Редакциядағы таңертеңгі қарбалас шақ еді. Саздау жерден тамыр тартқан құба талдай солқылдаған жас жігіт келіп тұр. «Темірболат Қаржауовтың баласы едім. Есімім – Саят. Әкем Ақжайық ауданының ақсақалдарын «Орал өңіріне» жаздырып кел деп, қаражат беріп жіберді. Соны тапсырайын деп келдім» - дейді. Қуанып қалдық.
Содан бір күн бұрын Темірболатпен сөйлескенбіз, «Орал өңіріне» қолдау көрсетуін өтініп. Темекең сөзге келген жоқ:
– Таңертең балам Саят қалаға барады. Сіздерге соғады, - деді. Уәдесінде тұрған Темірболаттың азаматтығына риза болдық.
Темірболат Қаржауов Ақжайық ауданының Қабыршақты ауылдық округінде Кныш деген жерді мекендейді. «Шынар» шаруа қожалығының жетекшісі. Бір кезде әкесі Дүйсенбай (қазір зейнет демалысында, Орал қаласында тұрады) томағасын сыпырған қожалықты әрі қарай дамытып әкеткен. Асыл тұқымды ірі қара өсіреді. Саят Темірболатұлы болса, осы қалада өскен, №20 мектепте оқыған. Одан кейін Жоғары техникалық колледжді тәмамдапты. 2018 жылдан әкесі Темірболаттың қасында, қолғанаты. Үйленбеген. «Үйленіп жатсаң, тойыңа шақыруды ұмытпа!» - дедік әзілдеп.
«Әкемнің тапсырмасын орындадым, енді Кнышқа қайтамын» - деді жас жігіт жымиып.
«Темекеңе әуелі, Ақжайықтың ақсақалдарының атынан Алла разы болсынды жеткіз. Сосын «Орал өңірі» газетінің рақметін айт. Шаруаларыңыз шалқи берсін!» - деп жолына шығарып салдық.
Есенжол Қыстаубаев,
zhaikpress.kz