке заттары, киімдері бақылау камерасының жіті көзімен уақытша сақтау ұяшығына салынды. Жеткізілгендерге ауруханадағыдай арнайы киім берілді де оларға ем-дом, яғни мастықтарынан айықтыратын ем-шаралар жасауға алып кетті. Орталықтың меңгерушісі Қайыржан Халықовпен осы жерде таныстық. Оның айтуынша, уақытша бейімдеу орталығы 2011 жылы ашылған. Осы күндерде онда 5 фельдшер, 5 медбике және 5 санитар қызмет атқарады.

 – Орталық жалпы алғанда 40 адамға арналған, - деді Қ. Халықов. -  Ақсай қаласында он орындық филиалымыз бар. Негізінен, орта дәрежедегі мастықпен келген адамдарды алып қаламыз. Күніне кем дегенде 2-3  мас  жеткізіледі. «Қонақтарымызды» 3 сағат тіпті болмай бара жатса, 8-10 сағатқа ұстаймыз. Қаласа, тамыры арқылы дәрі құйып, (система қойып) мастардың бастарын әбден «жазамыз». Бір палатада 4-5 кереуеттен. Келіп түскендерді жәй жібере салмаймыз учаскелік полициямен үйлеріне қайтарылады. Кейде 3-4 сағаттан соң туыстары келіп алып кететін жағдайлар да болады. Біздің негізгі міндетіміз – мас күйінде жеткізілгендерді мастығынан айықтыру. Ал маскүнемдікке әбден салынғандарды емдеу наркологиялық диспансердің құзырына кіреді.

Меңгерушінің бізге тағы бір айтқаны, мұнда әйелдер де жиі жеткізілетін көрінеді. Биылдың өзінде көшеде мас болып жүрген жерінен ұсталған 368 нәзік жанды орталыққа жеткізілген. Солардың 265-і осында «қонақ» болған. Ал «қонақтардың» арасында ол еркек болсын, әйел болсын ішімдікке тойып алғандықтан есін білмейтін, айтқанға көнбейтін, тәртіпке бағынбайтын небір дүлейлері кездесетін көрінеді. Қызметкерлерге қарсыласып, күш көрсетіп, жұдырығын ала жүгіретін, төңірегін төңкеріп, қирата жаздайтын  мастарға мұнда әбден үйренген. Ондай есерсоқтардың қимыл-қозғалысын шектеуге тура келіп, аяқ-қолын байлап, тыныштандыратын дәрімен егеді. Әрі кеткенде 15 минуттың ішінде мопмомақан бола қалған ондайлардың аяқ-қолдарын шешіп тастаса да әрі қарай жынынан айырылған бақсыдай  болады  екен.

Бұрын кеңес уақыты кезінде айықтырғышқа түскендерді ағаш атқа теріс мінгізіп жіберетін болған. Нақтырақ айтсақ, пәтер кезегінде тұрса, одан айырылады. Комсомол, партия қатарынан шығарылады. Жұмыстан босатылады. Студент болса, оқуымен қоштасады. Ал қазір қалай? Орталықтағылар бұл туралы да бізге түсінік берді.

Егер адам бірінші рет айықтырғышқа түссе, арақтың уытын қайтарып, арқасынан «қағып» шығарып салады. Екінші рет немесе бірнеше рет түссе, әкімшілік жазаға тартылады. Тіпті қоймаса, күштеп емдеуге жатқызады.

* * *

Орталықта біраз болып, сыртқа беттедік. Мекемеге кіреберіс алдындағы орындықта отырған, сірә, «айығып» шыққан болуы керек, қартаңдау азаматқа көзіміз түсті. Шыныдай жылтыраған екі көзі бір нүктеге қадалып, мәңгіріп отыр байғұсың. Жәй отырыс емес, терең ойға берілген. Шөлмектің түбіне батқан өмірін, тағдырын, бәлки отбасын ойлай  ма екен... Әлде тіпті, тезірек бас жазудың қамына бас қатырып отырса да кім білсін? Тегін отырыс емес, әйтеуір.

Жанымызға тағы бір «УАЗ» көлігі келіп тоқтай қалды. Орталыққа тағы да жаңа «қонақтар» келіп жатты.

Әнуар Аманжол

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале