Облыстық психологиялық-дәрігерлік-педагогикалық кеңес беру мекемесінің меңгерушісі, жоғары санатты логопед Райса Маселованың мәлімдеуінше, баланың тіліндегі ақауға бірнеше фактор әсер етеді екен. Әсіресе, анасының жүктілік кезіндегі жағдайы, тұқымқуалаушылық аурулар, отбасының әлеуметтік ахуалы, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас өте маңызды рөл атқарса керек. Күйзелістік жағдайлар (стрестік ситуациялар) жиі қайталанған сайын жетілу процесі де кешеуілдей береді. Күйзеліс демекші, кейбір отбасыларда бала бір жасқа толар-толмастан келесі сәби дүниеге келіп жатады. Ондайларды «тете» дейміз. Әке-шешесінің бүкіл ықыласы сол бауырына ауғанын білген бүлдіршін кішігірім күйзеліске тап болады. Нәтижесінде томаға-тұйық болып, психикалық дағдарысты бастан кешеді. Соның кесірінен де тіл мүкістігі пайда болатын көрінеді.
– Бүгінде ата-аналардың көбі балаларын теледидарға телміртіп қойып, алаңсыз жүре береді. Одан қалса, планшет пен смартфон бар. Соларға байланып қалған бала ертелі-кеш ойыншықты да қажет етпей қалады. Ал бөбектің дұрыс сөйлеуі үшін ұсақ моториканы дамыту қажет. Тілдің анық шығуына қол бұлшықеттері мен саусақтардағы нүктелер ықпал етеді. Ертеректегі «Ханталапай», «Бес асық», «Шеңбер», «Үш табан» секілді ойындарымыз дәл осы ұсақ моториканы жақсы жетілдіретін болған. Бүгінде оның орнына мозайка, түрлі-түсті пазлдар мен құрастырғыштар келді. Баланың қолына сүйек ұстатып, мүжітіп қою да тілдің дұрыс дамуына оң әсерін тигізбек, – дейді маман.
Райса Евганқызы бұл құбылысты психология тұрғысынан былай түсіндіреді:
– «Р» қиын дыбыстардың бірі болып саналады. Бес жасқа дейінгі балалардың бұл дыбысты айта алмауы соншалықты уайымдайтын нәрсе емес. Ал алты жастан бастап бұл мүкістік түзелмесе, алаңдаудың жөні бар. Негізінде бәрі де еркеліктен басталады. Сәби қалауын өзіне ыңғайлы тілмен жеткізіп үйренген соң, дұрыс сөйлеуге ерте талпынбайды. Не нәрсеге қолын созса, үлкендер соны бере салған соң қайдан талпынсын?! Оның үстіне ата-ана да баланың былдырын қызық көріп, сақаулана сөйлеуіне ерік беріп қояды. Баласын «Әйөк», «Әкөш», «Сәкөш» деп былжырақ тілмен еркелетеді. Дұрыстап ескертудің орнына «боймайды, мақ берем», «кәкәй» деп сөйлейтін атаананың балаларына қандай кінә тағуға болады? Әр бала үшін өзінің әке-шешесі қашанда идеал болып көрінеді. Сондықтан ең әуелі өзіміз балалармен тең дәрежеде сөйлесуіміз керек. Ерінбестен әр заттың атауын дұрыс ұғындыруымыз қажет.
Логопедтің осы мәселе төңірегінде айтуынша, «р» дыбысын үйрену үшін үш нәрсе қажет: тілдің қатаюы, сөйлегенде ауаның жеткілікті болуы, тіл ұшының дірілдеуі. Осылардың бірі дұрыс болмаған жағдайда, бала «р»-ны айта алмайды. Мұндайда сөздегі «р»-ның орнын тастап кетеді немесе «ғ», «л» секілді басқа дыбыстармен алмастырады. Мұны ротацизм деп атайды.
Тілдің астындағы желбезектің қысқа болуынан да бала «р»-ды айта алмауы мүмкін. Оны кейбіреулер бірден хирургке апарып кестіретін көрінеді. Негізі олай жасамай-ақ, артикуляциялық жаттығуларды орындап, желбезекті созуға болады екен. Мысалы, аттың жүрісіне ұқсайтын дыбысты салып, таңдайды қатты қағу тәсілі қолданылады. «Саңырауқұлақ» деген де әдіс бар екен. Онда тілді таңдайға 2-3 минут бойы барынша жабыстырып тұру қажет.
«Р» дыбысын айтқызып үйретудің дайындық, қою, машықтандыру, ажырату сияқты төрт кезеңі бар көрінеді. Алғашқы кезеңнің жаттығуларын жоғарыда айтып өттік. Одан соң трактордың дауысы секілді «др-р-р-р-р-р» деп қайта-қайта айтқызу керек. Осы кезде «р» дыбысы анық шықса, келесі кезеңге өтуге болады. Онда -ра, -ро, -ру, -ре деген буындарды қайталау керек. Жаттығу сәтті орындалған соң, құрамында «р» дыбысы бар сөздерге, кейін сөйлемдерге ауыса беруге лұқсат. Сондай-ақ «р» дыбысы көп өлеңдер мен жаңылтпаштар жаттатқан жөн. Логопед бұлардың бәріне шамамен 1-3 айдай уақыт кететінін айтты.
Бүгінде көбісі «р» дыбысын тек бала кезде ғана дұрыстап айтқызып үйретуге болады деп ойлайды. Бұл теріс пікір екен. Ересек кісілердің өзі логопед маманға барып, жаттығуларды мұқият орындаса, тіліндегі кемістік түзеліп кетеді.
Айым ТӨЛЕУҒАЛИ,
«Орал өңірі»
zhaikpress.kz