11.10.2022, 9:16
Оқылды: 62

Ақбұлақ пен Жарсуаттағы ілкімді істер

Өткен сенбі күні облыс әкімі Ғали Есқалиев жұмыс сапарымен Бөрлі және Шыңғырлау аудандарына барды. Алдымен Бөрлі ауданына барған өңір басшысы Жарсуат ауылындағы Жайық өзенінің жағалауын бекіту жұмысымен танысты. Осыдан біраз жыл бұрын Жарсуаттан 400-500 метр қашықтықта аққан Жайық өзені осы күні арнасын өзгертіп, ауылға таяған. Өзен арнасы бекітілмесе, елді мекенді су басуы мүмкін. Осы күні өзен суы Жарсуаттан бар болғаны 60 метр жерде ағып жатыр.  

7ded3ab2-fa22-451d-acac-e0ae97880350

Жарсуат ауылдық округінің әкімі Асқар Өтелеевтің айтуынша, Жайық жағасын бекіту жұмысы екі жылға есептелген. 2020 жылы осы мақсатта бюджеттен 1,87 млрд теңге бөлінген.

– Әзірге ауылды су басады деген қорқыныш жоқ. Бірақ бұл істі қазір біржақты етпесек, күндердің күнінде сан соғып қалуымыз әбден мүмкін, – дейді Жарсуат ауылдық округінің әкімі Асқар Өтелеев.

Ауылды топаннан қорғау мақсатында тұрғызылып жатқан суға қарсы тұрар бекіністің ұзындығы – 1850 метр. Қазіргі таңда барлық жұмыстың 70 пайызы аяқталған. Бұл құрылысқа жауапты «АксайСтройСервис и К» ЖШС  жағалау бекіту учаскесінің басшысы Сағадат Мақасов жаңа жылға дейін құрылыстың 90 пайызын аяқтауды мақсат етіпті.

ce53fff2-1820-48a8-aeeb-c47f975e23d9

– Биылға жоспарланған жұмыстар өз ретімен жүзеге асса, келер жылы бекініс айналасын арнайы топырақпен толтырып, плиталарды монтаждау және абаттандыру ісі ғана қалады. Бүгінгі таңда қажетті құрал-жабдық толықтай әкелінді. Барлығы ойдағыдай болса, келер жылы шілде-тамыз айларында барлық жұмысты аяқтаймыз, – деді Сағадат Мақасов.

Қазіргі уақытта Жайық жағасын бекіту жұмысына 52 жұмысшы, 22 техника тартылған. Жауапты мекеме жергілікті он тұрғынды жұмысқа алыпты.

Ауыл қауіпсіздігі үшін жасалып жатқан жұмыс барысымен танысқан облыс әкімі Ғали Есқалиев не себепті құрылыс мерзімінен кідіріп жатқанын сұрады. Бекініс салуға жауапты мердігер көктемде Жайық деңгейі  қатты көтеріліп, балықтың уылдырық шашу мерзімі ұзаққа созылуы негізгі шаруаны кідірткенін айтты. Сол себепті шілдеге жоспарланған жұмыс тамызда басталыпты.

– Уақытынан кеш басталса да, жұмысты ойдағыдай жүргіздік. Қазіргі кезде тіреулер қағып, бетон құюдмыз. Қажетті материалдың барлығы өзіміздікі. Өкініштісі, жоспарланған жұмысты биыл аяқтай алмаймыз. Сол себепті бекіту жұмысына бөлінген қаржының бір бөлігін келер жылға қалдырдық. Бекіту жұмысына қажетті түзетулер енгізуіміз  керек, – деді «АксайСтройСервис и К» ЖШС директоры  Орынбасар Кушев.

Ғали Нәжімеденұлы бюджетке не себепті түзетулер енгізілгенін анықтап білетінін, жұмыс дұрыс ұйымдастырылмаған болса, қаражат берілмейтінін айтты.

– Белгілі себептерге байланысты жұмыстың кеш басталғанына түсіністікпен қарауға болады. Биыл өздеріңіз айтқандай, жұмыстың 90 пайызын аяқтауларыңыз керек. Ал бюджетке түзетулер енгізу жағына келер болсақ, талдау нәтижесін күтеміз. Оң болса, қосымша қаражат қарастырылады, – деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.

Сиыр фермасы мен қойма салады

Содан кейін облыс басшысы «Жарсуат» ЖШС-ның жұмысымен танысты. Өзі аттас округтен жер алып, ауыл шаруашылығын дамытуды қолға алған серіктестік өзіне тие­сілі жердің 60 гектарына «королева анна» және «беттина» сұрыпты картоп еккен. Осы күні картоп алқабынан өнім жинауда. Алдағы уақытта серіктестік 4100 гектарға жаздық дәнді дақыл мен сәбіз, қызанақ сияқты бақша өнімдерін егуді қолға алмақ. Ол үшін  суармалы жер көлемін арттыру керек. Ол істі бастап кеткен серіктестік 100 гектар жерді суаруға арналған, ұзындығы 450 метр болатын «AFKO» марка­лы жаңбырлатып суару кешенін іске қосқан. Жалпы 800 гектар суармалы жерді қалпына келтіргісі келетін «Жарсуат» ЖШС-ның құрылтайшысы Қуанышбай Озғамбаев алдағы уақытта  осындай 2 кешен сатып алуды жоспарлап қойған. Картоп және көкөніс дақылдарының егіс көлемін ұлғайту ойы бар.

– Жарсуат ауылының тұрғындары осы кезге дейін елді мекен маңында орналасқан шошқа фермасының жұмысына көп сын айтып келгенін білеміз. Біздің серіктестік аталмыш ферманы сатып алды. Енді талпақ танау бұл жерде болмайды. Қора-қопсыны қалпына келтіріп, кейбір бөлігін жаңартамыз. Алдағы уақытта ол жер­де сүтті сиыр фермасы болады, – деді «Жарсуат» ЖШС-ның құрылтайшысы Қуанышбай Озғамбаев.

Сондай-ақ серіктестік 2024 жылы көкөніс сақтауға арналған қойма салуды жоспарлап отыр. Өңір басшысы Ғали Есқалиев әр инвесторға қолдау танытуға қашанда дайын екенін айтты.

– Іргелі жұмыс атқаруға  бекінген іскер азаматтарға  жер беруге қашанда дайынбыз. Сүт фермасын ашу туралы жоспарыңызды толықтай қолдаймын. Суармалы жер көлемін арттыруға бел байлағаныңыз қуантады. Мемлекет тарапынан көрсетілетін барлық жеңілдікті пайдалануға болады. Тек жұмысыңыздың нәтижесін көрсетсеңіз болғаны, – деді Ғ.Есқалиев.

Бүгіндері картоп сұрыптау цехын іске қосқан «Жарсуат» ЖШС өнімдерін Орал қаласы мен Атырау, Маңғыстау облыстарына жөнелтіп жатыр. Одан бөлек, құс өсіруге мықтап кіріскен серіктестік бір уақытта 70 мың жұмыртқа салуға мүмкіндік беретін инкубатор алып, шағын ферманы іске қосқан. Қазіргі кезде 1000 қаз, 1000 үйрек және 1000 күркетауық өсіріп, алдағы уақытта үй құстарын сатпақшы.

Үлгілі ауылға жол керек

Одан соң Ғали Есқалиев Жарсуат ауылдық округінің халқымен кездесіп, елді толғандырған мәселелермен танысты. Кездесу басында Бөрлі ауданының әкімі Еркебұлан Ихсанов осы уақытқа дейін атқарған жұмысы жайында айтып берді. Ол тозығы жеткен электр желілерін қайта жаңарту, аудандағы мектеп, балабақша, аурухана асханаларын жергілікті өнімдермен қамту, шаруа қожалықтарындағы жұмысшылардың еңбек қатынастарын заңдастыру, аудан бюджетінің шығысы жөнінде тұрғындарға ақпарат беру және кәсіпкерлер мен кәсіппен айналысуға ниет білдірген тұлғаларға жан-жақты көмек көрсету жайында кеңінен түсінік берді. Бөрлі әкімі Жарсуат ауылының тұрғындары көтерген сегіз көше мен кіреберіс жолды жөндеу мәселесінің қалай шешіліп жатқанын да айтты.

– Жарсуаттағы сегіз көше мен кіреберіс жолды жөндеуге жобалық-сметалық құжаттама дайын. Оны дайындауға жергілікті кәсіпкерлер көмек көрсетті. Мүмкіндік болса, жол мәселесін тезірек шешу жолын қарастырамыз, – деді Бөрлі ауданының әкімі Еркебұлан  Ихсанов. Сонымен қатар аудан басшысы Жарсуатқа 108 орындық модульді мектеп салу, ауылдық мәдениет үйін күрделі жөндеу, спорт кешенін тұрғызу сынды кезегін күткен шаруалардың шешілер күні алыс еместігін де атап өтті.

Бір қуантарлығы, Жарсуат ауылында атаулы әлеуметтік көмек алып отырған отбасы жоқ. Бұл – ауыл халқының түгел жұмыспен қамтылғанын көрсетеді. Осы жайтқа ерекше тоқталған облыс әкімі Ғали Есқалиев ауылға кіреберіс жолды жөндеу мәселесі өзінің тікелей бақылауында екенін айтты.

– Ауылға кірер жолды Подстепный – РФ шекарасы аутожолын жөндеп жатқан жергілікті компания салады. Сол бағытта келіссөздер жүргізіледі. Тағы бір қуанарлық жағ­дай, елге жақсы инвестор келген. Енді Жарсуатта мықты ауыл шаруашылығы кешені қалыптасып, жергілікті өнім нарыққа шыға бастайды. Ол өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді. Тұрғындары еңбекқор Жарсуатты өзге ауылдарға үлгі етуге болады, – деді облыс басшысы.

Одан бөлек, ауылдағы ағайын бұралқы иттің көбейге­ніне де алаңдаулы екенін айтты. Өңір басшысы әр азамат өзі асыраған хайуанына өзі ие болып, оны өсіруге үлкен жауапкершілікпен қарау керек екенін жеткізді.

Ақбұлақтың шаруасы ширақ

Бөрліден соң өңір басшысы Шыңғырлау ауданына жол жүріп, оған қарасты Ақбұлақ ауылына ат басын тіреді. Алдымен Ғали Есқалиев өткен жылы пайдалануға беріл­ген ауылдағы мәдениет үйінің жұмысымен танысты. 180 мил­лион теңгеден астам қаражатқа тұрғызылған мәдениет ошағы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында бой көтерген. 146 адамға арналған көрермен залы, 23 кабинет бар. Мәдениет үйінің ішінде қолөнер, өз-өзіне қызмет көрсету, караоке алаңы мен медиаалаң, бильярд үстелі орналасқан. Қазіргі таңда ауыл кітапханасы да осы ғимаратқа көшіріліпті. Жергілікті өнерсүйер ағайын «Достық шаңырағы» орталығын ашып, бос уақытын осы жерде өткізуде.

Жаңа мәдениет ошағын аралап, ақбұлақтық ағайынның игілігіне берілген ғимарат жұмысына облыс басшысы  оң  бағасын  берді.

– Ауылға коммуникация желілері түгелімен тартылған. Көптен бері сөз болған мәдениет үйінің мәселесі де шешілді. Мәдениет ошағы жергілікті өнерлі жастардың, ақсақалдар мен ақжаулықты әжелеріміздің кездесіп, әңгіме-дүкен құратын сүйікті орнына айналады деген сенім бар, – деді Ғ.Есқалиев.

0199e943-118f-4513-903d-a680a9da9d33

Сондай-ақ Ғали Нәжімеденұлы мәдениет үйінің фойесіне жайылған жергілікті тауар өндірушілердің көрме­сін тамашалап, бие байлап, қымыз ашытып, құрт пен майын сатып, кәсіп қылған шаруа иелерінің жұмысына да көңілі толатынын жеткіз­ді. Одан әрі өңір басшысы ақбұлақтық ағайынмен кездесіп, жергілікті жұртты толғандырған мәселелер жайына қанықты.

Аудан әкімі Әлия Мұханбетжанованың айтуынша, Ақбұлақ ауылында ірілі-ұсақ­ты 35 шаруа қожалығы, 3 жауапкершілігі шектеулі серіктестік және 1 өндіріс кооперативі бар екен. Ауылдағы үш шаруа қожалығы мен бір ЖШС ақбас, герефорд сияқты асыл тұқымды ірі қара малы мен еділбай қойын өсіреді. Биылдың өзінде жаңадан алты қожалық ашылып, оларға 1 мың 739 гектарды құрайтын жер берілген. Оның 1 мың 189 гектары егістік алқап болса, 550 гектар жайылым жер екен. Одан бөлек, пайдаланылмай жатқан жерді мемлекет мен­шігіне қайтару ісі де реттелуде. Биылдың өзінде екі шаруа қожалық игере алмаған 2 мың 410 гектар жерді өз еркімен ауданның арнайы жер қорының құрамына  қайтарыпты.

Негізінен ауыл шаруашылығымен айналысатын ауылдағы ірі қара саны 6 мыңнан асып жығылса, қой мен ешкі саны 3 мыңнан асқан. Жергілікті тұрғындар жылқы санын да арттырып, оның басы осы күні мыңнан асыпты. Шаруалар егістік салуға да оң ықылас танытуда. Осы кезге дейін округте жұмыс істейтін 2 шаруа қожалығы 990 гектар көпжылдық шөп еккен болса, биыл 625 гектар жерді игеріпті. Оның 200 гектарына көпжылдық шөп, 200 гектарына арпа, 225 гектарына күздік бидай салынған.

– Ақбұлақ ауылының кіреберіс жолын жөндеу мәселе­сі күн тәртібінде тұр. Бүгінде бір шақырым жолға орташа жөндеу жұмысын жүргізуге қажетті жобалық-сметалық құжаттама жасақталды, – деді аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова.

Одан бөлек ауылдың  электр желілерін жаңарту ісі де өз шешімін күтуде. Аудан басшылығы алдағы жылдары Ақбұлақ ауылының ішіндегі барлық электр бағаналары мен желілерін ауыстырып, 6 КТП орнатпақ.  Қотантал елді мекені мен Ағатан нүктесіндегі 10 киловатт электр желілерін ауыстыру ісі қолға алынған. Аудан басшысы осы бастама ойдағыдай жүзеге асырылса, ауылдық округтегі электр желілерінің мәселесі толығымен шешілетінін айтты.

Кейін облыс басшысы Ғали Есқалиев сөз алып, ауылда, ауданда атқарылған жұмысқа көңілі толатынын жеткізді. Сондай-ақ ауылға кірер жол мен электр желілерін жаңарту мәселесі күн тәртібінен түспейтінін айтты.

– Әлия Биғазықызы аудан әкімі болып тағайындалған кезде мен оған, ең алдымен, аудандағы игерілмей жатқан жерлерді қайтарып, егістік алқаптарын ұлғайтуды тапсырған едім. Бұл бағыттағы жұмыс ойдағыдай жүріп жатқаны қуантты. Екі-үш жылда пайдаланылмай жатқан 50 мың гектардан астам егістік жер анықталып, оның 30 мыңнан астамы игеріліп жатыр. Елге инвестор тарту ісі де оң шешілуде, – деді облыс басшысы Ғ.Есқалиев.

Сапар соңында облыс басшысы Ақбұлақ ауылдық округіне қарасты Қотантал елді мекенінде орналасқан «ErQanat Group» ЖШС-ның жұмысымен танысты.

2021 жылы құрылған серіктестік мал және егін шаруашылығын дамытуды қолға алған.  Серіктестік бағып отырған 557 ірі қараның 287-сі ұрғашы болса, асыл тұқымды аталық саны 20-ға жеткен. Одан бөлек 249 қой бар.

Серіктестік былтыр 200 гектар алқапқа  еркекшөп салса, биыл 200 гектарға арпа, суданка егіп, одан мол өнім жиып алған. Қазіргі таңда шаруашылық тұрақты жұмыспен 7 адамды, маусымдық жұмыспен 5 адамды  қамтып отыр. Шаруашылық басшысы техникаларын жаңартуға мән беруде. Қазірдің өзінде жаңа үлгідегі бірнеше техника сатып алған. Өз қызметшілеріне асхана мен жатақхана  тұрғызыпты.

4c58c1fe-fde6-4bbf-8bd5-006df35c2cab

Серіктестіктің басшылығы болашақта мал басын асылдандырып, игерілмей жатқан жерлерді пайдаға асыруды көздеп отыр. Қазірдің өзінде «ErQanat Group» ЖШС округтегі жалғызбасты, көпбалалы отбасыларға  көмектесіп, қайырымдылық шараларға белсене атсалысып келеді. Әсіресе, көктемгі су тасқыны мен жаздағы дала өртін ауыздықтауға ауыл маңының санитарлық тазалық жұмыстарына да қолұшын беруде.

Ел игілігі үшін қызмет қылып, жергілікті өнім өндіру ісіне сеп болып отырған шаруаларды ел үкіметі қашан­да қолдайтынын айтқан өңір басшысы серіктестік жұмысына сәттілік тіледі.

Түгелбай Бисен,

zhaikpress.kz

Бөрлі ауданы, 

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале