Елімізде биыл 15 ақпаннан бастап бір жыл ішінде 1 815 бас киікті ғылыми мақсатта аулап, ұстауға рұқсат беріледі. Бұған кейбір экологиялық ұйымдар наразылық білдіріп жатыр. Алайда, ғалым-мамандардың айтуынша, алаңдауға еш негіз жоқ. Бұл туралы egemen.kz жазды.
Өсімтал жануардың саны тағы өседі
Қоғамда қайтадан көтеріле бастаған мәселеге байланысты Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ғылыми жұмыстар бойынша проректоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Әлжан Шәмшідін түсініктеме берді.
Бұл университеттің ғалымдары 2012 жылдан бері киікті сақтау және ұтымды пайдалану мәселесімен жүйелі айналысып келеді. Киікті қолда өсіру үшін мамандар тәлімбақ ұйымдастырып, ветеринария саласында ғылыми-зерттеулер жасады. Ақбөкенді жартылай ерікті жағдайда ұстаудың технологиясы мен әдістерін пысықтады. Батыс Қазақстан облысының Тасқала ауданында 2013-2019 жылдар аралығында шағын тәлімбақта 30 басқа дейін киік ұсталып, тәжірибеден өтті. Мамандар мұндай тәлімбақтарды ел болынша көбейту керек деп санайды. 2019 жылы дәл осы бағдарлама Парламент Мәжілісіне де ұсынылған. Бүгінде ғалымдар 100 мың, 200 мың бас киік ұстауға болатын тәлімбақтардың жобасын жасап, комитетке ұсынып қойған.
Ресми мәлімет бойынша киік саны Қазақстанда 2003 жылы 21 мың басты құраса, 2022 жылы 1 млн 318 мыңға жеткен. Ал Кеңестік Қазақстанда ақбөкеннің ең көбейген кезіндегі саны 1 млн 200 мыңнан аспаған екен. Осы киіктің ең көп саны бүгінде Батыс Қазақстанда, Еділ мен Жайық өзендерінің аралығында жүр. Кейінгі бірнеше жыл бойы жергілікті халық, ауыл фермерлері киік санының есепсіз көбеюіне наразылық білдіріп келеді. Оның себебі мөлшерсіз көбейген киік төрт түлік малдың өрісін тарылтып жатыр. Есеп бойынша бүгінде Орал популяциясында 2022 жылы көктемде 800 мың киік болған.
– Бұрын Кеңес одағы кезінде мықты қорғалып жүрген күннің өзінде Батыс Қазақстан облысында Орал популяциясындағы киік саны ешқашан 350-400 мыңнан асқан емес. 1980 жылдан бері қарай статистика мәліметі осындай. Ал қазір бізде былтырғы лағымен қосқанда 1,5 млн киік жүр, – деді Әлжан Смайылұлы.
2022 жылдың басындағы санақ Орал популяциясында 800 мың киік бар екенін атап өттік. Шамамен мұның 200 мыңы аталық екен. Сонда көктемде 600 мың ақбөкен лақтады. Оның 400 мыңы егізден, 200 мыңы бірінші лақтайтын болғандықтан бір лақтан туды дейік. Сонда былтыр 1 млн лақ дүниеге келді. Төлі мен ересегін қосқанда барлығы 1 млн 800 мың бас болды. Қыста текенің 40 пайызына дейін өледі, бұл – қалыпты жағдай. Күйек кезінде текелер бір-бірімен сүзіседі, жарақат алады, әлсірейді, сөйтіп, суық түскенде қыс ауасын көтере алмай біразы өледі. Табиғи заңдылық сондай. Бұл – тегін жемтік. Соның арқасында қазір ит-құс малға тиіспей, ен далада өлген текелерді жеп жүр. Фермерлердің ұйқысы тыныш.
– Былтыр туған 1 млн лақтың жартысы еркек, жартысы ұрғашы десек, былтырғы 600 мың аналыққа биыл кемінде 400 мың қосылады. Ендеше дәл қазір Батыс Қазақстанда 1 млн аналық киік төлдеуге дайын жүр. Ертең мамырдың 8-інен 18-іне дейін төлдейді. Екі есе көбейеді. Мамырдың 20-сы күні біздің алдымызда 3,5 млн киік жүреді. Менің айтып отырғаным – ресми статистика бойынша мәліметтер ғана. Ал жергілікті халық бұл жерде шын мәнінде 800 млн емес, 1,5 млн киік жүргенін біледі ғой. Бұл – лақтағанға дейінгі көрсеткіш. Сонда мамырдың соңына қарай бұл жерде ресми статистика бойынша 3,5 млн, халықтың есебі бойынша 5 млн ақбөкен болады. Бұл киік қайда сыяды? Мәселенің көкесін биыл, мамыр айында киік төлдегенде көреміз, – дейді Ә.Шәмшідін.
Киік көбейсе...
Киіктің көбейгені жақсы, әрине. Бірақ табиғатта қандай да бір жануардың шектен тыс көбейгені биологиялық арасалмақты бұзады. Не нәрсе де өзінің шегінен асып кетсе, зиянға шығады. Біріншіден, мөлшерден артық көбейген жерде міндетті түрде эпидемия болады. Кейінгі 10 жылдан бері осы тақырыппен нақты айналысып жүрген Жәңгір хан университетінің ғалымдары ақбөкеннің талай қатерлі жұқпалы паразитарлық аурулармен ауыратынын дәлелдеген. Мысалы, киіктен мониезиоз, бруцеллез, эхинококкоз секілді аса қауіпті ауру қоздырғыштары табылған. Бұл үй жануарларына, одан әрі адамға да жұғады. Қазір киікті ауылдың ішіне кіріп кетті деп қызықтап, видеоға түсіріп жүргендер бар. Ертең осы аурулардың бірімен адам ауырған кезде қиын болады.
Батыс Қазақстан облысында 2011 және 2015 жылдары киік қырылды. Ол кезде 200 мың киік өлді деп хабарланды. Ғалымның айтуынша, ендігі қырғын тіпті төтенше болмақ. Кемінде 600-700 мың, тіпті 1 млн киіктен бір сәтте айырылып қалуымыз мүмкін. Бұл – анық болатын нәрсе, өйткені эпизоотияның заңдылығы сондай.
Фото: Қайырбек Сариев
– Тағы бір мәселе – қазірдің өзінде киік малдың ішінде, өрісінде жүр. Осылай болған соң мал ауруы көбейеді. Қазір шаруаларда жер жоқ. Сонда төрт түлік аш жүруі керек пе? Тек киік сау қалсын дейміз бе? Сонда киік киелі, жылқы киелі емес пе? Не үшін Қамбар ата, Зеңгі баба, Шопан ата деп жүрміз?! Жануардың бәрі де киелі. Тіпті қасқыр да киелі. Бірақ бұл жерде эмоцияға беріліп, көлгірсудің қажеті жоқ. Мәселеге сау ақылмен, нақты қарау керек. Қазіргі жағдайда киіктің көбейгенінің зияны өте көп. Ертең ол әлеуметтік наразылық, дүмпу тудырады. Қазір киікті «Охотзоопром» жігіттері мылтықпен күзетіп жүр. «Сендер атпаңдар, қумаңдар» дейді. 20 жылқы, 30 сиырын бағып отырған шаруа адамының жерін киік жеп кете берсе, ол амалсыз малын жойып, ол жерден көшуге мәжбүр болады. Ал ол мал бағып, өсіріп, ет өткізіп, біраз елді асырап отырған кәсіпкер ғой. Былтыр Қазақстанда 69 ауыл босап қалыпты, бұлай бола берсе, ертең 200 ауыл босайды, – дейді ғалым күйініп.
Енді бір мәселе – қызғыштай қорып, мемлекет қазынасынан қаншама қаражат жұмсап өсірген ақбөкен тым көбейіп, шекара сыртына шығып кетуі де мүмкін. Мұндай оқиғалар бар. Әлем бойынша ақбөкеннің 97-98 пайызы – Қазақстанда ғана. Қытайда мүлдем қалмады. Монғолияда Saiga mongolica деген аз ғана түрі қалған. Украинаның Аскания Нова қорығындағы тәлімбақта 300 бастай киік болған екен, былтыр күзде 100 шақтысы өліп қалған. «Қалғаны аман еді, бірақ соңғы жағдайларға байланысты ол жерді бомбалап тастады деп естіп жатырмыз. Ондағы киіктің қазіргі тағдыры белгісіз», дейді Ә.Шәмшідін. Ал Ресейде киік жоқ, қорғауға алынбаған, тәлімбақ та жоқ. Бейресми есепте Қалмақ қыры жағында азын-шоғын үйірі бар, жалпы саны 5 мыңдай болуы мүмкін. Ресей аумағына өтіп кеткен біздің киіктер қайта оралмайды. Өйткені оларда киік қорғауға алынбаған, кез келген адам атып ала береді.
Биыл Бетпақдаланың популяциясы да көбейіп келеді, көктемде төлдеп болған соң олар көбейіп, Қытайға өтіп кетуі мүмкін. Қазірдің өзінде саны артып, Балқашқа барып қалды. Бұрын да Алматы облысы арқылы Қытайға өтіп жүргені белгілі. Сонша ақша жұмсап, өсірген бұл киікті шетке жібергенше немесе босқа арам өлтіргенше неге халыққа пайдасы тиетін етіп жасамаймыз?
Резерват мәселені шешпейді
Өткен жылы Батыс Қазақстан облысында киіктің ауыл шаруашылығына тигізетін зиянын барынша азайту және ақбөкендердің Орал популяциясының мекендеу аумағын сақтау мақсатында «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерваты және Ащыөзек мемлекеттік табиғи қаумалы құрылған еді. Бірақ Әлжан Смайылұлы қалыптасқан жағдайды сауықтыруға бұл резерват ешқандай пайда бермейді деп санайды. Өйткені резерваттың территориясы 657 мың гектар ғана, ғылыми норматив бойынша 1 киікке 20 га жер болуға тиіс. Есептеп қарасаңыз, бұл жерде небәрі 32 500 бас киікті ғана ұстауға болады.
– Одан кейін, халыққа түсіндіру жұмысы әлі дұрыс жүргізілген жоқ. Халықаралық талаптар бойынша резерват аумағында жайылым болмауы керек. Қазір ол жерде жеке мал жайылып жүр. Шөп шабылмауы керек. Резерват мәртебесі берілген соң ол аймаққа бөгде адам кіруге де, бір тал шөбін жұлуға да болмайды. Бұл талап күшіне енген кезде халық наразылығы тіпті күшейеді, – дейді ғалым.
Бұл мәселенің жалғыз шешімі – бүгін болмаса ертең киікті жаппай атуға рұқсат беріледі, сөйтіп саны реттеліп отырады.
– Біздің экобелсенділердің, блогерлердің жазып жатқаны – құр диван сарапшыларының байбаламы. Сол экологиялық ұйымдардың ең дамыған жері – Еуропа, Америка ғой. Мысалы, Америкада 2 миллионға жуық жабайы жылқы – мустанг бар. Соларды 2-3 жылда бір рет жаппай қырып, атып тастайды. Аустралияда кенгуру мен қоянды 3-4 жылда бір рет жаппай улап өлтіреді. Өліктері сол далада шіріп, сасып жатады. Біздің экобелсенділер осыны білмейді, – дейді ғалым.
Қазақстанда киік етін ет комбинаттарына өткізіп, арзан бағамен сату жөнінде ұсыныс жасалды. Табиғи таза әрі арзан етті әлеуметтік дүкендерге қойса немесе әскерге, жетімханаларға таратса, несі айып? Бірақ осыған «қасиетті киікті ата ма?» деп экобелсенділер өретүрегеледі.
– Былтыр Батыс Қазақстан облысының бір тұрғынынан көп көлемде киік мүйізі табылып, тәркіленген. Оның нарықтағы бағасы 1 млрд теңгенің үстінде болыпты. Сол мүйіз сот шешімімен өртеліп жойылды. Бұл ақылға сыймайтын әрекет қой. Жергілікті бюджетте ақша тапшы болып жатқан кезде осылай жасадық. Өзімізге өзіміз қиянат жасап жатырмыз. Сол мүйізді жинап, мораторий аяқталғанша қоя тұруға да болар еді. Неге ол киіктің пайдасын ел көрмейді? Қазір Батыс Қазақстанның байтақ даласында арам өлген киіктердің өлексесі шашылып жатыр. Бәрі де – күйектен кейін өлген текелер. Егер «Охотзоопром» мекемесінің мамандары сол киікті арам өлтірмей, сойып алса, етін елге таратып, мүйізін Шымкенттегі химфарм зауытына жіберсе, қандай пайда болар еді. Осы мүйізге сұраныс беріп тұрған Қытайға неге ресми түрде сатпасқа? Ел қазынасына ақша түсер еді. Қазір обал, далада босқа жатыр. Бұл жаңадан ойлап табатын нәрсе емес, кезінде осындай жүйе болды. Киік еті ең арзан ет болып дүкенде тұрды. Қазір неге солай жасамасқа? – деді Ә.Шәмшідін.
Киік дериватының пайдалы екені біздің Қазақстанда медициналық тұрғыда дәлелденбеген. Рас, шығыс медицинасында киік мүйізі ұрпақсыз жандарға көмектеседі деген пікір бар. Қытай халық медицинасында кеңінен қолданады. Тіпті Қытай бізден алған дериваттарды өңдеп, әрі қарай өзге мемлекеттерге, Жапония мен Кореяға, Израильге сатады. Әрине, оны өңдеу технологиясын құпия ұстап отыр. Егер рұқсат берілсе, біздің ғалымдар да киік мүйізінің құрамын зерттеп, оның қандай пайдасы бар екенін анықтай алады.
Тәлімбақ ашу – ең өркениетті жол
Әлжан Смайылұлының пікірінше, киік тәлімбақтарын ашу – бөкен санын реттеу мен сақтаудың ең өркениетті жолы. Біріншіден, тәлімбақта жүрген жануарға вакциналау дер кезінде жасалынады. Ауырса, дәрі-дәрмек беріледі. Тәлімбақ иесі лимитте келісілген киік санын аман сақтауға тырысады. Ал далада жүрген миллион киікке кім вакциналау жасайды? Кім жем береді, кім шөп береді? Биыл қыс жайлы, көп қар жоқ. Егер қар жауып, соңы жаңбырға ұласып, қататын болса, киік аштан қырылады. Ал тәлімбақтағы киік төрт түлік сияқты аман тұрады.
– Тәлімбақтарға өнім өндіруге рұқсат берілуі керек. Мысалы, 1 мың бас киік өсіруге арналған тәлімбақ жануардың сол көлемін азайтпауға тиіс. Ал одан алынған төлді, өнімді өз қалауынша жаратуына рұқсат берілуі керек. Дериватын ала ма, етін ала ма, әрі қарай зоопарктерге сата ма, өз қалауы болсын. Бұл – халықаралық тәжірибе. Мысалы, кейбіреулер айтып жүрген халықаралық аңшылық, сафари секілді сейілді де жеке тәлімбақтар ұйымдастыра алады. Аңшы шаруашылықтарында қосалқы азығын ұйымдастырса, 20 гектарға бір киік емес, 50-60 киік өсіруге болады. Ал еркін жүрген киікке сафари ұйымдастыруға болмайды, онда мемлекет бақылаудан айырылып қалады, – деді Ә.Шәмшідін.
2013 жылдан бастап Жәңгір хан университеті Тасқала ауданынан киік тәлімбағын ашты. Ол жерде 30 басқа дейін ғана киік болды. Кейін сырттан аталық киік ұстауға рұқсат берілмей, қан тазармаған соң тәлімбақтағы киіктің ахуалы әлсіреп кетті. Ауруға шалдыға бастады. Содан кейін 2019 жылы тәлімбақ жабылып, қалған киік Алматы зообағына жіберілген.
Кейін 2021 жылдан бастап қазіргі Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданында «ASAR» жеке шаруа қожалығымен келісіліп, сол жерде Бетпақдала популяциясын өсіру үшін тәлімбақ құрылған. Жеке шаруашылық жері, инвестор, жеке адам – үшжақты келісімшартпен 370 га жерге тәлімбақ салынған. Жәңгір хан университеті ол жерде ғылыми қолдаумен айналысады. 2022 жылы 200 бас киік ұстауға рұқсат алынғанымен, нақты 69 бас қана ұсталған. Биыл университет тағы да Орал популяциясынан 200 бас, Қарағанды мен Қостанай жағынан 150 бастан ұстауға лимит алып қойған екен.
– Жалпы, түз тағысын қолға үйретудің жалғыз әдісі бар. Бұл туғанына 1-2 күн ғана болған, уызға тойып алып ұйықтап жатқан лақ қана ұсталады. Жаңа туған лақ 1,5 сағаттан кейін адамға жеткізбейді. Ал ересек киікті қолға үйрету мүлдем мүмкін емес. Ұйықтатып ұстағанның өзінде бірер сағатта өліп қалады. Жаңа туған лақ қолға тез үйренеді екен. Оны нәрестеге беретін жасанды сүтпен асырайды. Біз лақтың жай-күйін әбден зерттедік, тәжірибеден өткіздік. Не беру керек, қалай азықтандыру керек, қандай антибиотиктер беру керек, бәрі белгілі. Ғалымдарымыз мұны зерттеп, жүйелеп қойған. Биыл университет ғалымдары Орал популяциясынан 200 бас лақ ұстап, тәлімбақта ұстамақ. Рұқсат берілген, құрал-жабдығы даяр, тек қазір тәлімбақ орнын ақылдасып жатыр. Ол Тасқала ауданында немесе Орал тәжірибелік стансасы аумағында болуы мүмкін, – деді Ә.Шәмшідін.
Қазақстанда киіктің үш популяциясы бар, бір қызығы олар бір бірімен шағылыспайды екен. 1960 жылдары Кеңес ғалымдары осы популяцияларды бір бірімен араластырып, эксперимент жасап көрген. Орал популяциясының киігін Бетпақдалаға, Бетпақдаланың киігін Үстіртке апарып қосқан, бірақ 1-2 аптада олар өз туған жеріне қайтып келген. Осы тәжірибені ғалымдар қайтадан жасап көріпті. Оралдың текесін Бетпақдала популяциясының бөкеніне апарып қосқан. Нәтижесі осы көктемде белгілі болады
Бір қызығы, Бетпақдала, Үстірт және Орал популяциясындағы киіктердің дене тұрқында да айырмашылық бар екен. Мысалы, Орал популяциясының киігі ірілеу келеді. Ал бұлардың генетикалық жағынан өзгешелігі бар ма, ол әлі зерттелмеген.
– Бұл мәселені терең зерттеген ешкім жоқ. Біз ондай байқау жарияланса, қатысып, киіктің түрлі популяциясына молекулярлық-генетикалық зерттеулер жүргізуге әзірміз. Екі популяцияның арасынан ұрпақ пайда болса, оны да зерттейміз. Біздің ойымызша, мұндай ұрпақ бойында мутация болмау керек. Қазіргі ғылыми методика, жабдықтар бұл мәселені толық зерттеуге қабілетті. Генетикалық зертханамыз бар. Жоғарыда айтылған үш популяцияның хромосомалары бірдей, әзірге еш кедергі көріп отырған жоқпыз. 2015 жылы Қазақстанда киіктің жаппай ауруына себеп тұқым жақындығы деп ойлаймын. Ақбөкен саны азайып кетті, бір-біріне туыс жануар шағылысты, иммунитет әлсіреді. Бұл тұрғыда жануардың тұқымын жақсартуға атасы алыс жануарларды шағылыстырудың пайдасы тиюі керек. Тәлімбақтардың пайдасы да осы жерде анық көрінеді, – деді ғалым.
Фото: egemen.kz
Батыс Қазақстан облысы