7.02.2022, 9:00
Оқылды: 76

Ақ Олимпиада басталды

Бейжіңде XXIV қысқы Ақ Олимпиада ойындарының алауы тұтанды.

Olympics - Beijing 2022 Winter Olympics - Torch Relay - Beijing, China - February 2, 2022. Actors perform next to a cauldron with the Olympic flame, during a performance at the end of the torch relay session at the Shougang Park. REUTERS/Florence Lo

Олимпиада ойындары – спорт әлеміндегі ең ірі жарыс. Тарих беттеріне үңілсек, адамзат әлем үздіктерінің басын біріктіретін Олимпиада ойындарынан бәсі биік басқа спорт додасын ұйымдастырып көрген емес. Сондықтан болар Олимпиада ойындарында жеңіс тұғырынан көріну – әр спортшының ең үлкен арманы. Қысқы Олимпиада ойындары тұңғыш рет 1924 жылы Францияның Шамони қаласында ұйымдастырылды. Содан бері жібін үзбей келе жатқан спорт тойының кезекті додасы, яғни XXIV қысқы Олимпиада ойындарының алауы 4 ақпан күні Қытай астанасы Бейжіңде тұтанды. Әлем тарихында қос Олимпиаданы қатар өткізген алғашқы қала атанатын шаһар дүбірлі доданы өткізуге тас түйін дайын. Тіпті кейбір спорт түрлерінен 2 ақпаннан бастап алғашқы іріктеу сындарын да бастап кетті.

ПЕКИН 2022

Биылғы Ақ Олимпиада ойындарында 91 елден келген 4 мыңнан аса спортшы спорттың 7 түрінен 109 жүлдені сарапқа салады. Олимпиада бағдарламасына биатлон, бобслей (бобслей, скелетон), керлинг, коньки спортының түрлері (коньки жарысы, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек), шаңғы спортының түрлері (таушаңғысы жарысы, шаңғы қос сайысы, шаңғы жарысы, тұғырдан секіру, фристайл, сноуборд), шана спорты, шайбалы хоккей енді. Бұдан өзге биылғы Ақ Олимпиадаға 7 жаңа жарыс түрі қосылды. Олар – әйелдердің жекелей бобслейі, ерлер мен әйелдер арасындағы шаңғы биг-эйрі, шорт-тректегі аралас эстафета, тұғырдан секіру, фристайл және сноуборд-кросс бойынша аралас командалық жарыстары бар. Олимпиада ойындарының жарыстары Бейжің қаласынан бөлек, оның маңындағы Яньцинь және Чжанцзякоу қалаларында ұйымдастырылады. Бейжің қаласында барлық мұз жарыстары (керлинг, хоккей, конькимен жүгіру спорты), сондай-ақ қарда төрт жарысты (ерлер мен әйелдер арасындағы сноубординг пен шаңғы фристайлындағы биг-эйр) өтеді.

Яньцинь – Қытай астанасының қала маңындағы ауданы. Бейжіңнен солтүстік-батысқа қарай 80 шақырым жерде, Ұлы Қытай қабырғасының әйгілі бөліктері – Бадалин мен Джунгугуан орналасқан жерде. Онда шаңғы, бобслей, скелетон және шана спортынан медальдар ойнатылады. Ал үшінші қала Чжанцзякоу солтүстік-батысқа қарай көршілес Хэбэй провинциясында орналасқан. Ондағы танымал қысқы курорт Чунли сноубординг, шаңғы спортының барлық түрі және биатлоннан жарыстарды қабылдайды.

Ақ олимпиада ойындарында ел намысын 34 спортшы қорғайды. Халықаралық шаңғы спорты түрлері федерациясының (FIS) шешімі бойынша Қазақстан командасына шаңғымен жарысудан қосымша бір жолдама берілді. Бұл тағы бес дисциплина бойынша бақ сынауға мүмкіндік сыйлады. Сондай-ақ фристайл-могулдан тағы бір квота бөлінді. Шаңғы жарысы - Виталий Пухкало, Евгений Величко, Ксения Шалыгина, Валерия Тюленева, Ирина Быкова, Надежда Степашкина және Ангелина Шурыга.

Фристайл-могул – Юлия Галышева, Аяулым Амренова, Олеся Граур, Анастасия Городко, Дмитрий Рейхерд және Павел Колмаков. Шаңғы акробатикасы - Жанбота Алдабергенова, Ақмаржан Қалмырзаева және Шерзод Хаширбаев. Тау шаңғысынан ерлер  арасында Захар Кучин (слалом мен гигантты слалом) мен әйелдер арасындағы слаломда Александра Троицкая бақ сынамақ. Шаңғымен секіру - Сергей Ткаченко мен Данил Васильев, сондай-ақ шаңғы қоссайысынан Шыңғыс Ракпаров жарыс жолына шықпақ.

Биатлон - Галина Вишневская-Шепоренко, Александр Мухин мен Владислав Киреев, конькимен жүгіру спортынан Надежда Морозова, Екатерина Айдова, Дмитрий Морозов, Иван Аржаников пен Денис Кузин. Шорт-тректен Абзал Әжіғалиев, Денис Никиша, Әділ Ғалиахметов, Яна Хан және Ольга Тихонова. Осылайша, қазақстандық спортшылар қысқы Олимпиадаға 87 жолдама жеңіп алды. Енді қазақ елі осы 34 спортшыға жанкүйер болады. Бесінші ақпанда Олимпиада ойындарының алғашқы медальдары өз иелерін таба бастайды. Біздің спортшылар да сол медальдарға қол жеткізуге бар күшін салады деген үміттеміз. Біз сіздерге сенеміз, Аспан асты елінен жеңіс күтеміз!

Алтынбек Серікқалиұлы,

zhaikpress.kz 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале