Қайрекешов Серік Ғұмарұлы 1948 жылы 8 наурызда Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауылында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Ауылдық мектепті бітіргеннен соң Ақтөбе медициналық институтына түсіп, аталмыш оқу орнын 1973 жылы «Емдеу ісі» мамандығы бойынша үздік нәтижемен аяқтайды.
Алғашқы еңбек жолын хирург болып бастаған Серік Ғұмарұлы облыстық клиникалық ауруханада 2017 жылға дейін қызмет етеді. Осы уақыт аралығында қарапайым хирургтан жедел хирургиялық бөлімнің меңгерушісі қызметіне дейін көтеріліп, жоғарғы санаттағы дәрігерге дейін жетеді. 2017 жылдың қаңтар айынан бастап қалалық жалпы аурухананың жедел хирургия бөлімшесінде хирург қызметін атқарып, еңбек жолында жемісті жетістіктерге жетеді.
Бүгінгі таңда еңбек ардагері – 73 жаста. Бұл уақыт аралығында Серік Қайрекешовтің қолынан 10 мыңнан астам өңірдің тұрғындарына ота жасалды. Табанды да таудай еңбегі үшін ҚР Үкіметі тарапынан 1997 жылы «ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі» марапатына ие болады.
«Бір салада ұзақ жылдар бойы нәтижелі еңбек ету үшін еңбек адамына үлкен қорғаныс керек. Дәл осы жерде оның қызметін, оның талаптарын, оның денсаулығын үнемі назарда ұстап, оған демеу болып отырған кәсіподақ ұйымдарының рөлі аса маңызды», - дейді ардагер кәсіподақ мүшесі.
Зейнеткерлік жасына қарамастан әлі күнге дейін Серік Ғұмарұлының біліктілігіне сүйеніп, тәжірибесіне құлақ түріп келетіндер саны аз емес. Өзінің сүйікті ісінен дәрігеріміз де мүлдем қол үзбеген-ді.
Отбасында екі ұлы, алты немересі бар. Бір қызығы, балалары да әке жолын қуып, дәрігерлік қызметті жалғастыруда.
«БҚО Кәсіподақтар орталығы» АКБ