2.10.2020, 17:49
Оқылды: 196

Ақ Жайықтың ақын-жазушылары бас қосты

Бүгін Орал қаласындағы Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында Қазақстан Жазушылар одағының Батыс Қазақстан облыстық филиалының алғашқы жиыны өтті.

Бау 3

Карантин талаптарына сай өткен жиынға Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Серік Егізбаев, Батыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Сайран Дүйсенов, "Қазақстан салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері кәсіптік одағы" қоғамдық бірлестігі БҚО филиалының төрағасы Айдар Батырханов, Қазақстан Жазушылар одағының БҚО филиалының төрағасы Бауыржан Халиолла, өңірімізге белгілі 30-ға жуық ақын-жазушы, жас қаламгерлер қатысты.

Шараны филиал төрағасы Бауыржан Халиолла кіріспесөзбен ашты.

Бауыржан Ергенұлы жиынға қатысушы қаламгерлерге ізгі тілегін арнап, алғысын білдірді.

Қазақстан Жазушылар одағының БҚО филиалы жұмысын абыроймен атқарған Ақ Жайықтың Ақ шағаласы Ақұштап Бақтыгерееваның сәт-сапар сәлемін жеткізді.

Бау 1

Сондай-ақ, биыл мерейлі 80 жасқа толып отырған белгілі ақын, журналист Айтқали Нәріковті филиал атынан мерейтойымен құттықтап, иығына шапан жапты.

Сонымен қатар, Айтқали Нұрышқалиұлының мерейтойына арналған "Ақжайықтың Айтқалиы" атты облыстық жыр-мүшәйрасының жарияланғанын хабарлады.

Бау 2

Б.Халиолла Қазақстан Жазушылар Одағының БҚО филиалының алдағы атқарар жұмыстарын, жоспарларын ортаға салды.

Оның ішінде ақын-жазушылардың жыр жинақтарын шығару, шипажайларға жолдама, табиғат аясында кездесулер ұйымдастыру, жастарды қолдау, осылайша Ақжайықта әдеби ортаны қалыптастыру жұмыстарын тілге тиек етті.

Баспа ісін дамыту, өмірден өткен ақындар есімін ұлықтау мақсатында ақындар аллеясын ашу, т.б. кезек күттірмейтін шаруаларды ортаға салды.

Жиыннан соң екінші еркін отырыс мәжіліс залында жалғасып, сол жерде ұсыныс-пікірлер, жоспарлар тыңдалды.

Қазақстан Жазушылар одағының БҚО филиалын 1995-2008 жылдары басқарған танымал жазушы Алпамыс Бектұрғанов өзі қызмет атқарған жылдары филиалдың атсалысуымен шыққан бірнеше кітапты сыйға тартып, ақсақалдық танытып, ақ батасын берді.

Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Серік Егізбаев ақын-жазушылар алдында сөз сөйлеп, филиал жұмысына сәттілік тіледі. Осы сәтті пайдаланып Жұбан Молдағалиев пен Қадыр Мырза Әлидің мерейтойын өткізіп, атсалысқаны үшін Қадыр ұжымына алғысын айтып, БҚО әкімі Ғали Есқалиевтің алғыс хатын табыстап, ақын-жазушыларға деген лебізін айтып, филиалдың ұсыныстарына жан-жақты қолдау білдіретінін жеткізді.

Бау 4

Шара соңында БҚО Мәдениет басқармасының басшысы Сайран Дүйсенов сөз сөйлеп, жас ақындар Айбол Исламғали мен Мәрлен Ғилымханның өлең оқуымен түйінделді.

Шара қонақтарына Қазақстан Жазушылар одағының Батыс Қазақстан облыстық филиалының арнайы дайындаған естелік сыйлықтар табысталды.

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале