Қаңтар айының бас жағында ел Президентінің Жарлығымен ҚР Денсаулық сақтау министрі лауазымына Ажар Ғиният тағайындалғаны мәлім. Сол кезде маңғыстаулықтар мен батысқазақстандықтар бөркін аспанға атып, бір ерекше қуанған болатын-ды. Маңғыстаулықтар демекші, олар «Ажар – Ақтаудың аруы, біздің жақтың қызы» десе де, ол Жайықтың қызы, нақтырақ айтсақ, Жаңақала ауданына қарасты Көпжасар ауылының түлегі. Ал мұны қалың оқырманның бірі білсе, бірі білмес деп топшылаймыз.
Ол облыс орталығынан шалғайда орналасқан алақандай ауылда һәм көп балалы отбасында 1969 жылы жарық дүниеге көрінді. Бүгінде бір қауым ел, жаңақалалықтар ақ желең Ажардай жерлесін мақтан тұтады әрі жеткен жетістігімен мақтанады. Мақтанса, мақтанғандай ғой! Ажардың бір басына жетерлік білім-білігі, парасат-пайымы, бағындырған белес, шыққан шыңы – ізінен ерген іні-сіңлілеріне үлкен үлгі. Бұл ұлтқа қызмет етудің жарқын көрінісі деуге де болады.
Отбасы жайлы
Бүгінгі мақаламызға арқау болған басты кейіпкеріміз де – басқа балалар секілді ауылдың шағыл құмында асыр салған, нағыз қазақи тәлім-тәрбие, салт-дәстүрді өн санасына сіңіріп өскен жан. Ажардың асқар тау әкесі Ғиният ағай мал дәрігері боп еңбек етсе, ардақты анасы Үмітай апай үй шаруасында болды. Ажар кіндіктен алты ағайынды.
Дәрігер болуды армандаған
Қазақта «Армансыз адам – қанатсыз құспен тең» деген тағылымды тәмсіл бар. Адамды асқақ арман, биік мұрат қана алға жетелейтіні өмір заңы. Ажар да құлдыраңдаған құлын, озат оқушы кезінен білімге деген құштарлығымен, мақсатқа жетпей тынбайтын қайсарлығымен замандастары арасында ерекше көзге түседі. Ол балауса бойжеткен кезінен-ақ желеңді абзал жан болып, ел-жұртқа адал қызмет етуді көксеген. Ажар Ғиниятқызы өмірлік мамандығы ретінде медицина саласын таңдады. Сөйтіп, 1992 жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина институтын дәрігер-педиатр мамандығы бойынша, 2007 жылы Ш. Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік университетін мемлекеттік және жергілікті басқару менеджері мамандығы және 2015 жылы Алматы менеджмент университетін МВА іскерлік әкімшілендіру магистрі мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 1993 жылы Атырау қаласының №2 қалалық емханасында учаскелік педиатр болып бастайды. Кейін 1994 жылдан 1999 жылға дейін Ақтау қаласының №1 медициналық санитарлық бөлімінің меңгерушісі, 1999-2001 жылдары Маңғыстау жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары, 2001-2005 жылдары Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары, 2005-2006 жылдары Маңғыстау облысы денсаулық сақтау департаментінің директоры болып абыройлы қызмет етеді. Одан әрі 2008-2017 жылдары Денсаулық сақтау министрлігінің басқарма басшысы, департамент директоры, 2017-2020 жылдары ҚР Президенті іс басқармасының медицина орталығы басшысының орынбасары қызметін атқарды. 2020-2022 жылдары ҚР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары болып қызмет етсе, 2022 жылдың 11 қаңтар күні ҚР Денсаулық сақтау министрі лауазымына тағайындалды. Осы кезде бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Ажар Ғиниятты жаңа қызметке тағайындалуымен қызу құттықтап, жылы лебіз-тілегін білдірген еді.
– Елімізде меритократия қағидаты жүйелі жүзеге асуда. Ажар Ғиниятты жауапты қызметке тағайындалуымен құттықтаймыз! Қазіргі жағдайда ел басшылығы өте дұрыс шешім қабылдады. Ол дәрігерлік жолын учаскелік педиатрдан бастап, аудандық, облыстық денсаулық сақтау саласында, Денсаулық сақтау министрлігінің орталық аппаратында қызмет атқарғанын, әріптестері арасында беделі жоғары, қиын-қыстау кезеңдерде еңбек еткенін білемін. Ол – кәсіби маман әрі ардақты ана. Жаңа министрден еліміздің медицина қауымына қолдау көрсетіп, денсаулық сақтау жүйесін дамытуға және Қазақстан халқының денсаулығын жақсартуға барынша ұйытқы болуды сұраймын. Алда талай жауапты жұмыстар күтіп тұр! – деп жазды Алексей Цой өзінің фейсбук парақшасына.
Жедел сұхбат
Осы мақаланы дайындау барысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиниятқа хабарласып, көкейіміздегі бірқатар сұрақ-сауалдарымызды жолдаған едік. Соны қаз-қалпында оқырмандардың назарына беруді жөн көрдік.
– Саламатсыз ба, Ажар Ғиниятқызы! Сізді жаңа қызметіңізбен қуана құттықтаймыз! Алғашқы сұрағымыз, бала кездегі арманыңыз қандай еді?
– Мен дәрігер болуды кішкентай кезімнен армандадым. Себебі отбасымызда дәрігерге деген құрмет ерекше еді. Бауырларым сырқаттанып қалса, анам ауыл дәрігерін шақырып, біз болсақ үйді жинап, қажетті құрал-жабдықтарды дайындап, асыға күтетінбіз. Міне, ес білген кезімнен бері өз ісімнің білікті де білімді маманы болсам, дәрігерлік шеберлігімді үздіксіз шыңдап, әр науқастың дертіне дауа, шипа таба білсем деп алдыма мақсат қойдым. Аурудан қысылған адамға бар қызметімді жасасам, жылы сөзіммен, ақжарқын адал көңілмен сырқаттың жайын таба білсем, жанары жәутеңдеп келген сырқаттың дертін емдесем, өзін мазалаған сұрақтарына жауап бере алатындай дәрежеде болсам дейтінмін. Иә, дәрігер болу оңай емес. Дәрігер мамандығының қыр-сырын қанық біліп, анық сол жолды таңдау үшін үлкен жүрек керек. Менің ойымша, дәрігер болу үшін шыдамдылық, білім мен біліктілік, аса сақтық, ұқыптылық, жауапкершілік, адалдық, шексіз мейірімділік, адамның тәнін ғана емес, жанын емдей алатын психолог бола білуің шарт. Ең бастысы, мамандықты сүю керек. Тәжірибе жүзінде біліміңді шыңдаудан жалықпау қажет. Әрдайым ізденісте жүруге дағдылану керек, күресе білу керек. Себебі дәрігер – күрескер адам. Ол жұмысын күресумен өткізеді. Қатерлі дертпен, ажалмен күреседі.
– Бала тәрбиесіндегі басты ұстанымыңыз?
– Құдайға шүкір, бүгінгі таңда мен өзім анамын әрі әжемін. Ең басты ұстанымым – балаларға үлкенді сыйлау, әке-шешесін қадірлеу, бауырларына бауырмал болуды үйрету. Екінші, қай ортада да тәртіпті болуға баулу. Себебі, тәртіпсіз өссе, бәрі бекер болмақ. Сол себепті де бала тәрбиесіне жіті көңіл бөлемін. Оларға үнемі: «Қандай қиындыққа тап болсаңдар да, адамның ала жібін аттамаңдар! Адал болып, ақ сөйлеңдер. Ар-намыстарыңды жоғалтпаңдар» деп айтып отырамыз.
– Министрдің хоббиін білсек бола ма екен?..
– Ең бірінші кезекте кітап оқығанды қатты жақсы көремін. Өйткені кітап – менің қорегім, рухани азығым. Қазірдің өзінде адам психологиясы жайлы, өмір философиясы туралы және жұмысыма байланысты басқару, менеджментке қатысты кітаптарды іздеп жүріп оқимын. Сонымен қатар таза ауада жаяу серуендегенді ұнатамын. Тәулігіне 10 000 қадам жасауды құп көремін. Жаяу жүру – денсаулыққа өте пайдалы дағды.
– Отбасыңыз, туып-өскен ортаңыз туралы айтып берсеңіз?
– Ауылда, қарапайым отбасында жарық дүниеге көріндім. Менің әжем Бейсекенова Барша – ел анасы болған адам. Ол – соғыс кезінде ел басқарған жан. Менің әжем Баршаны Жайық жұртының көбі біледі. Біз үшін әжеміздің орны бөлек. Дәстүрге сай қыздың үлкені болған соң әженің бауырында өстік. Әжеміз дүниеден өткенше бізге тәлім-тәрбие беріп, еңбекқорлыққа баулыды. Әкем – мал дәрігері, анам үй шаруасында болды. Бүгінде мені әр кез қолдап, демеп отыратын өмірлік жұбайым және балаларым, немерелерім бар. Олардың амандығы мен үшін үлкен бақыт.
– Жастарға айтар ақыл-кеңесіңіз?
– Болашақ жаман немесе жақсы бола алмайды. Ол, біз оны қалай қалыптастырсақ, сондай ғана болады. Әркім өз болашағының иесі. Сондықтан да жас кезден алтыннан қымбат уақытты тиімді пайдаланып, білім алып, еңбек етуге құлшынған жөн. Сіздер – елдің болашағысыздар! Армандар ұмтылған кезде ғана орындалады. Қазақстан ХХІ ғасырда қуатты әрі өздеріңмен бірге өркендейтін ел болуы үшін сіздердің күш-жігерлеріңіз, ынтымақтарыңыз, табандылықтарыңыз бен таланттарыңыз жеткілікті екеніне сенемін.
– Уақыт бөліп, жауап бергеніңізге рақмет!
*******
Мұрат Әбенов, ҚР Тұтынушылардың құқықтарын қорғау коалициясының төрағасы:
– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Денсаулық сақтау министрі етіп Ажар Ғиниятты өте дұрыс таңдаған. Маған неге мұндай ой келді? Біріншіден, білікті дәрігер, мықты маман. Екіншіден, медицина саласында барлық деңгейден өткен – өңірдегі аурухана, орталықтағы аурухана, министрлікте қызмет атқарған, осылайша бүкіл сатыдан өтіп, шарболаттай шыңдалған. Үшіншіден, әлемді жаулаған дертпен күресті ұйымдастыруда көп жұмыс атқарды. Төртінші – мемлекетшіл азамат, қолы таза, ешқандай жемқорлыққа қатысы жоқ адал адам. Сондай-ақ ол қолдың кірі – қызмет үшін, кресло үшін қандайда бір қоғамға қарсы қылмыс не жемқорлыққа бармайды. Ол – анық. Бесінші – әйел адам министр. Бұл – өз кезегінде дарынды жастарға, қаракөз қыздарымызға керемет үлгі. Алтыншы – адамгершілігі мол, кішіпейіл жан. Әр кез мәдениетті, сыпайы. Жетінші, қазақша таза сөйлейді. Елордаға қаймағы бұзылмаған, дәстүр мен салтын берік ұстанатын, нағыз қазақы өңірден келген абзал жан.
Мұнайдар Балмолда, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, кейіпкеріміздің сыныптасы:
– 1975 жылдың алтын күзінде жасымыз алтыда болса да, Ажармен бірге мектеп табалдырығын аттадық. Көпжасар ауылының ауылдық кеңесінде қызмет атқаратын менің әкем жасымыз жетпей тұрса да, сол жылы үш-төрт досының ұл-қызын мектепке іліктіріп жіберіпті. Содан ауылымыздың мал дәрігері Ғиният ағайдың қызы Ажар екеуміз бір партада отырдық. Ажар үздік оқушы болды. Бүкіл пәннен үлгерімі озық болып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласатын. Қашанда адамға болсын деп тұрады. Барша әжесі – ауыл-аймаққа өте сыйлы кісі болды. Кезінде ауыл басқарған екен. Ажар сол әжесінің тәлім-тәрбиесін жан-дүниесіне сіңіріп өсті, көпті көрген ұлағатты адамның ақ батасын алды. Ажардың адамгершілік қасиеті, білімі, ұйымдастыру қарым-қабілетінің тұма бастауы ауылымыздың қасиетті топырағынан және әжесінен, ата-анасы мен бізге сабақ берген Алтын апайдай ардақты ұстаздардан дарыды деп білемін. Құрдасымның, он жыл бірге оқыған көршім, ауылдасым Ажар Ғинияттың алдына үлкен мақсат қойып, биікке самғауын, өз басым, оның туған еліне, жеріне, Қазақстан атты Ұлы Отанға деген перзенттік махаббатынан, ақ пейіл парызынан деп түсінемін. Ақ Жайықтың Ажарына Алла жар болсын!
Әдемі Рахметуллина, Дина Нұрпейісова атындағы мектептің ардагер ұстазы:
– Ажар бала кезінен өте алғыр, сабаққа деген қабілеті жоғары, үздік оқушы болды. Ол сабақ оқып қана қоймай, қоғамдық тапсырмаларды да үлкен жауапкершілікпен орындайтын. Ұйымдастырушылық қабілеті балауса шағында-ақ кезінен жоғары еді. Қай-қай пәнді де өте жақсы оқып, мектеп қабырғасында жүріп-ақ ұстаздарының үкілі үміті мен мақтанышына айналды.
Алтынбек Ермекқалиев
zhaikpress.kz