Айжамал Айдаралиева
Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің доценті, экономика ғылымдарының кандидаты
Бұдан үш жыл бұрын елімізде Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясы аясында жаңа «500 ғалым» жобасы іске қосылды. Бұл жаңалық еліміздің ғалымдарын қатты қуантты. Жоба бойынша жыл сайын 500 отандық ғалым әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында еліміз үшін маңызды басым мамандықтар бойынша ғылыми тағылымдамадан өтуге мүмкіндік алды. Міне, осындай мүмкіндікті пайдаланып, шетелде тағылымдамадан өтіп келгендердің бірі – Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық уни-верситетінің доценті, экономика ғылымдарының кандидаты Айжамал Айдаралиева өзінің алған әсерімен төмендегідей бөлісті.
– Айжамал Әлібайқызы, жобаға қатысушы ғалым ретінде «500 ғалым» жобасының тиімділігі туралы айтып берсеңіз?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында осындай тағылымдаманың қажеттілігі туралы айтқан болатын. Сол жолы Мемлекет басшысы өз сөзінде: «Ғылым саласын дамыту туралы да айтқым келеді. Бұл мәселе бойынша бізге тың көзқарас пен жаңа тәсілдер керек, сондай-ақ халықаралық тәжірибеге арқа сүйеуіміз қажет. Үкіметке жыл сайын әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында 500 ғалымның тағылымдамадан өтуін қамтамасыз етуді, сондай-ақ «Жас ғалым» жобасы аясында зерттеу жүргізу үшін 1000 грант бөлуді тапсырамын», – деген болатын. Бүгінде осы екі жоба Ғылым және жоғары білім министрлігінің басшылығымен табысты жүзеге асырылуда. Ғалымдарға, әсіресе, жас ғалымдарға ғылыми тағылымдамалардың берері көп. Оның маңыздылығы мен қажеттілігі туралы ұзақ әңгімелеуге болады. Былайша айтқанда, тәжірибе алмасу ғалымдардың ғылыми идеяларын іске асыруға, ғылыми ізденістерін жетілдіруге, шетелдегі әріптестердің озық тәжірибесімен танысуға, ғылыми құзыреттіліктерді алуға немесе оларды арттыруға мүмкіндік береді. Жақсы жаңалықты естігенде шетелдегі ең үздік ғылыми орталықтардың біріне барсам ғой деп ойладым. Университет, факультет басшылығы, әріптестерім маған үлкен қолдау көрсетті. Шетелде тағылымдамадан өтуге ниеттенген 2 500 үміткердің ішінен 482 ғалым іріктеуден өтіп, әртүрлі мемлекеттердегі мықты оқу орындарына жіберілді. Солардың бірі болғаныма қатты қуандым. Биылғы наурыздың 1-інен бастап мамыр айының аяғына дейін Германияда болып, үш айлық тағылымдамадан өтіп келдім. Жоба шарты бойынша тағылымдамадан өтіп келгеннен кейін сол бағыт бойынша үш жыл қызмет жасау міндеттеледі. Сондай-ақ жобаның тағы бір жақсы жері оқуға кеткенде, жұмыс орны сақталады. Бұл жай да алаңсыз білім алып, оқыған-тоқығаныңды көкірекке түюге мүмкіндік береді.
– Ғылыми тағылымдаманы Германияның қандай университетінен өттіңіз? Қандай тақырыпты зерттеу нысанына айналдырдыңыз?
– Тағылымдаманы Германия Федеративтік Республикасының 16 аймағының бірі Бавариядағы Вайенштефан-Триздорф қолданбалы ғылымдар университетінде (Hochschule Weihenstephan-Triesdorf) «Ауыл шаруашылығындағы тәуекел-менеджмент» тақырыбы бойынша (Risk Management) өттім. Қазақстан аграрлы ел болғандықтан, бұл салаға жіті мән-маңыз беріледі. Оның үстіне ауыл шаруашылығы – тәуекелді көп талап ететін сала. Санамалайтын болсақ, қаржылық, макроэкономикалық, табиғи тәуекелдер болып кете береді. Біз тәуекелдерді білеміз, бірақ соны қалай тиімді басқаруға, шығындарды қалай төмендетуге болады деген мәселелерге енді көңіл бөле бастадық. Тағылымдамадан өту барысында осындай мәселелерді жан-жақты қарастырып, талдап оқыдық. Наурыздың 3-4 күндері барғанымызда, аталмыш неміс университетімен ынтымақтастық байланыстағы ТМД елдеріндегі Қазақстан, Грузия, Ар-мения, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Украина және басқа да мемлекеттердің жоғары оқу орындары ректорларының конференциясы өтіп жатты. Бірден сол конференция жұмысына қатысып, тәжірибе алмасу мүмкіндігіне ие болдық. Жиынға қатысушы университеттердің барлығы да біз оқуға барған Вайенштефан-Триздорф университетінің өзара ынтымақтастық келісімшартын жасаған серіктестері болып шықты. Біздің білім ордасы да серіктес болса деп ойлағанбыз. Сол ақ ниет-тілек ағымдағы жылдың маусым айында орындалды. Неміс оқу орнының ғылыми халықаралық қатынасына жауапты ғалым Ральф Шлаудерер мырза Оралға келді. Тағылымдамадан менімен бірге экономика ғылымдарының докторы, профессор Раушан Ғабдуалиева да өткен болатын. Шетелдегі оқу орны біздің, оралдық ғалымдардың ынта-ықыласын бағалап, сондағы көрсеткен білім-біліктілік деңгейімізге қанағаттанғаны сөзсіз. Жалпы тағылымдаманың ғалымға жаңа білім-білікті игеруге, соны әдістер мен технологияларды меңгеріп, үйренуге серпін беретіні өз алдына, ғылым мен техниканың қарқынды дамуы жағдайында іргелі оқу орындарының байланысын орнатып, дамуына әсер ететіні сөзсіз. Бір сөзбен айтқанда, бүгінгі дәуірде бір-бірімізбен тәжірибе алмасу арқылы біз ғылымды дамытамыз.
– Айжамал Әлібайқызы, қос елдің ауыл шаруашылығы дамуында жер мен көктей айырмашылық бары бесенеден белгілі. Солай бола тұра, сіздің назарыңызды аударған қандай мәселелер болды?
– Германияда ауыл шаруашылығы саласына мемлекеттен тұрақты қолдау көрсетіледі. Әрі мемлекет тарапынан барлық мәселе реттеліп отырады. Қай мезгілде егістік алқаптарына тыңайтқыштар шашылады, сол тыңайтқыштардың қоршаған ортаға әсері бола ма, малдың көңін қалай жинау керек және басқа да мәселелер жіті қаралады. Біз болған Баварияның жері құнарлы, ауыл шаруашылығын дамытуға өте ыңғайлы. Біз білімді кеңес заманында алғанбыз, немістердің білім беру саласында сол кеңес кезіндегі талаптар сақталған. Мысалға, бұрындары жоғары оқу орындарында экономиканы жоспарлау, еңбекті ғылыми ұйымдастыру деген сабақтар оқытылатын. Қазір бізде соның бірі жоқ. Ал Германияда шаруашылықты құрмастан бұрын 1 гектарға шаққанда кететін энергия, қаржы шығындары, жұмыс күші есепте-леді. Сондай есеп-қисаптан кейін, тиімді болса ғана тиісті шешім қабылданады. Содан соң оны тиімді басқаруға тырысады. Өйткені немістер әр еуроны есептейді. Осындай ерекшеліктері менің назарымды аударды.
– Сіз кәсіби білім-білігіңізді жетілдіруге барған Вайенштефан-Триздорф университетімен Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті өзара ынтымақтастық келісімшартын жасады. Одан кейін жергілікті жоғары оқу орнының оқыту бағдарламасында нендей өзгерістер болды?
– Алматыдағы Қазақтың ұлттық аграрлық және Астанадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақтың агротехни-калық зерттеу университеттері біз барған германиялық білім ордасымен бұрыннан әріптестік байланыс орнатқан. Осы қазақстандық қос университеттің студенттері, магистранттары Германияға барып, академиялық ұтқырлық бойынша оқиды. Олар неміс бағдарламасы бойынша оқып, екі тараптың дипломын алып шығады. Біздің БҚАТУ-дың басшылығы да осы бағытта жұмыстануды жоспарлап отыр. Мұндай жаңалықты студенттер, абитуриенттер құп алады деп ойлаймын. Немістердің ауыл шаруашылығы бойынша тәжірибесі бай. Оны біздің өңірде де қолдануға болады. Әрине, жер жағдайына және климаттық ерекшеліктерге байланысты өзгерістер енгізілуі ықтимал. Бұл күндері университетіміздің Герма-ниядағы оқу орнымен келісімшарты бар. Қос диплом алғысы келетін студенттер табылады. Тек бір әттеген-айы, неміс тілін білмейміз. Бізде әдетте ағылшын тілін оқытады. Бірақ біздің университетте Германияға барып, оқығысы келетін жастар баршылық. Мұнымен неміс университетінің департаменті тікелей жұмыстануда. Онда неміс және ағылшын тілдерінде оқыту қарастырылған. Ағылшын тілінде оқитын болса, конкурс жоғары болады. Бір орынға 5-8 адамнан келуі мүмкін. Ал неміс тілінде оқуға бір орынға 1-1,5 адамнан келеді. Өйткені неміс тілін білетіндер көп емес. Біз Германияға агроменеджмент бойынша студенттерді жібере аламыз. Негізінен ауыл шаруашылығы саласының мамандықтарына, агрономия, зоовететеринария, экономика бағытында оқитын студенттерді бірден жартыжылдық тәжірибе алуға қабылдайды. Онда барған жастар фермердің үйінде тұрады, бірге тамақтанады. Таңғы алтыда қожайынмен бірге оянып, білек сыбанып, бірге еңбекке кіріседі. Бар шығыны фермердің мойнында. Шәкіртақысына қоса жалақы да төленеді. Әрі тіл үйренеді. Ауыл шаруашылығын басқарудың озық тәсілдерін, мамандықтың қыр-сырын, даму бағытын терең меңгеремін, заман талабына сай маман боламын деген жас адамдарға таптырмас оқу дер едім. Әрі оқу бітіргенде қос мемлекеттің, қазақ және неміс елдерінің дипломдарын алып шығады.
– Айжамал Әлібайқызы, тағылымдамадан қандай ой түйіп қайттыңыз?
– Ауыл шаруашылығын ғылыми негізде тиімді жүргізу, агросекторды техникалық тұрғыдан жаңғырту, озық технологияларды кеңінен қолдану жөнінен немістерден үйренеріміз көп екен. Таңғалып, трансформацияланып келдік. Германиядағы аргарлық университеттердің бір ерекшелігі – олардың барлығы ауылдық жерде орналасқан. Егістік алқаптары, сауын сиырлары және басқа да мал-мүліктері сол оқу орнына жақын болуы керек. Бұрында, кеңес заманында учхоздар, оқу-тәжірибелік алаңдар болды ғой. Демек, бізде де соған қайтадан мән берілуі керек. Құр теориямен алысқа бара алмайтынымыз анық. Шаруашылықтарындағы техникалары заманауи, ойыншық секілді жалтырап, жарқырап тұрады. Таттанбаған. Дөңгелектеріне шейін тап-таза. «Мыналар егістікте жұмыс істеген бе?» - деп сұрасақ, «Иә, жұмысқа пайдаландық», – дейді.
Сөйтсек, алқаптан келген соң, дөңгелектерін тазалап, жуып қояды екен. Ол елде ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын бәсекелес өндіріс орындары баршылық. Дамыған мемлекет ретінде Германия дамушы елдерге көмек көрсетуге пейілді. Өздерінің білімін таратуға құштар. Мен университет студенттеріне статистика және талдау, кәсіби табыстылық менеджменті пәндері бойынша дәріс оқимын. Енді күні кеше басталған биылғы жаңа оқу жылында шетелден алған білімімді оқу үрдісінде кеңінен пайдалануды жоспарлап отырмын. Қалай болғанда да, оқып-тоқығанымды іс жүзінде пайдалануға ұмтыламын. Бұл шетелдегі маңдайалды ілім-білім ордасында тағылымдамадан өтуге мүмкіндік берген мемлекет алдындағы парызым болмақ.
Сұқбаттасқан: Гүлбаршын Дыбысқалиқызы
zhaikpress.kz