22.10.2021, 12:07
Оқылды: 52

Ақ көңілі, ат-көлігі тозбастан...

Телефон беймезгіл шырылдады. «Мақсат!» деді ар жағынан өр дауыс.Темкең. Бірінші сұрағы, әдеттегідей «Не істеп жатырсың?» болды. «Не істеп жатайын, Темке, сен қашан звондайды екен деп күтіп жатырмын» деп қырсықтым (шырт ұйқыдан оятып алғанын меңзегенім – сағат тілі түнгі 1-ді көрсетіп тұр еді).

Темір аға

Әдеттегідей оған елең етпеді, әдеттегідей дәстүрлі екінші сұрағын қойды:

– Баяғыда Әнекең қарт (марқұм әкемді айтады) «Мақсаттың үш досы бар: кластасы Рашит, курстастары – Жырық Мақсот (Ізімовке марқұм шешем қойған кликуха) және Темір» дейтін.

Сол рас па?

– Рас болуы керек.

– Жоқ, сен турасын айт: Рас па, жоқ па?

– Рас, ойбай.

– Е, міне жөн, – ар жағында көңілі жайланыңқырап қалғаны байқалды. – Енді мен саған бір ақыл салайын деп отырмын. Айтайын ба?

– Е, айт. Күніне екі кісіге ақыл айтпаса,  отыра алмайтын қазақпын ғой, как раз екіншісін таба алмай  жатыр едім…

– Ендеше, былай. Үш бөлмелі үйде жалғыз жатырмын. Кейде кешке үйге келуге бетімнен басамын. Бір шүйкебас кіргізсем деймін. Тамағымды жасап, кір-қоңымды жуып дегендей. Тап бір білімі болмаса да…

– Нешауа, күндіз шай құйғызып, кешке қасыңа алып жатасың. Оған дипломның не керегі бар!?

– Әй, мынауың әйдік ақыл екен деп әдетінше жоқтан өзгеге дәсірейіп қалды.

Төртінші тәулік өткенде Сырымбек жайсыз хабарды жеткізді. Темкең сол түні Нұр-Сұлтандағы  Мақсотқа
да звондап ұзақ әңгімелесіпті. Бізбен бақұлдасқаны ма екен?!

Саукең (Сауытбек Абдрах-манов) «Е.Қ.»-да отырғанында «Газеттен Тимур кетсе, народ не поймет» деп астарлы әзіл айтушы еді. Сол айтқандай, Темкеңнің қапыл қазасын халық түсініңкіремей қалуы мүмкін, бірақ оған жақынырақ жүрген біздер бірдеңені іштей сезетінбіз. Қоңырша кеткеннен кейін-ақ біртүрлі бір күйге түсті ғой. Ақтөбеге қызмет ауыстырып барғанында  ол жерге сыйыңқырамай, ботасын алдырған аруанадай, «Орал, Орал» деп боздады да тұрды. Зейнетке шықсам, елге оралсам деп күн санайтын. Елге оралғаннан кейін де, «Қайтесің енді қызметті, азын-аулақ пенсияң бар, балдар, ағайын-тума бар, енді бір жазылып демалсайшы, қырық жыл жазғаныңды іріктепкітап қып шығарсайшы» деген ақылымды алмай қызметке   тұрды.

«Менің әлі де керегім бар екен елге!» деген бір іргелі құлшыныс сезіліп тұрушы еді дауыс шымылдығынан. Жаңа қызметінде бұрынғыдан да өндіріңкіреп жаза бастаған. «Көңілі енді бірленер» дескенбіз.

«Оралым менің Оралым, қол созып қызыл вагоннан, қасыңнан өтіп барамын… Сонау бір шетте, сонау үйіне» (Қасым Аманжоловтың өзі жиі оқитын өлеңі) қолы жетті ғой енді деп.

Соңғы жиырма бес жылда шыр айналдырған кәрі кесел – қанқысым енді түсер дегенбіз. Қателесіппіз…

Сонда кісі көптің, тіпті қормал көптің ішінде жүріп те, ағайын-туманың ортасында отырып та жалғыз қа-
латыны болғаны ма?! Әлде Қоңыршаның рухы өзіне шақырумен болды ма?! Оны енді біз білмейміз,  не де болса оны қара қабырғасының астында, өзімен бірге ала кетті.

Ендігі жаңа мекенінен ескі әм жаңа достар тапқан болар. Мүмкін тіпті ғилман жігіттер мен хұр қыздарының алқауында жүрген шығар. Себебі біздің Темкең дүние тіршілігінде біреуге қылдай қиянат жасады дегенді көрмеппіз де, естімеппіз де. Ортамыздан ана дүниеге ақ көңілі, ат-көлігі тозбастан кетті ғой, ендеше о жақтың пейішінде де нұры шалқып жүрген шығар-ау...

Бақұл бол, жан дос! Таңдамақшарда  жолыққанша…

Мақсат  Тәж-Мұрат

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале