Тасқала ауданында «Әке – асқар тауым» тақырыбында облыстық конференция өтті. Осы айдың үшінші жексенбісі – Әкелер күніне орай ұйымдастырылған конференция барысында ең әуелі Тасқала ауданының әкімі Талғат Шәкіров қонақтарға уақыт бөліп келгендері үшін алғыс білдірді.
– Отбасы құндылықтарын арттыратын мәнді-мағыналы шаралар жиі ұйымдастырылуы керек. Соның ішінде әкелерді қоғамдық өмірге белсене араластыру бағытындағы жобаларды көптеп жүзеге асыруға тиіспіз. Әрбір отбасының татулығы мығым болса, ел еңсесі көтеріледі. Отбасының тірегі – отағасы. Әкелеріміздің мерейі өсіп, мәртебесі биіктей берсін, - деді Талғат Асқарұлы.
Облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Гүлжанар Шөкеева отбасы құндылықтарын насихаттау бағытында облыс бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Сосын бірқатар өнегелі әкені марапаттады. Олардың қатарында дзюдодан КСРО спорт шебері, дзюдодан халықаралық дәрежедегі төреші Қайыржан Баймағамбетов, «Тасқала-дән» ЖШС-ның қызметкері Мәлік Сұлтанғалиев, Тасқала ауылындағы Ы. Алтынсарин атындағы мектептің мұғалімі Ерлан Үмбеталиев және біраз отағасы жұмыстағы жетістіктеріне қоса, тұрмыстағы өнегесімен де үлкен-кішіге бірдей үлгі болып жүргені үшін сый-құрметке бөленді.
– Әкелер күні аясында өңірімізде көптеген шара өтуде. Ұрпақ тәрбиелеу – маңызды міндет.
Ынтымағы жарасқан отбасы – мемлекеттің тірегі. Өскелең ұрпаққа үлгі көрсетіп, оларды адал еңбекке баулып, өмірге, тұрмыс-тіршілікке бейімдеуге тиіспіз. Ұлттық құндылықтарды санасына сіңірген ұрпақ жасампаз еңбекке бейім келеді. 2022 жылдан бері елімізде «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі жұмыс істейді. Бүгінгі таңда республика бойынша мектептерде «Әкелер одағының» 300-ден астам филиалы ашылды. Батыс Қазақстан облысында 14 ардагерлер кеңесі бар. Біздің басты мақсатымыз – ұлттық құндылықтарды насихаттау, жанұя жарасымын нығайту, әке мәртебесін көтеру, - деді Гүлжанар Болатқызы.
Өз кезегінде «Бөкейліктер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі Қайролла Сабыров әкенің қоғамдағы орны жайында сөз қозғады. Ол пайдалы ақыл-кеңестер айтып, конференция қатысушыларын адал жұмыс істеуге, кез келген істі тиянақты атқаруға шақырды. Естеліктерімен бөлісіп, әке туралы тереңірек толғады. Батыс Қазақстан облысы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Шалқыма Құрманәлина әкелердің белсенділігін арттыру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Ал «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы республикалық қоғамдық бірлестігінің БҚО бойынша төрағасы Болат Рамазанов әкелердің жанұяда материалдық қажеттіліктерді өтеп қана қоймай, бала тәрбиесіне де белсенді араласуы керектігін айтты. Аудан орталығында орналасқан «Сәулет» мектеп-лицейінің мұғалімі Нұрболат Шапиков «Қазақ қоғамындағы әке рөлі және ұрпақтар сабақтастығы», Мереке ауылдық округінің әкімі Мэлс Нәріков «Қасиетті қара шаңырақ – кенже ұлдың еншісі» тақырыбында баяндама оқыды. Конференция соңында іс-шараның басқа да қатысушылары ой-пікірлерін ортаға салып, ұсыныстарымен бөлісті.
Алқалы жиыннан соң Гүлжанар Болатқызы Тасқала ауылының іргесіндегі «Шұғыла» жазғы демалыс лагеріне барып, лагерь ауласына «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына орай 20 түп тал-терек егу жұмыстарына атсалысты. Сондай-ақ аталмыш іс-шара аясында ұйымдастырылған эссе, сурет байқауларының жеңімпаздарын марапаттады. Лагерьдегі оқушылар көрініс қойып, ән шырқады.
– Бүгіндері лагерьде 40 оқушы демалуда. Лагерь төртінші маусымда басталды. Балалар күніне 6 мезгіл тамақтанады. Мұнда 5 педагог жұмыс істейді. Күніне бір мәрте балалар бассейнге шомылады. Жоспарға сәйкес көптеген шара ұйымдастырылады. Оқушылар шара-ларға белсенді түрде қатысып жүр. Ата-аналар лагерьдің әлеуметтік желілердегі парақшаларынан ұл-қыздарының немен шұғылданып жатқанын біліп отырады. 20.00-21.00 аралығында оқушыларға телефон беріледі. Сол уақытта олар ата-аналарымен сөйлеседі, - деді «Шұғыла» жазғы демалыс лагерінің басшысы Гүлсезім Дәулетова.
Марлен Ғилымхан
zhaikpress.kz