Биыл - Ақ Жайық айтысына 60 жыл. Соған байланысты Салтанат сарайында "Айтыс - ұлттық құндылық" тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті. Оған өңірдегі айтыс өнерін жандандырған буын өкілдері жəне жас ақындар қатысты.
Басқосуда облыс əкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов айтыс өнері - ұлттық дəстүр сабақтастығы, қазақ мəдениетінің өзегі екенін атап өтті. Жəне ертең Орал қаласында өтетін сөз додасына қатысатын ақындарға сəттілік тіледі. Дөңгелек үстелде қазылар алқасына төрағалық ететін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ардагер-журналист Ғарифолла Көшенов, "Құрмет" орденінің иегері Шолпан Қыдырниязова, ҚР Білім беру саласының құрметті қызметкері Дариға Мұштанова сөз өнеріне қойылатын талап, ақындардың ақиқатты айтуда алмасша жарқылдауы, қазіргі айтыстың бағыт-бағдары жөнінде айтты. Сонымен қатар шарада алдыңғы буын - айтыс ақтаңгерлері Нығмет Нағымов, Сағынғали Мұқанов, Шолпан Текебаева, Кенжеғали Балабасов, Асқар Сұлтанов, Шəки Қайырғалиевтер туралы естеліктер айтылды.
Шарада бір топ ақын "Жайық айтысына - 60 жыл" төсбелгісімен марапатталды.
Айта кетейік, ертең "Жалындаған Жайық-жыр" республикалық ақындар айтысы өтеді. Айтысқа Астана қаласынан, Маңғыстау, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарынан 20 ақын қатысады.
Нұртай Текебаев,
zhaikpress.kz