... Ел басына күн туып, еркек кіндіктінің бәрі майданға аттануда. Әлі он
беске де тола қоймаған Александрдың қатарластары ерте есейіп, ертеңді-кеш еңбекке араласа бастайды. Балалық шақтың бал қызықтары біртіндеп қашықтап бара жатқанын іштері сезеді. Күн санап қаралы шаңырақтардың қатары да көбейе түседі. 1942 жылдың қараша айында оның әкесі Роман Георгиевич те әскерге шақырылады. Сол кезде ол қанды қырғынның кең қанат жайып бара жатқанын терең түйсініп, үй шаруасының бар ауыртпалығын өз мойнына алған. Ел-жұртпен бірге қас қарайғанша қолдан келген тірлігін жасайды. Әкесі екінші және үшінші Беларусь майданында соғысып, Орелдан бастау алған жорықтары Кенигсберг, Шығыс Пруссияға дейін жетіп, Жеңіс күніне дейін сапта болады. Елге оралғаннан кейін Подстепный ауылындағы МТС-те ұзақ жыл абыройлы еңбек еткен.
Ал Александр Этманов 1944 жылдың қараша айында он сегізге толысымен әскерге шақырылып, алғашында алты ай мергендер даярлайтын мектепте оқиды. Осы жерде атыс өнері мен ұрыс тәсілдерін үйреніп, жас жігіт әбден шынығып шығады. Батыс майданда басталған ұрыс жорығы одан кейін Шығысқа ауыстырылып, бұлардың бөлімі енді Жапониямен соғысқа дайындыққа көшеді. Осылайша 416-атқыштар полкінің мергені ретінде Забайкальскіге қарай бағыт алады. Қайта жасақталған жаңа құрам моңғол даласын басып өтіп, бірнеше елсіз, сусыз аймақтарды артқа қалдырып, Маньчжурия шекарасына келіп тоқтайды. 1945 жылы тамыз айының басында жау әскерін шекарадан ысырып, ішке дендей енген олар бірнеше елді мекен мен қалаларды азат етеді. 1945 жылдың 9 қыркүйегінде Жапония да тізе бүгіп, жеңіс жалауы желбірейді.
Майдан жорықтары аяқталғаннан кейін Александр 16-механикалық полкке аутокөлік жүргізушілік курсқа жіберіледі. Оны ойдағыдай тәмамдаған алғыр жігіт армия қатарынан босағанша мамандығы бойынша жұмыс атқарады. Ардагердің өңіріндегі ІІ дәрежелі Отан соғысы ордені мен бірнеше медальдар сол сұрапыл жылдардағы ерен ерліктің куәсі іспеттес. Қазір қария Подстепный ауылындағы қызының қолында ағайын-туыстарымен шалтты ғұмыр кешуде. Ауылдың үлкен-кішісі ерекше құрмет тұтып, алдынан кесе өтпейді. Өзі де сондай мейірбан, әңгімешіл адам.
– Өткенге өкпеміз жоқ, тағдыр маңдайымызға жазған жақсы-жаманды көр-
дік. Ол – біздің өміріміз. Барша үлкендердің тілегі – ел аман, жұрт тыныш
болғай! Мынау жас ұрпақ бақытты да, шалтты ғұмыр кеше берсін.
Қалай десек те, біз өмірге ризамыз. Жеңіске жеттік, ел қатарлы еңбек еттік, ұрпақ сүйдік. Жыл сайын емес, күн сайын сый-құрметке бөленіп жатырмыз. Жеңіс күні жақындаған сайын мені бір ой қинайды. Қаншама боздақ майдан даласында қыршынынан қиылды, хабарсыз кеткендер қаншама?! Елге мүгедек болып оралып, сол соғыс салған жарақаттан жанұя да құра алмай, ерте көз жұмған бауырларымызды қалай ұмытамыз?!
Міне, тағы бір Ұлы Жеңіс күні таяп келеді. Бүгінгі ұрпағыма айтарым, бейбіт өмірді қадірлеңіздер, ұлтаралық татулықты сақтаңыздар, от пен оқтан қашық жүріңіздер. Ынтымақ пен бірлік болған жерде ғана берекелі тұрмыс кешуге болады, - дейді қарт солдат ағынан жарылып.
Ардагерлер – алтын қорымыз. Алла Тағала олардың бойына күш-қуат берсін деп тілейік.
Биылғы 9 мамыр – Жеңіс күнінің қарсаңында «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінен арамыздағы жеңімпаздардың өмір дерегін, қан майдандағы жанқиярлық ерлігі мен бейбіт күнгі жасампаз еңбегі жайлы оқи жүріңіздер. Газеттерімізге ардагерлер жайлы мақалалар мен құттықтаулар берулеріңізге болады.
zhaikpress