Әкем Оңайбай Байжұмашев 1921 жылдың 10 қарашасында Жаңақала ауданында жұмысшы отбасында дүниеге келген. 1942 жылы Ұлы Отан соғысына алынып, майданда төрт рет жараланған. Сталинград қаласынан бастаған майдан жорықтарын Берлинде аяқтаған. Кеудесінде ІІ дәрежелі «Жауынгерлік даңқ» ордені мен «Ерлігі үшін», «Сталинградты ерлікпен қорғағаны үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін», «1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медальдары жарқырап жүрді.
Майдангер 1945 жылдың қазан айында елге оралып, Алматы қаласындағы электр байланыс техникумын сырттай оқып бітіреді. Одан кейін Қаратөбе, Казталов, Жаңақала аудандарында байланыс бөлімін басқарып, ұзақ жыл абыройлы қызмет атқарды. Анамыз Жұмазия екеуі 4 ұл мен 5 қызды тәрбиелеп өсіреді. Мен өзім екі қыздан кейін өмірге келіп, көп жыл құқық қорғау саласында қызмет атқардым, қазір доғарыстағы подполковникпін. Әке-шешеміз тоғызымыздың да жоғары білім алуымызға жағдай туғызып, ұлды ұяға, қызды қияға қондыра білді.
Қазақта «Жақсы әке балаға қырық жыл азық» деген нақыл бар ғой. Бүгінде әкемнің көзін көріп, тәлім-тәрбиесін алған жандар ол кісі туралы жақсы пікірлерін айтқанда көңіл жадырап қалады. Шынымен, әкем біраз жастарды жұмысқа алып, олардың үй болып кетулеріне де ағалық қамқорлығын көрсеткен. Айналасына жылу сыйлап жүру ол кісінің қанына сіңген ізгі қасиеттердің бірі десек те болады. Айтпақшы, әкеміз «Қаз КСР байланыс саласының үздік қызметкері» атағын иеленген жан. Өте қарапайым ғұмыр кешкен ардақты азамат 1976 жылы ауыр науқастан қайтыс болды. «Балаларым аман болсын!» деумен өмірден өткен әкеміздің өнегелі істерін біз өз ұрпақтарымызға әр кез мақтанышпен әңгімелеп отырамыз. Әке-ата рухы үлкен-кішімізді қолдап, қорғап жүргей деген тілектеміз.
Болат Байжұмашев,
доғарыстағы полиция подполковнигі,
Орал қаласы