Қыстың күні торғайларға өте қиын. Аяз бен аштық қысып, бүрсеңдеп жүргендері байғұстардың. Осыны аңғарған Ақкербез көкесінен торғайлар үшін нан қиқымдары мен шемішке салып тұратын шағын астау жасап беруді өтінді. Әкесі қызының айтқанын екі етпеді. Кішкентай үйшік түрінде жасалған астау көрер көзге сондай сүйкімді! Ақкербездің көкесі астауды мысық өрмелеп шығуға қолайсыз жерге орнатты. Бір жақсысы, бесінші сыныпта оқитын Ақкербез бойшаң. Сол себепті биіктеу ілінген астауға оның қолы еркін жетеді. Яғни торғайларға жем саларда, үлкендерді мазалап жүрмейді. Апасы палау, бұршақ немесе қарақұмық пісірген күндері кішкене құстардың «дастарқан мәзірі» түрлене түседі. Мейірімді қыз бала күнінен екі рет торғайларға жем салуды дағдыға айналдырды. Мұндай ырыздыққа оның қанатты достары тез үйренді.
Фотосурет: kp.ru
Енді олар бұрынғыдай бүрсеңдеп тоңып емес, нан қиқымдары мен дәнге тойып алып, көңілді секеңдейтін болды. Қаршадай қыздың қайырымдылығына риза болған көрші-көлем төңіректегі торғайларды «Ақкербездің торғайлары» деп атап кетті.
Бағлан-бағбан
«Көрші ата, сүйінші! Қаладағы келініңіз аман-есен босанды. Тағы бір ұл немереңіз бар!» деп көршісі сүйінші сұраған күні Қабыл қарияның қорасындағы бір қойы егіз қозы туған екен. Мұны үлкен кісі жақсы ырымға балаған деседі. Сөйтіп, «Жарық дүниеге енді көрінген немерем ырысты болғай» деп сәбиге «Бағлан» деп ат қойған екен. Сол Бағлан биыл төртінші сыныпты түгеседі. Каникулға шықса болды, ауылға, атасына тартады. Ауыл рахат қой, шіркін! Әсіресе жазғы каникул кезінде. Атасы мұны бірер жылдан бері бағбандыққа баулып жүр. Тіпті ол бірді-екілі кетпен-күректі немересінің бойына лайықтап саптап та берді.
Рас, Бағлан бастапқыда білместіктен және балаға тән аңғалдықтан біраз ағаттыққа жол берді. Мысалы, қияр енді шығып келе жатқанда шоғайнадан аумайды екен. Соның кесірінен балақайдың арамшөп деп ойлап, көктей бастаған біраз қиярды жұлып тастағаны бар. Бір күні екінді шамасында әжесі «Кешкі тамаққа салатын аскөк әкеле ғой» деп жұмсаған. Ал мұның аскөктің орнына желкілдеп өсіп қалған сәбіздің сабақтарын жұлып келгенін қайтерсің... Бірде Жәмилә жеңешесі «Күн ысып кетті, компот қайнатып, салқындатып қояйын. Сен бір шелек алша теріп келсең» деп жұмсаған еді. Бұл болса, алшаны алма деп естіп, бір шелек көк алма теріп келген-ді...
Сол балақай бүгінде анау-мынау емес, «Бағлан-бағбан» атанды. Атасына қолқанат бола жүріп, ол бағбандықтың біраз қыр-сырына қанықты. Мәселен, күн ыстықта бақша суарсаң, оның пайдасынан зияны көп. Ыстықтан буланған су тамырын күйдіріп, өсімдікті мерзімінен бұрын қуратады. Сондай-ақ суды арыққа лақ еткізіп, бірден құя салғаннан гөрі тамшылата суарған ләзім. Мұндай тәсіл әрі суды үнемдейді, әрі бау-бақша «тұрғындары» суды баяу сіңіріп, шөлін баппен қандырады. Көктем мен күзде топырақты қопсытқан кезде ірілі-ұсақты кесектерді бірден тырмамен майдалап тастаған жөн. Әйтпесе кесек кеуіп кетсе, оны ұсақтау, уату көп күшке түседі. Ал ұсатылмаған кесектердің арасындағы саңылаудан тамырына күн түскен дақыл өсіп жарытпайды. Бірі-бірімен көрші болғанды жаратпайтын өсімдіктер де баршылық. Мысалы, жалпы атауы, түп-тұқияны бір болғанымен, ащы бұрыш пен тәтті бұрыштың арасы біраз алшақ болғаны жөн. Әйтпесе тәтті бұрышыңыз ащы бұрышқа айналады.
...Күн өткен сайын жаз таяп келеді. Бағлан ауылға баруға, атасына көмектесуге асығып жүр. Былтыр күзде жаз бойғы жәрдемі үшін атасы бағбан-балақайға ерте көктемде туған құлын атаған еді. Сол құлыншақ биыл тай емес пе! Ал асау тайды салт мінуге үйрету де үлкен жұмыс...
Бауыржан Файзоллаұлы,
zhaikpress.kz