29.05.2024, 9:45
Оқылды: 30

Әке сенімін ақтаған Қаржауовтар

Ақжайық ауданында да кезінде небір майталмандар болған ғой. Олардың арасында тап бір қара үзіп алға кетпесе де, қарапайым еңбегімен, биік адамгершілігімен ел көкейінде жатталып қалғандары қанша ма?! Еңбек майданының алдыңғы шебінен табылып, сол кездегі ауданның, облыстың экономикасына өзінің ақ адал еңбегімен үлес қосқан олардың біразы ортамызда жүр. Алайда көбі бүгінде өмірде жоқ. Солай болса да, олардың көзін көре қалғандар сол жандар туралы естеліктерін айтып отырады. Ұмытылмайды. Сондай-ақ олардың ісін  жалғастырып, ата-аналарының ұрпақ көшін алға жылжытқан перзенттері бар.

bef4ef60-f11b-4f14-b7af-6e5d381c0447

Темірболаттың ұлы Саят, інісі Ерболат

Біз бүгін қарапайым еңбегімен алдан табылып, өзіне Тапсырылған міндеттерді адал атқарып өткен азамат туралы әңгімелемекпіз. Өзі жоқ болса да, оны көре қалған жандардың естелігімен, ұрпақтарының әңгімелерімен марқұмды еске алмақшымыз. Әңгіме Дүйсенбай Қаржауов туралы болмақ. Дүйсекең Бөкей ордасы ауданында туған. Дүние есігін ашқан жылы 1937 болса керек. Бірақ ол кезде қазекең баласының туу туралы куәлігін алуға асықпайды ғой. Әкесі Қодар жарықтық куәлікті кейін алуға барғанда кең қолтық қазақтың әдетіне салып, баласының нақты туған жылы мен айын, күнін тексермей толтырып бере салған құжатты алып кете барған. Сөйтсе, оған ұлы Дүйсенбайдың туған жылы 1938, айы 5 қаңтар» деп толтырып берген екен. Дүйсекең кейін «Сол бес күн үшін зейнетке 63 жастан шығуға тура келді» деп күліп отырады екен марқұм. Көп ұзамай Дүйсенбайдың әкесі Қодар соғысқа алынады. Соңында үйелмелі-сүйелмелі он баламен әйелі Қатира қала барады. Жәй қалмайды он баласын әуелі бір Құдайға, сосын бір-біріне тапсырып, белін бекем буып, колхоздың жұмысына шығады. Бұл 1942 жыл болса керек. Сталинград түбіндегі қырғынның нағыз шарықтау шегіне жеткен шағы. Ауылда мал бағып жүрген қазақтың қарапайым жігіттері топ-тобымен майданға аттанып жатты. Жау ентелеп Мәскеудің іргесіне барып қалған, Сталинградтың қоршауы күнен-күнге тарылып келеді. Майданға алынғандарды айлап-жылдап әскер ісіне үйрететін уақыт жоқ.

Сондықтан анталап келіп қалған тажалдың алдына топ-тобымен айдап сала берген ғой. Екі адамға, кейде үш адамға бір винтовка ұстаған кездер тап осы шақ қой... Өйткені оқты төгіп жаудыратын аутомат қару әлі жетпей жатқан. Әскери дайындығы жоқ, қаруы тапшы жалаң қолмен жауға қарсы шапқан небір жайсаңдар сол Сталинградтың қан-қасабына жұтылып кетіп жатты... Көп ұзамай, Қодардан да «қарақағаз» келеді. Бас көтерер ер-азаматтары соғысқа алынған ауылдағы халыққа да оңай болған жоқ. Ішер тамақ, киер киім тапшы, өлместің күнін көрді. Әсіресе, он баламен қалған Қатираға тіпті ауыр тиіпті. Балалары бірінен соң бірі шетінеп, айналғанда екі перзент – ұлы Дүйсенбай мен қызы Асыл ғана қалады. Балалардың ең үлкені он сегіз жасқа толмай жатып, өкпе ауруынан қиылады. Қалғандары да сол қылқанақтай жас кездерінде шетіней береді. «Тойып ішер тамақ түгілі, талғажау ететін тамақтың өзі тақұл-тұқыл. Жасталап деген інім, содан асқазаны бұзылды ма, ішіне ас тұрмай, ол да бақилық болды. Қарындасым Асыл екеуміз қалдық. Анам марқұм жұмысына бара жатып, бізді әкемнің ескі тонына орап тастап кететіні есімде. Қатты ашығып жатып, ұйықтай береміз, бала болып ойнамаймыз... Қалай аман қалдық, әлі күнге таңғаламын...» деп Дүйсекең кейін сол бір ауыр күндерді балаларына әңгімелеп отырады екен. Дүйсекеңнің қарындасы Асыл апамыз 1940 жылы туыпты. Осы күні кеше 84 жасқа келіп дүние салды. Шүкір, соңында қалған ұл-қыздары жапырақтарын жайған бір-бір шаңырақ.

Дүйсекең сияқты Орда өңірінің тумаларын соғыс бір сынаса, кейін әскери полигон екі сынаған. Сол полигонның ашылуына байланысты бұларды ақтабан шұбырындыға салып, туған жерлерінен бір күнде зорлап көшіргендері ордалық ұрпақтар үшін өмір бойы ұмытылмайтын трагедия. 1948 жылы туған жерлерін қимай кете барды. Әкелерін соғыс жалмаған он жасар Дүйсенбай мен сегіз жастағы қарындасы Асыл анасы үшеуі сол көштің ішінде бірге кетті.

Сөйтіп, Ордадан амалсыздан өкше көтерген Қатира екі ботасымен Чапаев (қазір Ақжайық) ауданының Жамбыл ауылына көшіп келеді. Жалпы, соғыстың алдында, соғыстың кезінде дүние есігін ашқан ұрпақты уақыт, өмір, тұрмыс шыңдаған ғой. Олар тек қана өздеріне сенетін, қиындықтан қайыспайтын, емендей берік болып ержеткен, өскен, өнген десек, дұрыс шығар. Өмірге құштар жандар оқуға да, жұмысқа да талпынып тұрған. Әкеден қалған жалғыз тұяқ Дүйсенбайдың да есіл-дерті оқу, маман болу, еңбек ету, сөйтіп анасы мен жалғыз қарындасы Асылға сүйеу болу еді. Жаңа жерде мектеп бітіріп, бірден еңбекке араласады. Қолдап жұмыс істейді. Трактор айдап, механизатор болады. Күндердің күнінде Орынбор асып, сол жақтан техникум бітіріп, зоотехниктік мамандығын алады. 1961 жылы Орданың қызы Қойсын апамызбен (Оралдың пединститутын бітірген, математик, ұзақ жыл мектепте сабақ берді, қазір қалада тұрады) шаңырақ көтереді. Ол кездерде Дүйсенбай сияқты арнайы оқу орнын бітірген ауыл шаруашылығы мамандары көп емес, техникумды жаңа аяқтап келген жас маманды Жамбыл кеңшарының басшылығы аяқ-қолын жерге тигізбей, шаруашылықтың №1 бөлімшесі Бітікке зоотехник етіп жұмсайды. Дүйсекең зор сенім артып жіберген ағаларын ұятқа қалдырмады. Жұмысына адал болды. Малшы-шопандармен тіл табысып, бөлімшенің мал шаруашылығы саласын алға сүйреді. 1973 жылы Первомай мен Жамбыл бөлінеді. Бұл кезде тәжірибе жинап, шаруаның қыр-сырын жетік меңгерген Дүйсенбай Қаржауовты Бұлан бөлімшесіне меңгерушілікке тағайындайды.

«Айналайындар-ау, мынаған қалай сыйдыңдар?..»

Жетпісінші жылдардың басында Қазақстанда қой санын 50 миллионға жеткізейік деген ұран дүрілдеді. Қызыл империяның қазақты кейінгі ұрпағына дейін қой соңына салып қоюды алыстан ойластырған жымысқы ойы ма, кім білсін... Әйтеуір, Мәскеудің өзінен шыққан бұл ұран мектепті жаңа бітіріп жатқан жастарды «аман» қалдырмады. Қазақстанның жер-жерінде комсомол-жастар шопандар бригадасы құрылып жатты. Оларды «Екі жыл қой бақсаңдар, кез келген оқуға жеңілдікпен түсуге жолдама беріледі» деп үгіттеді, қызықтырды. Тап осындай бригада Жамбылда құрылды. «Балауса» деп аталған ол бригадаға онжылдықты жаңа бітіріп жатқан кешегі оқушылар – өндірдей қыздар мен балалар тартылды.

Алдарына мың бас меринос тұқымдас қой салынды. Зоотехниктікке Дүйсенбай Қаржауов, ақылшы-ұстаз (наставник) болып, шаруашылықтың тәжірибелі шопаны Аққұбаш ағай бекітілді. Зоотехник малдың амандығына жауап берсе, Аққұбаш ағамыз жастарды қой бағуға баулиды. Мұның бәрі сол кездегі айтқанын орындататын партияның қатаң пәрменімен жүрді. Бригадаға қысқа мерзімде комплекс салынып берілді. Жатақхана, қора-қопсы олар да жаңадан бой көтерді. Сол кезде мектепте 8-сыныпта оқитын Темірболат Қаржауов былай деп әңгімелейді: – Біздер ауылда өскендіктен, жазда каникул кезінде шаруашылықтың жұмысына көмектесуге барамыз. Шөп шабысамыз, жем түсіреміз дегендей. Ол кезде жаңадан құрылған «Балаусаның» атағы дүрілдеп тұрды.

Барып көргендер «Керемет!» деп ауыздарын ашып, көздерін жұмып келеді. Бір күні әкеме еріп, қасыма бір-екі досымды ертіп, мен де барайын. Қыздар мен балалар бөлек демалатын жатақхана сыңғырлап көздің жауын алады. Қабырғаларына кілем ілінген, едендеріне дейін кілемше төселген. Киізден басқа ештеңе көрмеген біздер әлгіге аунағымыз келіп, керім қызықтық. Радио, магнитофон дегендер қосып қалсаң, сайрап тұр. Моншаң әнекей! Жатақхана бөлмелерінде біз көрмеген тахта-кереуеттер. Ал неше шұрайлы кітаптан тұратын кітапханасын көргенде сол «Балаусада» қалып, жұмыс істегіміз келгені есімде. Тезірек оныншы сыныпты бітіріп, осындай бригадада жұмыс істесек деп, соңымызға қарай-қарай кеттік. Бірақ Темірболат ол кезде жер-жерде күштеп құрылып, жұмыс істеп жатқан мұндай бригадалардың бәйгесі әрі кеткенде үш-төрт жылдан аспайтынын қайдан білсін... Кейін ауылға комсомол-жастар бригадасы туралы талай қызық әңгімелер тарады. Аққұбаш ағамыз айтатын көрінеді. «Мені жастарға тек ақыл-кеңес беріп жүресіз, қолдап жұмыс істемейсіз» – деп жіберген еді. Қалай істемейсің... Ойбай-ау, төрт қыз жабылып, бір престі көтере алмай мықшыңдап жатады. Айналғанда, управ бар, зоотехник бар, завхоз бар бәріміз жабылып, өзіміз тиейміз шөпті. Қалай қарап тұрасың?».

Мал баққан адам торғай шырылдамай төсегінен тұрып, түн ортасы ауғанда барып, сол төсегіне қисаяды.

Кешегі оқушылар бір-бір үйдің еркесі, таңертең жұмысқа уақытында тұрмайды. Мың бас қой болса, қорада шулап тұрады. Бұған да үлкендерге жүгіруге тура келген. Комсомол шопандарды айналып-толғанып ұйқысынан оятатындары өз алдына бір хикая.

Тағы бірде бригаданың қамқоршылары таңертең жұмысқа келсе, жатақхана тымтырыс. Қорада қой шулап тұр... Жатақхананың терезесінен қарайды, жым-жылас, ешкім жоқ... «Е, бұлар қашып кеткен екен ғой» деп ойлап үлгергенше тыр-тыр еткен трактор комплекске қарай періп келе жатыр дейді.

Кәдімгі баспақ трактор, құйтақандай – «Т-40». Әлгі аң-таң болып тұрғандардың қасына келіп, кілт тоқтай қалады. Құрқылтайдың ұясындай кабинадан қыз-жігіттер кезек-кезек, дік-дік секіріп түсіп жатыр, түсіп жатыр... Аққұбаш ағамыз санап тұр. Бір, екі, үш, төрт,... сегіз... «Айналайындар-ау, мынаған қалай сыйдыңдар? Аударылсаңдар, майып боласыңдар ғой, Алла сақтасын...» деп үлкендер ұрсып жатыр. Ер балалар баспақ тракторды айнала береді, іштерінде бір пысықтау қыз бар еді, сол «Ағайлар, орталыққа вечерге барып едік, кешігіп қалдық, кешіріңіздер... Қалғандарымыз қазір келеді» дейді. Алды-артына қаратпайтын қайран жастық-ай, қызықтан (вечерді айтамыз) құр қалмайық деп, мың бас қойды қораға қамап, иесіз қалдырып кете барған...

Дүйсекең бригаданың жұмысын қатты уайымдаса керек, денсаулығы сыр бере бастайды, көп ұзамай, бөлімшеге зоотехник болып кетеді. Одан кейін кеңшар директорының орынбасары болып, шаруашылықтың ыстық-суығын қатар татыпты. Көп ұзамай «Балауса» шопандар бригадасы да тарайды...

Аппақ болып, жайрап жатыр...

1991 жыл. Жекешелендіру кәріне мініп, шаруа қожалықтарын құру туралы науқанның аспандап тұрған шағы. Ауыл үстін шаңдатып, ауданнан, облыстан уәкілдер ағылды. Күнде жиын, құлаш-құлаш жасалатын баяндамалардың тоқетері, «Давай, жекешеленіңдер, шаруа қожалығын құрыңдар» дегенге келіп тіреледі. Сондай күндердің бірінде Дүйсенбай Қаржауов балаларын жинап алып, «Балаларым, заман болса мынау, Үкімет енді айтқанынан қайтпайды, өз алдымызға шаруашылық құрайық» деген ұсынысын ортаға тастады. Темірболат бұл кезде әскеріне барып келген, зоотехниктік оқуын бітірген. Тіпті, мамандығы бойынша он жылдай жұмыс істеп үлгерген еді. Әкенің айтқаны заң. Қаржауовтар белді бекем буып, жеке шаруаға кірісті. Несиеге 500 бас меринос қой алынды. Сөйтіп, «Шынар» шаруа қожалығы тәй-тәй басты. Атын қойған Дүйсекең. Кенже қызы Шынардың есімімен атапты. Айтпақшы, Дүйсекең Темірболатқа әзірге шаруашылықтағы зоотехниктік жұмысында жүре беруін тапсырды. Әзірге деп отырғанымыз, ол кезде кеңшар мен ұжымшарлар бар болатын, бірақ топсалары босап, тәлтіректеп тұр еді. Дүйсекең не қылса да, алыстан ойлап, баласының кеңшар жұмысында аяғына дейін жүруін іштей қаласа керек. Сондықтан өзі, жұбайы Қойсын, қыз-күйеу баласы Гауһар мен Тілепберген, ұлы Ерболатпен бір отар мериносты бағып көруге бел байлаған. 1992-1993 жылдары жағдай тіпті қиындады. Талон деген пәле діңкелетіп тұр. Еңбекақы, зейнетақы көзден бұлбұл ұшып, халық ақшаның бедерін ұмытқан заман туды. Малдың құны қалмады. Бір тоқты бес кір сабынға айырбасталып, тұрмыс әбден қиындады. Кезінде алтынға пара-пар меринос жүнін ешкім алмайды. Тері де қажет болмай қалды. Сондай күндердің бірінде шаруашылық директоры «Дүйсеке, шаруа жүрмейді екен, қойды, жерді тапсырыңыз» деген әңгіме айтады. Айналғанда 300 бастай қоймен мойындағы несие жабылды, үй-қора, ескі-құсқы техника кеңшар есебіне қайтарылып, бұлар жұмыссыз қалды. Гауһар мен Тілепберген Ақсайға қоныс аударды. Дегенмен Дүйсекең Қойсын апай және Ерболат үшеуі он шақты сиыр, 200 бастай өздерінің қойымен «Шынар» қожалығын сақтап қалған еді. Малдың соңында сол үшеуі ғана. Сол жылы қыс өте қатты болды. Темірболат кеңшардың бөлімшесінде зоотехник. Бір күні рациямен бұған «Анаң қатты ауырып жатыр» деген хабар тиді. Жанұшырып көлік іздеді. Қардың қалыңдығынан анау-мынау техника жүре алмайды. Тұран деген бір тамаша аңқылдаған жігіт болып еді. Сол Тұран «Менің «К-700» тракторыммен барамыз» деп белсеніп шыға келді, сабазың. Енді аттанғалы жатқанда, бас зоотехник болып істейтін Гамерлан деген жұмыстас ағасы кездесе кетті. Мән-жайды білгеннен кейін «Оу, Темірболат, төсек тартып жатқан анаңды мына тракторға қалай отырғызасың, менің «УАЗ» машинаммен бар» дегені. Бас зоотехниктің су жаңа көлігімен аттанды. Шымқұдыққа зорға жетті, ол ауылдан дәрігерді ілестіріп, әрі қарай Саралжынға бару керек. Бірақ «УАЗ» қанша қуатты болса да, омбы қарға бауырымен асылып қалды да, әрі қарай жүре алмады. Трактор алуға тура келді. Келсе, анасы, шынында да, хал үстінде жатыр екен. Дәрігер алғашқы жәрдемін көрсеткеннен кейін, анасы мен дәрігерді трактордың кабинасына отырғызып, кері жолға шықты. Темірболат трактордың капотының үстіне отырды. «Қыс. Аяз ақырып тұр. Дөңгелектерден ұшқан қар борап келеді. Анамның жағдайын ойлағаннан шығар, тіпті тоңған жоқпын, суық та тиген жоқ. Анамды орталықтағы ауруханаға аманесен жеткіздік, әрі қарай білікті дәрігерлер бір айдың үстінде емдеп, сауығып шықты», – дейді Темірболат сол күндерді еске алып. Сөйтсе, тап осы оқиға Темірболаттың алдағы тағдырын айқындап берген екен. Олай дейтініміз, анау малда Дүйсекең мен ұлы Ерболат қана қалған еді. Бұл уақытта зейнет жасына таяған қарияның денсаулығы бұрынғыдан да сыр бере бастаған. Темірболатқа жұмысын амалсыздан тастап, қожалықтың қамытын ақи-тақи киюге тура келді. Первомайдың №2 бөлімшесі Шымқұдықта Ерболат екеуі қожалықтың жұмысын әрі қарай жалғады. Көп ұзамай, Шымқұдықтан халық үдере көшті, қаңыраған ауылда тек Ерболат екеуі ғана. Басында электр жарығы жарқырап тұратын. Бір күні біреулер сымдарды ұрлап кетсе керек, өзі қаңыраған ауыл, енді мүлдем жарықсыз қалды. Осындай қиындықпен жүргенде қыс өтіп, жаз да шықты-ау... Бұл жерден көшу керек, бірақ қайда барады? Бір күні Ерболат екеуі ескі тракторларын оңдап жатқан. Екі жүз бас меринос көз көрім жерде қаптай жайылуда. Ерболат екеуі әлсін-әлсін төбеге шығып, отарды көздеп қояды. Тракторы түскір жуыр маңда жөнделмей, ымырт үйірілгенін байқамай қалған екеуі отарды қараса, жым-жылас. «Ойбай, қой қайда!» деп атқа мініп, айнала шауып іздесін келіп. Екі жүз саулық аспанға ұшып, жерге кіріп кеткендей, зым-зия. Түн болды. Қойлар ізім-қайым жоқ. «Жарар, ертең жарық түскесін іздейік». Ертесіне кабинасы жоқ, «Т-40» тракторын «ерттеп» Ерболат айдап, оның қасында бұл тікесінен тік тұрып, көз жетер жерді шолып,  тағы іздесін. Қопа деген айналасы атты адамды жасырғандай, ну қамысты жер бар еді. Соның маңайында шашылған құмалақтар жатыр, қойлар жоқ.  «Апырмай, қартқа не бетімізбен барамыз?» деп екеуі әбден састы. Айтып-айтпай не керек, бір жұмадай іздеп, бір күні тапты-ау! «Тапқанымыз не керек, ақ қой ғой, аппақ болып жайрап жатыр, әр жерде... Қасқыр біразын ғана тамақтаған, бір-екеуін жеген, ал қалғандарына итқұстың тісі де тимеген. Бәрі шеттерінен семіз еді, ұзақ қуалаудан жынығып өлген сияқты. Ішіміз удай ашып тұрғанда, қамыстың арасынан он шақты қой маңырап шыға келді. Трактордың дауысын естіп, бізді ес көріп шықты ма екен, байғұстар... Маңырап азан-қазан болып жатыр... «Оу, қайда жүрсіңдер, қырылып қалдық қой» деп бізге мұңын шағып жатқандай, жануарлар...», – дейді Темірболат сол сәтті еске алып. Екі жүз бас қойдан аман қалған он шақты саулықты алдарына салып, екеуі бастары салбырап  үйге  қайтты...

«Жұт жеті ағайынды» деген рас-ау, Қасқырлар 190 бас қойды қырып кетсе, көп ұзамай ұрылар бұлардың қой бағатын жалғыз атын да ұрлап кетті... «Ой, ол жылдардың несін сұрайсыз, қиын болды ғой», – дейді Темірболат.

Дүйсекең балаларына ұрысқан жоқ, ұзақ ақылдаса келе, «Қойды қоялық, түк пайда жоқ екен, ірі қара өсірейік» деген пәтуаға келді. Ол үшін ең әуелі басыбайлы жер керек, оған қора-қопсы, үй салу қажет. Өздеріне тиесілі пайды ортаға салып, каналдың бойынан Кныш елді мекенін алды-ау, ақыры. Сиыр, тайөгіз, баспақ бәрін қосқанда жиырмаға жетер жетпес ірі қарамен қожалықтың туын жықпай, шаруаларын әрі қарай жалғады. Әрі қарай, Дүйсекең балаларының шаруаларына анда-санда келіп, қарап кетіп жүргені болмаса, араласпады. Содан бері 25 жылдай уақыт зымырап өте шығыпты... «Шынар» – бүгінде Ақжайық ауданындағы шаруасы шүкір шаруашылықтардың бірі. Қора-қопсыны Темірболат пен Ерболат қатырып тұрып тұрғызды. Екі-үш жыл бұрын қаладағыдан бір кем емес, үй салды. Жол талғамайтын, пілтабан «Джиптің» екеуі әне тұр, «кермеде» байлаулы. «МТЗ» тракторлары, шөп шабатын «Джондир» комбайны, тағы басқа да шаруашылыққа қажетті техника десеңіз, олар да әнекей.

«Осының бәрі әкеміз Дүйсенбайдың арқасы... Қанша қиналсақ та, бізді қайтақайта қайрап, тура жолға салып отырды. Жарықтық, болашақта балаларым несібесін еңбектен тауып, қиналмасын деген ғой», – дейді бүгінде Темірболат.

Кныш елді мекеніне Қаржауовтар әбден бауыр басқан. Іргеден суы үзілмей ағып жататын каналдың бойы тал-терек, тобықтан асатын шүйгін шөбі қандай. Канал бойын қуалаған судан бауырын күнге шағылыстырып, балық шоршиды, сан түрлі әуенге салып, құстар сайрайды. Кныштың төңірегі су мол келгендіктен, биыл да құлпырып тұр...

Әке сенімін ақтаған ұлдардың келешектен үміттері зор. Өткен жылы 60-тың асқарына қадам басқан Темірболат шаруасын әлде де шырайландыра түсіп, болашақта шаруашылық тізгінін ұлы Саятқа табыстауды армандайды. Ендеше, «Қазақстанның ауыл шаруашылығы үздігі» атағының иесі Темірболат Дүйсенбайұлы Қаржауовтың үміті ақталғай!

 

Есенжол Қыстаубаев,

«Орал өңірі» газетінің арнаулы тілшісі,

Кныш елді мекені,

Ақжайық ауданы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале