26.06.2025, 15:30
Оқылды: 730

Ақ Жайықтың Айтқалиы – 85 жаста!

Ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Айтқали Нәріковтің 85 жасқа толу құрметіне орай облыс көлемінде бірқатар іс-шара ұйымдастырылды. Ақынның көркем туындылары «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Жұлдыз» журналында жарияланды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде қаламгердің шығармашылығына қатысты бірнеше мақала-материал жарық көрді. Ақ Жайықтың Айтқалиының мерейжасы жоғары деңгейде аталып өтті деуге толық негіз бар. Тасқаладағы той мен Орал қаласындағы кеш соның анық айғағы.

DSC09520

Тасқаладағы той

Ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Айтқали Нәріковтің 85 жас мерейтойы 18 маусым күні Тасқала ауданында тойланды. Аталған аудан әкімі Талғат Шәкіров Орал қаласынан Тасқалаға табан тіреген зиялы қауым өкілдерін қазақы игі дәстүрмен күтіп алды. Қонақтар ең әуелі Айтқали ақын туып-өскен Оян ауылына бет алды. Жалпы орта білім беретін Оян мектеп-бөбекжай-балабақша кешенінің ұжымы меймандарды ерекше сән-салтанатпен қарсылады. Кезінде ақынның өзі оқыған мектепте Айтқали Нәріков атындағы қазақ тілі мен әдебиеті сыныбы ашылды. Осы уақытқа дейін Тасқала ауданы бойынша бірде-бір сыныпқа танымал тұлғаның есімі берілмеген екен. Мұндай құрмет алғаш рет Айтқали ақынға көрсетілді.

Кабинеттің лентасын қияр тұста аудан басшысы Талғат Асқарұлы сөз алып, ақынды мерейлі жасымен құттықтады. Лента қиылған соң қонақтар ішке беттеп, сыныпқа жайғасты. Мектеп оқушылары қаламгерлердің өлең-жырларын нақышына келтіре жатқа оқыды. Содан соң ақынның замандасы, ардагер ұстаз Шолпан Қазбекова Айтқали Нұрышқалиұлының ерекше қасиеттеріне, тұлғалық болмысына қатысты біраз пікір айтты.

DSC09463

– Айтқали ақын тек поэзия жанрында емес, деректі проза жанрында да қалам тербеді. Журналистика саласында жемісті еңбек етті. Ол қоғамды ізгілендіру, адамгершілік тәрбие, асқақ гуманизм, пайым-парасат жөнінде үзбей жазып келеді. Оның көрген-білгені, көкірегіне түйгені көп. Аудан басшылығының, ауылдастарының осылай құрмет-қошемет көрсетуі, ықылас-пейіл танытуы ақынға тың күш-қуат, жалын-жігер, шалқар шабыт сыйлайтыны анық, – деді ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтайдың мүшесі, Қазақстан Жазушылар одағының Батыс Қазақстан облысындағы өкілі Бауыржан Ғұбайдуллин.

Іс-шара Оян мектебінің музейі жанындағы Айтқали Нәріков атындағы арнайы залдың ашылуына ұласты. Арнайы залға ақынның кітаптары, қолданған заттары, медальдары, фотосуреттері қойылған және портреті ілінген. Залды жасақтауға кәсіпкер Мәди Хайыров, сондай-ақ Бекзат Хайыров, Саясат Қуанышқалиев, Дәурен Нұрмағанбетов, Берік Жалмурзин, Тұрарбек Есқалиев, Садин Сейітжанов секілді шаруа қожалықтарының басшылары және мектеп түлектері, ақынның бауырлары қолғабыс еткен.

DSC07906 (1)

Айтқали атындағы сыныппен, мектеп мұражайы жанындағы арнайы залмен танысқан зиялы қауым өкілдері Оян ауылдық мәдениет үйіне беттеді. Мәдениет үйінде облыстық Айтқали Нәріков оқулары өтті. Бұл байқауда облыс құрамындағы аудандардан 18 қатысушы бақ сынады. Олар ақынның өлең-жырларын жатқа оқыды. Қатысушылардың өнерін «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, жұбантанушы Үзілдік Елеубаева, «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Алтынбек Әбділманов, Тасқала ауылында орналасқан Қаныш Сәтбаев атындағы жалпы орта білім беретін мектептің қазақ тілі пәнінің мұғалімі Бибігүл Батырова және «Amanat» партиясы БҚО филиалы қоғамдық қабылдау бөлімінің басшысы Гаухар Шайхиниязова бағалады. Осы іс-шарада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Қатимолла Бердіғалиев, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» ордені мен «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Қанатқали Қожақов, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Жұмағаным Рахимова әннен шашу шашты.

Байқау қорытындысы бойынша 13-16 жас аралығындағы қатысушылар арасында Тельман Нұриман (Казталов ауданы), 17-25 жас аралығындағы қатысушылар арасында Ақерке Нұржанова (Тасқала ауданы) 1-орынды иеленді. Поэтикалық бәйгенің жеңімпаз-жүлдегерлері дипломдармен, ақшалай сертификаттармен марапатталды.

Ақынның бауырларының атынан Тасқала ауданындағы Мереке ауылдық округінің әкімі Мэлс Нәріков жалпы орта білім беретін Оян мектеп-бөбекжай-балабақша кешенінің директоры Мейірім Батырғалиевке мұражай жанынан ашылған арнайы залдың көрімдігі ретінде 100 000 теңге берді. Оған қоса, бірқатар байқау қатысушысын «Көрермен көзайымы» аталымымен марапаттап, ақшалай сыйлық ұсынды. Осы тұста жазушы-журналист Бауыржан Файзоллаұлы 17-25 жас аралығындағы қатысушылар ішінен 2-орынды еншілеген Ақбота Владимированы (Қаратөбе ауданы) қаржылай марапаттап, оның өлеңдерді шынайы оқығанын жеткізді.

Айтқали оқулары да мәреге жетіп, қонақтар аудан орталығына жол тартты. Аудандық мәдениет үйінде «Жылдар жаңғырығы» атты шығармашылық кеш өтті. Кешті Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры Дәулеткерей Құсайынов жүргізді. Аудан әкімі Талғат Шәкіров Айтқали Нұрышқалиұлының иығына шапан жауып, ат мінгізді. Ақынның ұстазы Ажар Мұстафина мен досы, ауыл шаруашылығы саласын өркендетуге зор үлес қосқан еңбек ардагері Нәсіпқали Қайырқомов сөз алып, естеліктерімен бөлісіп, қаламгерге амандық-саулық тіледі. Ақын, ардагер ұстаз Үзілдік Елеубаева ізгі ниет-тілегін ақтарса, М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті қоғамдық даму департаментінің директоры, Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының академигі Абат Қыдыршаев ақын туындыларының көркемдік ерекшеліктеріне тоқталды. Шығармашылық кеш барысында Қатимолла Бердіғалиев, Жұмағаным Рахимова, Қанатқали Қожақов сынды сахна саңлақтары ән әуелетті. Айта кету керек, Жұмағаным Рахимова мен Қанатқали Қожақов Айтқали ақынның сөзіне жазылған «Бейтаныс ару» және «Жылдар» әнін орындады. Шығармашылық шырайлы кеш соңында Айтқали Нәріков алғысын айтып, барша көрерменді 20 маусым күні Орал қаласында өтетін іс-шараға шақырды.

DSC07833

Қаламгердің шығармашылық портреті

Орал қаласындағы облыстық халық шығармашылығы орталығында ақынның мерейтойына орай «Қаламгер ғұмыр» шығармашылық портреті өтті. Кеш барысында Айтқали Нұрышқалиұлының өлеңдері оқылып, шағын поэзиялық қойылым сахналанды. Экраннан Қадыр Мырза Әли, Темірхан Медетбек, Серікқали Шарабасов сынды белгілі тұлғалардың бейнесі көрініп, олардың Айтқали ақынның шығармашылығы туралы кезінде айтқан ой-пікірлері жұртшылық назарына ұсынылды.

«Иә, Айтқали Нәріков қазақтың қара өлеңі үлгісінде жазады. Бұл – адастырмайтын жол, дұрыс бағыт. Ақын өлеңдеріне тақырып іздеп, аласұрмайды, «ғарышқа самғап, мұхитқа сүңгімейді», күпінбейді, асқақтамайды, сыңарезулемейді, көңілін тербеткен жайларды қоңыр әуенмен толғап отырады. Біздің кейбіреулеріміз бір шумаққа, бір өлеңге орасан ауыр жүк артуға тырысамыз. Яғни аз сөзбен көп ой айтуға талпынамыз. Тайлаққа тайлақ көтеретін, атанға атан көтеретін жүк арту керек деп ойлаймын өзім. Ақын Айтқали Нәріковтің қай өлеңін алсаңыз да, тек өзіне лайық жүкті көтеріп тұрады», – деген екен Темірхан Медетбек.

Шығармашылық кеш барысында Айтқали ақын сахнаға көтеріліп, мерейлі жасын атап өтуге бағытталған іс-шаралардың басы-қасынан табылған жандарға рақмет айтып, өнерпаздармен бірге өлең оқыды. Облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев өңір басшысы Нариман Төреғалиевтің қаламгерді арнайы қабылдап, мерейтойымен құттықтағанын айта келе, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтаухатын оқып берді. Құттықтауда: «Қадірлі Айтқали Нұрышқалиұлы, сіз – ардақты азаматсыз. Көркем туындыларыңыз оқырманның жүрегінен орын тапты. Қиындықтарды жеңіп, талай жыл талмай еңбек еттіңіз. Сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр және шығармашылық шабыт тілеймін!» делінген.

DSC09596

Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Ғалым Қалибекұлы, ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Бауыржан Құрманқұлов, маңғыстаулық қаламгер Ғалым Әріп және Қазақстан Жазушылар одағының Батыс Қазақстандағы өкілі, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтайдың мүшесі Бауыржан Ғұбайдуллин қаламгерді мерейлі жасымен құттықтап, Ақ Жайық ақын-жазушыларының ақсақалына сый-құрмет көрсетті.

DSC09623

– Айтқали ақынды 85 жасымен құттықтау үшін Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов мені Оралға арнайы жіберді. Одақтың 1 100 мүшесінің атынан қаламгерге амандық-саулық тілеймін. Қадыр Мырза Әли, Темірхан Медетбек сынды әдебиет алыптарынан асырып ештеңе айта алмаспыз. Айтқали Нәріков – тек Батыс Қазақстанның ғана емес, бүкіл қазақтың ақыны һәм ардақты азаматы, – дей келе Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Ғалым Қалибекұлы ақынның иығына шапан жауып, «Қазақстанның құрметті жазушысы» атағының төсбелгісін мерейгердің өңіріне тақты.

Мәрлен Ғилымхан,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале