26.11.2024, 11:48
Оқылды: 12

Ақ Жайықтың Айтқалиының қос кітабы оқырманға жол тартты

Жуырда халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Орал қаласы және Тасқала  ауданының құрметті  азаматы, ақын Айтқали Нәріковтің «Сол баяғы қағаз бенен қаламмен...» атты кеші өтті. Бұл кеште «Жақсылар жүрер жадымда» поэзия, «Ер  Жүсіп» проза кітаптарының «тұсауы» кесіліп, қалың оқырманға жол тартты. Әдеби іс-шараға БҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы ұйытқы болып, Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығы ұйымдастырған.

DSC04117

Қағаз бенен қаламның лайықты иесі, Ақ Жайықтың Айтқалиы сексеннің бесеуіне таянса да, қаламын әлі туарған жоқ. Ақпарат саласындағы ерен еңбегінің арқасында Қазақстанның құрметті журналисі атанған, бұған дейін ой өрімінен 20-ға жуық кітап туып, елдің түкпір-түкпіріне өрістеді. Кештің ресми ашылуында БҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Қуанышбек Мұқанғалиев құттықтау тілегін білдірді.

– Поэзия мен прозаны қатар алып жүру – кез келгеннің қолынан келе бермейтін іс. Сіздің әр жазған шығармаңызды, әр жазған өлеңіңізді қалт жібермей оқып, сусындап келеміз. Алдағы келе жатқан мерейтойыңыздың бұл тек бастамасы болсын! Осы орайда Қадыр орталығының жұмысын да елеп-ескерген жөн. Өңірдің мәдени ошағы «Елеулі есімдер» жобасы аясында өзінің  дәстүрлі бағытынан жаңылмай, биыл да біраз жобаны жүзеге асырды, – деді ол.

IMG_3051

Содан кейін, арнайы Астана қаласынан келген тарихшы, өлкетанушы Сайлау Сүлейменов пен Айтқали Нәріковтің бала кезден бірге өскен досы, Ақжайық ауданының құрметті азаматы Нәсіпқали Қайырқомов «Ер жүсіп» атты жаңа прозалық кітаптың лентасын қиса, еңбек және тыл ардагері, М. Ықсанов қорының директоры Асқар Атаев пен еңбек ардагері, ұстаз Көшербай Төкестай «Жақсылар жүрер жадымда» поэзиялық кітабының «тұсауын» кесті. Төгілген тілек пен ағылған ақжарма лебізден Атаев Асқар ақсақал: – Ақындық пен жазушылық қасиет – әкенің қанымен, ананың сүтінен, Құдайдың берген қасиеті! Қолда бар алтынның қадірін біліп, ортамызда жүрген тұлғаларды құрметтеуіміз қажет. Бүгінгі кешке ақын, жазушы замандастар, ізімізден ерген іні-қарындастарымыз қатысып отыр. Олардың барлығы да бір-бір ақын, не жазушы болмауы мүмкін. Бірақ  ұрпақ әдебиетпен сусындап өссе, келешек жаман болмайды, – деп, кешке қатысқан қатарлас қаламдастары мен жас буынға алғысын білдірді. Сондай-ақ Тасқала ауданының ішкі саясат бөлімінің басшысы Думан Ғазез туған жерінің ыстық сәлемін жеткізіп, аудан әкімінің алғысхатын табыстап, ауылдағы ағайынның атынан  Айтақаңның  иығына шапан жапты. М. Өтемісов атындағы БҚУ филология факультетінің студенттері, Д. Қонаев атындағы №44 мектеп гимназиясының оқушылары ақын өлеңдерін жатқа оқыды. Кеш барысында Айтқали Нәріков өмірі мен қызметі жөнінде әңгіме тарқатып, ақын Қадыр Мырза Әлимен алғашқы таныстығы, аралас-құралас болған елге белгілі бірқатар ақын-жазушылар туралы естелігімен бөлісті.

Нұрым Ғұмаров

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале