«Батыстың қақпасы» атанып жүрген Орал шаhары жылдан-жылға көркейіп келе жатқаны баршамызға аян. Әсіресе қазақилануы көңілге қуаныш ұялатады. Батырларымызға, талант иелеріне ескерткіштер қою, көше атауларын беру – өте құптарлық іс. Лайым да, жалғасын таба берсін дейміз. Енді көкейде жүрген бір мәселе бар. Тарқатып айтайық әрі маңыздылығына да мән берейік. Ол ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан, әлемнің жауhар жырларының қатарынан ойып тұрып орын алатын «Қыз Жібек» дастаны. «Қыз Жібек» айтылса, біздің Ақ Жайығымыз бірге айтылады. Тарихшылар дастандағы кейіпкерлердің өмірде болғанын да, Қыз Жібектің Ақ Жайық өңірінен шыққаны жөнінде де деректер айтып жүр. Сонау Кеңес кезінде сценарийін Ғ.Мүсірепов жазған, музыкалық көркемдеуін жасаған Н.Тілендиев, Қ.Мырза Әлі, «Қыз Жібек» фильмі Қазақстанды әлемге танытты. Қыз Жібек рөлін сомдаған өзіміздің жерлесіміз Меруерт Өтекешева (анасы Казталовта, әкесі Жәнібекте дүниеге келген) екенін ескерсек, мұны да кездейсоқтық деуге келмес.
Фото дереккөзі: newsroom.kz
«...Көп болды Ақ Жайыққа бармағалы...» деп басталатын әндер де Қыз Жібекпен байланыстырыла шықты. Осыны ескере келгенде, Ақ Жайықтың жағасынан неге бір ескерткіш ашпасқа?! Оған «Ақ Жайықтың Қыз Жібегі» атауын беріп, айналасын гүлзарға бөлесе, соған жаңадан отау құрып жатқан жастар барса, бүгінгі айтып жүрген адалдық, баянды махаббат, берік отбасы тәрбиесіне жасалған бір тәлім дүние болар еді... Екінші жағынан, бұл рухани құндылық болып та саналады. Жастар «Қыз Жібек», тағы басқа да жыр-дастандардың желісімен түсірілген киноларды, кітаптарды білмейді, оқымайды десек те, артық айтқандық болмас. Біз өңірімізге тиесілі асыл мұраларды тереңнен шығарып алмасақ, басқа жақтан біреу келіп жасап бермейді. Осыны ескеріп, облысымыздың зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушы, тарихшылар, тағы басқалар да бұл мәселені қолдайды деп ойлаймын.
P.S. Көкшетаудың Зеренді көлінің жағасында Ақан серінің әніне арқау болған Балқадишаның ескерткіші тұр.
Серік Жұмағалиев,
Қазақстанның құрметті журналисі