Биылғы наурыз айының соңғы күндері Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Рахман Алшановтың «Жиырма мыңжылдықтың құпиясы: ізденістер мен ашылымдар» атты кітабы бойынша студенттер мен оқушылар арасында эссе жанрынан байқау ұйымдастырылғанды.
Айта кетелік, сөз сайысына Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті студенттерінен – 14, қала мектептеріндегі 10-11 сынып оқушыларынан 19 шығарма түскен. Кешегі күні осы шараға ұйтқы болған аталмыш білім ордасында байқау жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Бұл жиынға кітап авторы, «Тұран» университетінің ректоры, экономика ғылымдарының докторы, академик Рахман Алшанұлының өзі қатысты.
Алдымен, БҚИТУ ректоры, техника ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Бекболат Шакешев сөз алып, құрметті мейманға «Қош келдіңіз!» айтып, байқауда топ жарған талапкерлерге қаламдарың ұштала түссін деген ізгі тілегін жеткізді.
«Ұлық болсаң, кішік бол» қағидасын берік ұстанған биік бедел иесі, өн бойынан қарапайымдылықтың лебі ескен ардақты азамат Рахман Алшанұлы алғашқы кезекте құшақ жая қарсы алған Жайық жұртына ризашылығын білдіріп, аталған кітаптың жазылу себебіне, жалпы қазақ ұлтының арғы-бергі қатпарлы тарихына қысқаша тоқталып өтті. Ғалым толғаған толғақты ойларды қаз-қалпында баяндауды мынау шағын мақаламыздың көлемі көтермесі хақ. Сондықтан «Жиырма мыңжылдықтың құпиясы: ізденістер мен ашылымдар» атты жинақты оған қызығушылық танытқан әр оқырман тауып оқыса, дүниетанымы кеңейіп, көңіл көкжиегі нұрлана түсеріне еш күмән жоқ. Әрі кездесуде осы құнды кітап туралы пікір білдірген филология ғылымдарының кандидаты Азамат Мамыров, студент Еділ Қуанышалиев және қаладағы А.Тайманов атындағы №34 мектеп-гимназияның 10-сынып оқушысы Аружан Нұрлан қатысушыларға салмақты ой тастағанын айта кетелік. Айтпақшы, жүлдегерлердің бәрі дипломдары мен сый-сияпаттарын алматылық академиктің өз қолынан алса, бұл қатарда студенттер арасынан топ жарған Қуанова Мәдина Абайқызы мен бірінші орын иеленген оқушы Аружан Нұрлан да бар.
Иә, бұл күнгі шараның шымылдығы да әдемі жабылды. Өңірімізге ғана емес, күллі қазақ еліне танымал ұстаз-ғалым, академик Тұяқбай Рысбеков студенттік кезден сыралғы досы Рахман Алшанұлының өткен өмір парақтарын қайта аударып, бұл кісінің негізгі мамандығы экономист болса да, тарихқа құштарлығы алабөтен екенін әсерлі әңгімеледі. Әрі өзі де ғибратты ғұмырын оқу-білімге һәм ғылымға арнаған ол ордалы ойын: «Тарихшы болу міндет емес, тарихты білу міндет» деп келісті сөзбен көмкерді. Ал сағынышқа айналған сағым жылдарды еске оралтып, Оралға келген сапарында да жанынан табылған қимас досына Рахман аға қос кітабын сыйға тартып, құшақтары айқасты.
Бауыржан Махутұлы,
«Орал өңірі»