16.10.2025, 21:06
Оқылды: 84

Ақмолада түкті мамонттың төменгі жақ сүйегі мен жілік сүйектері табылды

Жуырда Ақмола облысы Бұланды ауданы Новобратское ауылы маңындағы Қоңыр өзенінің жағасынан шамамен 40-15 мың жыл аралығында өмір сүрген түкті мамонттың төменгі жақ сүйегі мен жілік сүйектері табылды. Алғашқы сараптамалық мәліметтерге сүйенсек, бұл жасы 40-50 шамасындағы ересек мамонтқа тиесілі сүйектер.

e3dbf60f-460c-4e60-a8d2-fbb80b4fac25

Бұл құнды олжаны «СПХ Новобратское» агрохолдингінің қызметкерлері Әділет Омаров пен Әлжан Ракишев тауып, табылған сәтте-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінің мамандарына хабарлаған. Қазір жәдігер Ұлттық музейдің ғылыми зертханасында арнайы температура мен ылғалдылық режимінде сақталуда.

f5b6b29c-33e8-46ba-b03e-d84b19f4f7df
Мамандардың айтуынша, төменгі жақ сүйегі мен жіліктің бүтін күйінде қатар табылуы осы маңайда мамонттың толық қаңқасы сақталуы әбден мүмкін екенін көрсетеді. Сондықтан Ұлттық музей ғалымдарынан құралған зерттеу тобы алдағы маусымда бұл аймақта жүйелі ғылыми-қазба жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр. Егер болжам расталса, бұл табылым Қазақстан аумағындағы мұз дәуірі жануарларын зерттеу саласында маңызды жаңалыққа айналмақ.
• Түкті мамонттар шамамен 700 мың жыл бұрын пайда болып, соңғы өкілдері 10 мың жыл бұрын жойылып кеткен. Кейбір шағын популяциялар тіпті б.з.д. 2000 жылдарға дейін Сібірдің солтүстік аралдарында өмір сүрген.
• Мамонттардың бойы 3-4 метрге, салмағы 5-6 тоннаға дейін, кейбір жағдайларда 8 тоннаға дейін жеткен. Олардың тығыз жүні мен май қабаты суық климатқа бейімделуге мүмкіндік берген.
• Мамонттың тістері ерекше ірі және көп қатпарлы болған - оларды қатты шөптер мен бұталарды шайнауға бейімдеген. Бір ересек мамонттың өмір бойында алты рет жаңа азу тістері өскен.
• Қазақстан аумағында мамонт қалдықтары бұған дейін де табылған: Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарында бірнеше үлгілер белгілі. Бұл табылымдар еліміздің мұз дәуірі фаунасының байлығын көрсетеді.
Құрметті әріптестер, осы бір ерекше тарихи-ғылыми жаңалықты кеңінен жария етіп, ақпараттық қолдау көрсетуге шақырамыз. Қажет болған жағдайда музей қызметкерлері тарапынан сұхбаттар мен қосымша материалдар ұсынуға дайынбыз. Қажет жағдайда Қоңыр өзенінің жағасынан түсірілген видео мен сұхбат қосымша беріледі.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале