Бәйтерек ауданына қарасты Достық ауылының тұрғыны Нәдір Қуанаев қардан Ақорда ғимаратының үлгісін жасады. Шебермен шығармашылық жұмысы туралы аз-кем тілдестік.

Кейіпкер 1998 жылы Сырым ауданының Жымпитыауылында дүние есігін ашқан. Ол бір жасқа толғанда оның отбасы Бәйтерек ауданына көшіп келді. Ауылдық орта мектепті тәмамдаған соң Оралдағы А. Иманов атындағы жол-көлік колледжіне оқуға түседі. Ал қардан мүсін соға алатынын алғаш рет 2020 жылы байқаған. Оған аула ішінде үйілген қар себеп болған екен.
– Сол жылы ағам екеуміз ауланың қарын тазалаған едік. Қарды бір жерге үйе бергенбіз. Біраз уақыттан соң анықтап қарасақ, үйілген қар пішіні балыққа ұқсап қалыпты. Сонда ағам: «Мына қар төмпесі балыққа ұқсап тұр екен, пішінін одан әрі келтірейік» деп ой айтқан. Осылайша алғаш рет қардан мүсін жасап көрдім. Сосын келер жылы қардан қызыл түсті «Camaro» ныспылы көлік жасадым. Оның суреті әлеуметтік желі парақшаларында тарап, көпшілік жақсы пікір жазды. Үй маңынан өтіп бара жатқан балалар да туындыма қызықтап қарап тұратын. Бұл менің осы өнерге деген қызығушылығымды арттыра түсті, – дейді шебер Қуанаев.
Қыс мүсіншісі жақында Астанадағы Президент сарайын қардан жасады. Ақ қардан қаланған Ақорданың биіктігі – 1,6 метр, ені – 5 метр. Шағын ғимарат үлгісін соғуға ел Президентінің жастарға үндеуі себепші болды дейді ол.
– Мемлекет басшысы өз сөзінде «Болашақ – жастардың қолында» деп атап өтетін. Осы орайда, жастардың озық идеяларын, қолынан іс те келетінін қар мүсінімен дәлелдегім келді. Алдағы уақытта қардан ғана емес, металл қалдықтарын да кәдеге жаратып, темір мүсіндер жасау жоспарда бар. 2022 жылы өз бетімше көлік құрастыра бастадым. Көліктің алдыңғы бөліктерін дайындап, оған қозғалтқыш орнаттым. Қаржылық қиындықтарға байланысты бұл жоба аяқсыз қалды. Ақыры күдер үзіп, көлік бөлшектерін сатып жібердім. Бірақ келер жылдарда қайта қолға алғым келеді, – деді Н. Қуанаев.

Нәдір Арманұлы бұған дейін Оралдағы орталық мешіт ғимаратын, полиция қызметтік көлігін және басқа да қар мүсіндерін жасаған. Ол әлеужелідегі парақшасында мүсіннің жасалу жолын да көрсетеді. Су құйып нығайтқан қар мүсінінің үстіне адам шықса да, оған еш зақым келмейді екен. Ақорда мүсініне орнатылған жарықшам түнде жарқырап, әрі кескінін аша түсетін бояулар оның сәнін одан әрі арттырып тұр.
Нұрым Ғұмар,
«Орал өңірі»