3.04.2025, 10:30
Оқылды: 809

Ақ Жайықты түлеткен азамат

Мемлекет және қоғам  қайраткері  Қырымбек Көшербаев 70 жасқа толады

 

«Адам өмірінде талай жандармен кездеседі. Танысбіліс болады. Жұмыстас ретінде қарым-қатынас жасайды. Олардың дені жалпы таныстық дәрежесінен аспайды. Бірақ бір көргеннен көңіліңіздің төріне мықтап орнығып, тағы да көргіңіз келіп тұратын жандар болады. Ондай жандар жиі ұшыраса қоймас, бірақ өмірде бар. Мен өз өмірімде ерекше орын алған сондай бір азамат  туралы әңгімелегім келіп отыр, - деп бастады әңгімесін облысымызға белгілі азамат, еңбек ардагері Марат Кенжетайұлы. Оның үстіне ол азамат алдағы күндерде жоталы 70 жасқа  толғалы отыр!» 

1526644294_article_b

– Ол кезде киелі де рухты өлке Сырым ауданында әкім болып қызмет атқарып жүрген едім. Күндердің күнінде облысымызға Қырымбек Елеуұлы Көшербаев әкім болып келетін көрінеді деген хабар желдей есті. Ол сол жылдары Мәдениет және спорт министрі болатын. Жалма-жан өмірбаянымен танысып жіберсем, ауыл шаруашылығына еш қатысы болмапты, үш қайнаса, сорпасы қосылмайды, шаруашылықта маман болып бір күн де істемеген. Алматыдағы Қазақтың политехникалық институтын 1978 жылы инженер-құрылысшы мамандығы бойынша бітірген... Ауылда шаң мен  малдың қиының иісімен өскен ауыл баласымыз ғой. Мамандығым да қатардағы ауыл шаруашылығы, мал маманынан басталып, бұл саланың қиындығын бір адамдай татқан, көрген, бастан кешкен жанмын. Кейін облыстың ауыл шаруашылығы саласын он жылдай басқардым, Сырым, Зеленов аудандарында әкім болдым. Жасырмай, шынымды айтсам, «апыр-ай, бұл азамат ауыл шаруашылығына, агрокешенге түк қатысы жоқ... Біздің облыс аграрлы аймақ, егін, мал шаруашылығымен айналысады. Газы мен мұнайы тағы бар. Мәдениеттің төңірегінде жүрген адамның бұл қай келісі?.. Әй, бір-екі жылға келіп-кеткен, ештеңе оқсатпаған анау бір әкімдердің санын көбейтетін біреу болды ғой...» - деп пұшайман болып, дағдарып қалғаным рас. Тікесін айтсам, Көшербаевтың бұл келісінен облысқа ешқандай пайда болады деп  ойламадым... Өйткені бұл кісіге аграрлық облыстың жұмысын жүргізу өте қиын болады-ау деп күмәндандым.

Қырекең келген бойда облыстың активі болды. Сол актив үстінде оны бірінші рет көрдім. Кейін, көп ұзамай аудандардың әкімін кезекпен, алфавит тәртібімен қабылдап, танысады деген хабар жетті. Әрине, бұған аудандарда әкім болып жүрген замандастарым толқыды. «Жаңа әкім қандай адам? Не мәселе жөнінде сұрап қалар екен?» -  деген төңіректе қобалжып жүрдік. Шындығында, аудандарда әкім болып істеп жүргендер кездейсоқ келгендер емес, қатал сүзгіден өткен, қатардағы маманнан сатылап көтерілгендер, ауыл шаруашылығының отымен кіріп, күлімен шыққан, талай қиындықтарды бастан кешкендер еді. Ақжайық ауданының әкімі Әлібек Байжанұлы Сәтбаевтан бастап, Қырекеңе танысуға кіре бастады. Шыққандардан сұраймыз «жаңа әкім не туралы сұрайды?» - деп. Кіріп шыққандардың бәрінің айтатыны біреу - «бәрін сұрайды» - деген қысқа ғана жауап. Әр әкім өз ауданының халқының санын, жерін, малын, немен басымырақ айналысатынын, өндіретін өнімдерінің көлемін, бюджетін дегендей бәрін жатқа білеміз ғой, ешқандай қағазға қарамай-ақ, айта аламыз. Дегенмен, толқыдық, күмәндандық, бір жерден мүдіріп қалмаймыз ба деп...

Сонымен менің де кезегім келді, жүректің дүрсілін баса алмай кірдім... Қазақтың салтымен «Ассалаумағалейкүм!» - деп табалдырықтан аттадым. Қырекең орнынан тұрып, үстелін айналып келіп, қос қолдап амандасты. Қимыл-қозғалысы жігерлі, жылдам. Бірден байқағаным, қос жанарынан қос шалқар төңкеріле төгілгендей күлімдеп, ескі танысын кездестіріп қалғандай,  жақын тарта  қарайды екен адамға.  Содан ба екен басыма алғашқы келген ой, «япыр-ай, біз бұрын бір жерде кездескен жоқпыз ба?» - деп сасып қалғаным рас. Осынау ғұмырымда талай басшылармен жұмыстас болу пешенемізге жазылыпты. Олардың арасында ыңырана амандасып, ырғала басатын неше түрлісін көрдік қой. Мына азамат олардың біріне ұқсамайды...

Қысқаша амандықсаулықты жарқылдап тұрып сұрағаннан кейін орнына жайғасты да: – Мәке, Сырым атамыздың атындағы ауданды басқарады екенсіз... Дана бабамыз «Шыға алсақ, шыққан  тауымыз биік болар, құласақ, шыңырауымыз бірге болар» - деп еді ғой. Сол айтқандай, бірге жұмыс істейміз, не көрсек те бірге көреміз, - дегенде шалқамнан түсе жаздадым. Мен өзім – Сырымның перзентімін, кішкентайымнан батыр атамыздың сөзін, өсиеттерін естіп, жаттап өскен  жанмын. Келмей жатып, Сырым елінің тарихына, бабамыздың айтқандарына әбден қанығып алғанына таңғалдым, риза болдым. Арқам кеңіп сала берді. Одан әрі әңгімеміз жаймашуақ өріліп, емен-жарқын аужаймен өрбіді. Солай отырып, арасында ауданның өткір мәселелерін де сұрауды ұмытпады, қандай көмек, нендей демеу керек екенін майдан қылшық суырғандай баппен біліп алды. Дұрыстап таныспай жатып, алғаш көрген бойда облыс әкімінің шалғайына жармасып, бізге анау керек, мынау керек деуім жараспас деп, «өзіңіз Сырым еліне келерсіз, жағдайды көрерсіз, сонда мәселеге қанығарсыз» - деп алыстан орағытып едім. «Жоқ, қысылмаңыз, айта беріңіз, құлағым сізде» - деді жұмсақ жымиып. Біздің жанымызға батып келе жатқаны, су мен газдың және жолдың  Сырым еліне жете алмай тұрғанын айттым. Аудан – мал, егін шаруашылығымен айналысатын облыстағы бірегей аудан. Самара мен Шымкенттің арасын жалғаған күре жолдың бойында. Тоғыз жолдың торабында жатқанын бизнеске пайдалансақ, талай шаруа шырайланып, талай адам шаруасын алға бастырып шыға келетінін де жасырмадым.  Қырекең «Мәке, - деді тағы жылы жымиып, - Бұл айтып отырғандарыңыздың бәрінен хабардармын, білемін. Бұйыртса, сіз болып, біз болып осы шаруаларды еңсереміз, оған мен имандай сенемін! «Алланың бір аты – Халық» - деген ата-бабамыз. Халықтың қамын жеп, алдағы күндерде бірге жұмыс істейміз. Бір-бірімізге демеу, сүйеу, бірауыз болсақ, бәрі де біз күткендей болады» - деді нық сеніммен. Алғашқы кездесуіміз болса да, мен сол сәтте ол кісіде адамға шырай тарататын жылылық бар екенін сездім. Өзі де, сөзі де көркем көрінді, әр сөзінен ғибрат пен мәдениет лебі есіп тұрды. Алдына келген  адамды айрықша ықыластанып тыңдайды екен. Қырекеңнің алдынан қазақша айтқанда, ауыл адамдарындай қайырғанда, ешкім тауға жайылғандай мәз болып шықтым. Осынау тұңғыш кездесуіміз, онда айтылған әңгіме көкейіме мөртаңба болып басылып қалды...

*  *  *

Осындайда еске түседі, тағы бір жиналыс жадымнан өшпейді. Қырекең өзі өткізіп жатты.  Мен сөз сұрап алдым да, облыстың статистикалық  мәліметіне шүйілдім. Оны барлық аудандардың әкімдері жақсы біледі, бірақ іштерінен тынып жүретін. Соны айттым, «бір ғана мысал – ауданымыздағы басқасын айтпағанда малдың саны өсіріп жазылған. Өтірік ақпарат беріліп отырған. Мен оны ауданға әкім болып барғанда бір-ақ білдім. Өзгерткіміз келді, бірақ облыс оны қош көрмеді. Солай жоғарыға кете берген.  Мен соны жасырмай: «Мен 1999 жылы Сырым ауданына әкім болып бардым. Облыстан республикаға кеткен мәлімет аспандап, ұрып тұр. Бұзаудың, құлынның қозының санын өсіріп бере берген. Шындығына келсек, Сырым ауданында олай емес, статистикадағы көрсетілген малдың санына жету үшін ауданға әлі үш-төрт жыл керек. Мәліметті қазір түзетпесек, бізде динамика, өсу болмайды» - деп тіке кеттім. Облыс әкімі мұнымды бір-ден қабылдады. Сол жиналыстың үстінде аудан әкімдеріне алты  ай мерзім берді. Статистикалық мәліметтеріңізді тәртіпке келтіріңіздер, дұрыстаңыздар деді. Ешқандай ренжіп, ашуланған жоқ. Қайта мені қолдады. Бұл облыс үшін үлкен серпіліс әкелді. Менің айтқанымнан кейін барлық аудандар статистикалық мәліметтерін жөнге келтіріп алды. Тіпті, бәріміз арқамыздан ауыр жүк түскендей жеңілдеп қалдық.

Тағы бір байқағаным, Қырымбек Елеуұлы «Батыс Қазақстанға әкім болып барасың!» - дегенде «Құп!» - деп жөнеле бермеген-ау деймін. Елдің, жердің тарихын алдын ала мұқият зерттеген, зерделеген. Аудандардың өзіндік ерекшеліктерін, айырмашылықтарын, бір-бірінен артықшылықтарын екшеп, оны да біліп алған. Ел назарында жүрген, «осы қалай?» - деген азаматтарына да көңіл дүрбісін бұрған. Тағы бір таң қалғаным, біздің облыс ұлттық құрамы жағынан ерекше өңір ғой, соны ескеріп, казактардың салт-дәстүрін, тілін-дінін әбден  зерттеген. Бұл туралы өзі де бір кездескенімізде маған егжей-тегжейлі айтқан еді. Екатерина патшаның Жайық қалашығының тарихына қатысы, Разин, Пугачев көтерілістерінің егжей-тегжейін бес саусақтай біліп алған. Орал қаласына сонау ықылым заманда келіп-кеткен, орыстың, шетелдің аймаңдай ұлдарының  Жайық өңірі туралы айтқан-жазған, сызғандарын жатқа соққанда, орыс-казагіңнің өзін жаңылдырғанын талай көрдім. Асаутарпаң  болып келетін казактар Қырекең сөйлеп кеткенде, сүттей ұйығанына да талай куә болдым. Казактармен кездескенде «Қазақтар мен казактар – түбі бір туыс халық, бір-бірімізді бөлетін реті жоқ, тіліміз де кейде бір-біріне ұқсас болып келеді, мысалы, ең қарапайым ұқсастыққа қараңызшы: қаймақ-каймак, ақбалшық-акбалшык, мұндай мысалдар толып жатыр. Казактың атаман, есауыл деген сөздерін алайықшы...  Атаман – маңайдың атасы, есауыл-ауылдың есі, иесі, дегенді білдірмей ме?..» - дегенде мұны іштерінен жақсы білетін, бірақ сырттарына шығармайтын казактардың сеңсең бөріктері (папахалары) жел шайқағандай  тербеліп  кететін.

Жасырмай айтсам, біз сол кезде «облысқа іскер басшы  келді-ау!» - деп қуанып жүрдік. Өйткені шынында да көп ұзамай облыс өміріне тың жаңалықтар мен серпілістер еніп, барлық саланың тамырларына қан жүгіре бастады. Оған қалай қуанбайсың?!

Қырымбек Елеуұлы аудандарды араласа, актив жиналысын өткізіп қана қоймайды, қарапайым халықпен міндетті түрде кездеседі, арыз-шағымдарына, ұсыныстарына мұқият құлақ түреді. Ықылым заманнан ноқтаға басы симай, шідерімен қарғып тұратын біздің аудан ерекше ғой. Алашорданың батыс бөлімшесі болып дәуірлеген заманда «елім, қазағым» деп  ғұмыр кешкен азаматтардың бүгінге жеткен ұрпақтары мекендеген ауыл-аймақ. Бес саусақ бірдей емес, ел болғасын арасында «сақалы кеңірдегіне шыққан» немесе «бір кебісті бір кебіске кигізіп отырмаса, ішкен асы бойына тарамайтын» небір кержақтар, кері тартып, бұра сөйлейтіндер, қит етсе, жоғарыға арыз борататындар да жоқ емес. Кеңес, партия  заманында да, бері келгесін де Жымпитыда талай рет «жел» тұрды. Ауданның ары мен қолы таза емес талай әкімін аудан халқы талай рет тағынан аударып тастады. Турасын айтқанда, жиналыс болса, елді ала тайдай бүлдіргісі келіп тұратындар да жетіп артылатын. Тұрып алып, не болса соны көкіп сөйлейді, халықтың аузын аштырмай, елді наразылыққа шақырады. Сондай біреу  менің әкім болған кезімде де болды. Өзі бір – тыңдауға тілі аузына сыймаған шешен, бір төбенің шаңын бір төбеге қосып, құйғытып ала жөнеледі. Одан біз талай рет мезі болдық, ұятқа да қалдық. Жиын, жиналыс болса, бұра тартып, сөйлемей қоймайды. Сол қарт Қырымбек Елеуұлының ауданға келіп, халықпен бір кездесуінде тұрып алып, қызыл тілін безеді. Айтып тұрғанының әкім ретінде маған түк қатысы жоқ, қазан-ошақ төңірегіндегі арыз-шағым біраз жиналысқа қатысып отырған жұрттың делебесін қыздырып, отқа май құйып тұр. Ауданның басшысы ретінде жерге кірердей ұялып әрі қысылып барамын. Қырекең әлгінің сөзін бөлмей, аяғына дейін зейін қоя тыңдап алды. Анау асып-төгіліп басылған кезінде, асықпай сөзін бастады, арызқойды сөккен жоқ, қатысып отырған халыққа да еш реніш танытпады. Өзі қазақшаға да, орысшаға да су төгілмес жорғадай жүйрік қой. Бейнелеп, көркемдеп, мақалдап сөйлеп келді де:

– Үлкен кісі, мынандай сөз бар ғой, қазақта - деді сәл кідіріп. – Жақсы адам дана болар, екі өзеннің қосылған сағасындай, немесе жаман болар, бықсып  жанған ағаштың шаласындай, - деген... Сіз өзіңіз елдің ақсақалы дегізгендей жастасыз. Бірақ мына сөзіңізге қарап, сізді данаға жатқызамыз ба, әлде бықсып жанған шалаға жатқызамыз ба? - дегенде зал сілтідей тынып, әлгі адамға қарап қалды. Ол болса, тілі байланып, сұры қашып, сөйлей алмады, сәлден кейін ізімғайым жоғалды жиналыстан. Содан қайтып жиналыс болса, тілін безеп сөйлеуді қойды, тіпті жиналысқа қатыспайтын болды. Арыздары да сап тиылды.  Сөйтіп, Қырекең бір-ақ ауыз сөзімен жылдар бойы төбемізге әңгіртаяқ ойнатып  келген арызқойымызды түпкілікті жөнге салып кетіп еді...

*  *  *

Осы биыл Қырымбек Елеуұлы Көшербаевпен кездестім. «Айналайын, азаттық!» атты кітабы жарық көрген еді. Сол шығарманы бастан аяқ оқып шыққанмын. Керемет жазылған! Қырекеңді бұрын қызмет бабында, көбіне ресми жағдайда көріп білсем, мына кітапты оқығаннан кейін тіпті жақын тани түстім. Бір таңқалғаным, екеуміздің балалық шағымыз бір ауылда, бір жерде, бір үйде өткендей. Елеу қарт та баласын менің әкем – Кенжетай сияқты тәрбиелепті. Қандай қонақ келсе де, олардың қолына су құйдыратыны, абыз ақсақалдардың батасын  баласына тыңдататыны, бәрі-бәрі ұқсас. Мектепте мен сияқты үздік оқығаны, олимпиадаларға қатысып, озып шығатыны, физика, химия, математика пәндерінің мұғалімдері бұған таласатыны, бәрі-бәрі менің балалық шағымда басымнан кешкендерімнен аумайды. Тіпті қатты тентек болғанда әкеміздің шыбыртқымен шыпқыртатыны да бірдей. Сол «Айналайын, азаттық!» кітабының бірнеше данасын әдейі сұрап алдым. Елге әкеліп, тұсаукесерін жасап, үлкендермен қатар мектеп оқушыларына да таратып бердім. Кітапханаларға да берілді. Ол кітапта көп нәрсе бар. Ұлттық идеологияның оқулығына молынан жарайтын еңбек. Әсіресе мектеп оқушылары үшін тәлімді тәрбие беруге жарайтын шығарма деп, оқығанда риза болып отырдым.

Өзі талай жұмыстың тізгінін ұстап, биік-биік лауазымдардың қазанында қайнаған тұлға ғой. Талай жерді көрген, небір тұлғалармен сапарлас, дәмдес, пікірлес, жолдас-дос болған. Солар туралы да мөлдіретіп жазған. Айтарым, бұл кітапты әрбір қазақ оқып шықса, өкінбейді.

Қырекең бізге әкім болып келгеннен кейін елге сыйлы, бұрын жоғары қызметтерде ел назарында жүріп, адал еңбегімен абыройға бөленген зейнет демалысындағы ағаларымен арнайы кездесті. Оларды кейін өздері жұмыс істеген аудандарға куратор етіп қойды. Олармен жиі кездесіп, ақылдасып отырды. Мұнысы сұңғылалық еді. Әкімдер кейде ащы мәселелерін өзіне тікелей айта алмайтынын іштей сезетін. Ал  куратор ақсақалдар өзі бекітілген ауданның жан жарасын бір кісідей біледі, тура айта алады. Мен басқаратын Сырымға Науанов Максим ағайды бекітті. Мен онысына кереметтей қуандым. Қатардағы мал маманынан аудан әкіміне дейін жоғарылаған, ауыл шаруашылығының асқан білгірі  Максим ағай  Сырымның жәйін бес саусақтай білетін. Ол кісі менің әкем Кенжетай  директор болған кезінде қарауында істеген. Марқұмның мына бір әңгімесі әлі есімде. Әкем кезекті еңбек демалысына шығады да, орнына Максим ағайды қалдырып кетеді. Мәкең ол жоқта сонау Иркутск жағынан арнайы бригада жіберіп, дайындатып әкелген ағаш материалдарын мал қораларының керегіне пайдаланып жібереді. «Кежеақаң ренжіді, бірақ қатты ұрысқан жоқ» - деп күлетін қайран Мәкең.

Сонау бір жылдары «Ауыл жылдары» болып жарияланғаны әлі есімде. Ол кезде облыста 154 ауыл болатын. Экономикалық қиындықтарға байланысты ауылдар дәл сол кездерде азып-тозып кетті. Қырымбек Елеуұлы Сырымға іссапармен келді. Қасында біздің кураторымыз Максим Жанғалиұлы. Бұлдырты ауылына бардық. Мен өзім Бұлдыртыда туғанмын, оның сол кездегі жағдайына жаным ашып жүретін. Бірақ облыс әкіміне батып, ештеңе айта алмаймын. Тек Максим ағама құлаққағыс етіп, айтып қойғанмын. Ай, аруағыңнан айналып кетейін деп отырамын Максим ағама бүгінде. Бір орайы келгенде Максим  ағам: – Қырымбек, – деді. – Мына Бұлдырты – Мараттың туған ауылы. Кезінде құлпырған мекен еді, осы ауылды «Ауыл жылы» аясында көтеріп жіберсек қалай болады? Анау азып-тозып, қисайып тұрған мектеп, балабақша,  клуб, емхана, кеңсені жөндетсек, күл-қоқыстан тазартып, көшелерін түзеп, тал-терек ексек, жолын түзесек, жұтынып шыға келейін деп тұр. Сосын оны басқа аудандардың әкімдеріне көрсетіп, алыс-жақыннан қонақтар шақырып, облыстық семинар өткізсек, басқаларына жұғысты болар еді, - деді ғой. Қырекең жайылып түсті, «несі бар, дұрыс бастама, оңға басатын шара болайын деп тұр» - деді. Көп ұзамай қаржы бөлді. Бірер жылдың көлемінде Бұлдырты құлпырып шыға келді. Төбесінен ұшқан құс төңірегіне айналып қонатын, күре жолмен кетіп бара жатқан жолаушы ат шалдырып тоқтайтын ауыл болды да шықты. Дүркіретіп семинарды да өткіздік. Оған қатысқан ұзын саны 600-дей адам, ішінде Президент аппаратынан келді, Мәскеуден өзіміздің ағамыз, академик, Социалистік Еңбек Ері Алексей Черекаев келді, әкімдер, қонақтар бар: «Біз де ауылымызды осылай жарқыратамыз» - деп алақандарына түкіріп, аттанып жатты. Осы жерде бір қызық оқиға болды. Ауыл қарттары Қырымбек Елеуұлының шалғайына оралып: – Қырымбек балам, мына Маратымыздың Мұрат інісінің кішкентайы қырқынан шығайын деп жатыр. Соған атыңызды беруге келісіміңіз бен батаңызды берсеңіз дейміз, – деді. Шынын айтсақ, Қырекең алғашында сасып қалды.  Қариялар: «Батыста да бір Қырымбек жүрсін, айналайын, қысылма, келісіміңді бер» – деп болмады. Мына жақтан қарияларға Черекаев ағамыз да қосылды. Сөйтіп сәбиге Қырымбек есімін Қырымбектің өзі қойып еді...

Тағы бір айтарым, Қырымбек Елеуұлы аудандарға жаңадан әкім тағайындаса, оны  құрқол жолдамайтын. Барған бойда бір іс бітірсін, елдің назарына ілінсін деп белгілі мөлшерде миллиондап қаржы бөлетін сол ауданға. Бұл да көрегендік қой, жаңа әкімге қамқорлық қой. Ал ондай көмекті Қырекеңнен басқа ешкім көрсеткенін білмеймін... Осы жерде өзіме қатысты айта кетейін, Сырым ауданын жиналыста көтермелеп отыратын. Маған сөз бергенде «маңдайалды ауданымыз Сырымның әкіміне сөз берейік» - деуші еді. Сол кезде басқа ауданның, анау Ақжайық, Жаңақала сияқты аудандардың әкімдері іштей қызғанатындарын да сезетінмін.  Мен өз ауданымнан алып айтсам, Сырымға өзі айтқандай газ, су барды, жол түзелді. Көптен жыр болған мектеп салынды, аурухана бой көтерді. Ауылдарда мәдениет үйлері, денсаулық нысандары күрделі жөндеуден өтті.

Қырекең мені Президент аппаратына жұмысқа жолдағысы келгенін, менің ол үшін талай сүзгіден өткенімді тұстастарым жақсы біледі. Енді ауысқалы жатқанымда, бұл қызметке алудың тәртібі өзгерген қаулы шықты да, олай қарай жол шықпады. Қырекеңнің маған үлкен сенім артқанына бұл үлкен дәлел деп ойлаймын, оған әлі күнге риза боламын.

*  *  *

Енді аймаңдай азаматқа деген ақ көңілімнен шыққан ойларымды жазумен қатар, өзімнің ішкі өкінішімді, «әттегенайымды да» айта кетейін. Менің жұбайым Марта – дастарқан мәзіріне өте мәттақам жан. Қонаққа қойылатын дәмнің бәрін өз қолымен дайындайды. Басқаларға мүлдем ұқсамайтын, өзіндік әдіс-тәсілімен пісіріп-түсіріп, мықтап әзірленеді. Қырекең Сырымға іссапарлап келгенінде үйімізде болды. Дастарқанымыздан дәм татты. Сонда дайындалған тағамдарды сүйсіне алып отыратын. Оралда бір кездескенімізде: – Марат, біз Гүлнәр Мұстафақызы екеуміз сіздің үйге қонаққа барғымыз келеді, жұбайыммен бірге отырып, Мартаның тіл үйірген дәмін татсақ деп ойлаймын ылғи. Бірақ соған уақыт болмай жатыр, - дегені. Мен сасып қалып, «қашан болса да, қош келесіздер!» дегенім есімде. Ал кейін арнайы барып, арнайы қонаққа шақырмағаныма әлі күнге өкінемін... Ұялдым ба, бата алмадым ба, өзім де білмеймін...

*  *  *

Қырекеңмен сөйлескен, кездескен кездерімді еске алсам, ұлы жазушы Антон Чеховтың бір айтқан тәмсілі ылғи ойыма оралады. Мағынасы: «Адамның киген киімі, жүріс-тұрысы, жазуы, сөзі, тіпті ойлаған ойына дейін әдемі болуы тиіс» дегенге саяды. Мен үшін Қырымбек Елеуұлы сондай адам. Сонау бір жылдарда Жайық өңірінде Қырекеңнің командасында ол кісі күткен сенімнен шығып, үзеңгілес еңбек еткенімді мақтан тұтамын. Қазанат азаматпен қанаттас болғаныма өзімді бақытты санаймын десем имандай шыным. Азаматтығына, іскерлігіне талай рет тәнті еткен азаматқа Жасаған ие жасампаз күндер мен ұзақ ғұмыр бергей!

Осылай деп барып, Сырым ауданының құрметті азаматы, ауыл шаруашылығының ардагері Марат Кенжетайұлы Оңғарбеков әңгімесін аяқтады.

Әңгімені жазып алған Есенжол Қыстаубаев,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале