13.02.2025, 11:45
Оқылды: 428

Академия курсанттарын күтеді  

 

БҚО өңірлік  коммуникациялар  қызметі  алаңында  Ақмола  облысының  Көкшетау  қаласында  орналасқан  М. Ғабдуллин  атындағы  Азаматтық  қорғау  академиясына  оқуға  түсудің  талаптары  мен  шарттары  айтылды.  Бұл жөнінде облыстық  ТЖД  кадр  және  тәрбие  жұмысы  басқармасының  бастығы  Мирас  Әлекешев  және  аталмыш  басқарманың  бас  маманы  Марат  Әсетов  тарқатты.

WhatsApp Image 2025-01-30 at 11.04.12

Көкшетау қаласындағы М. Ғабдуллин атындағы Азаматтарды қорғау академиясы өрт қауіпсіздігі, төтенше жағдайлар орын алғанда азаматтарды қорғау, өрт сөндіру жəне авариялық-құтқару ісі, азаматтық қорғаныс күштерінің командалық тактикалық іс-әрекеттері атты төрт бағдарлама бойынша білім береді. Сондай-ақ академияда төрт жыл білім алу барысында курсанттар шетелдегі бейінді оқу орындарына түсуге мүмкіндік алады. Шетелдегі бейінді оқу орнына сәйкес Ресей Федерациясының Санкт-Петербор, Минск қалаларында және өзге шет мемлекеттерде  дайындықтан  өтеді.

– Академияға күндізгі оқыту түрі бойынша орта білімі бар, он алты жасқа толған, денсаулығы бойынша əскери қызметке жəне оқуға жарамды Қазақстан Республикасының азаматтары (ер балалар жəне қыз балалар) түсе алады. Сонымен қатар мерзімді əскери қызмет өткерген жəне мерзімді əскери қызмет өткеру кезеңінде өткізілетін конкурстық іріктеуден өткен тұлғалар қабылданады. Оқуға қабылдау Қазақстан Республикасы Ғылым жəне жоғары білім министрлігі  өткізетін ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) қорытынды сертификатының балына сəйкес жүргізіледі. Мерзімді əскери қызмет өткерген тұлғалар кешенді тестілеуден өтеді. Академияға түсуге ынта білдірген азаматтар тұрғылықты жері бойынша төтенше жағдайлар департаментіне жəне оның аумақтық бөлімшелеріне өтініш береді, – деді облыстық ТЖД кадр және тәрбие жұмысы басқармасының бастығы  Мирас  Әлекешев.

Құжаттарды қабылдау облыстық ТЖД және ТЖМ әскери бөлімдерінде осы жылдың қаңтар айынан басталды. Қызметке жарамдылығын анықтау барысында үміткерлер медициналық жəне психофизиологиялық куəландырудан, оның ішінде полиграфологиялық зерттеуден, міндетті арнайы тексеруден өтеді. ҰБТ жəне дене шынықтыру даярлығы жөніндегі нормативтерді тапсырады. Конкурсқа қатысу үшін үміткерлер академияға шілде айынан бастап  келуі  қажет.

Курсанттар республикалық бюджет есебінен оқытылады. Олар барлық оқу кезеңінде киім-кешекпен, тамақтану жəне мемлекеттік шəкіртақымен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар каникулярлық (семестрлік-тоқсандық демалыс) демалыс кезіндегі жолақысы төленеді. Оқу мерзімі – 4 жыл. Курсанттар 1-курстан 3-курсқа дейін академия жатақханасында, 4-курста өз есебінен жатақханадан тыс жерде Көкшетау қаласында тұрады. Білім алу уақыты əскери қызметті өтеу уақытына теңеледі (оқуды бітірген соң, мерзімді әскери қызметке шақыртылмайды). Академияда оқыған 4 жылда 4 жыл мерзімдік еңбек өтілі қосылып, зейнетақы қорына қаражат түсіп тұрады. М. Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының түлегі оқу орны тарапынан жұмыспен қамтылады.

Академияның  мекенжайы:

020000, Ақмола облысы, Көкшетау қ., Ақан сері көшесі, 136

Тел.: (87162) 25-13-36, қабылдау бөлімі: 25-52-49,

кадр  саясаты  бөлімі: 25-04-01.

Сұрақтар  мен  өтінім  бойынша:

БҚО ТЖД  Орал қаласы, Абай  Құнанбаев көшесі, 90

Тел: 87477852954, 51-27-03

Жауапты  маман  – кадр  және  тәрбие  жұмысы  басқармасының  инспекторы  Нұржан  Нұртасұлы  Бересов.

Нұрым Қайырболатұлы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале