Ақпан айы қусырылып келеді. Мал қыстағының нағыз қызған шағы. Төрт түлікті түлетіп жатқан малшы-шопандар ең жауапты науқанды қалай өткізіп жатыр? Қорасы қымтаулы, малының шөбі жеткілікті ме? Өткенде қыс басталмай жатып, жаңбыр жауды, одан күн салқындады, малшы ағайынды сынаққа алды. Шығын жоқ па? Біз бүгін Бөкей ордасы ауданының белгілі шаруаларының бірі, «Еңбек даңқы» орденінің, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Бөкей ордасы ауданының құрметті азаматы, «Нарын» шаруа қожалығының жетекшісі Нағим Қитанұлы Тәжімұратовты әңгімеге тарттық. Қалаға қауырт шаруаларымен келіп жүрген азамат асығыс болса да, сәл-пәл аялдап, төмендегідей әңгіме өрбітті.

Өткен жылғы жазда жаңбыр аз болып, күзге қарай көп болмағанымен, жаңбырлатқаны жақсы болды. Шөп шығып, мал жайылып, біраз қоң жинады. Қыстаққа біршама қоңды келді. Мен өзімнің шаруашылығымның жағдайынан әңгімелеп отырмын. Қожалығым төрт түлік өсіреді. Сол төрт түлік Бөрлі ауылының төрт жерінде орналасқан. Яғни қыстақ қазіргі күнде төрт жерде өтіп жатыр. Аралары он-он бес шақырым. Ауылдан ең алысы, 70-80 шақырымда. Бұлар полигонның жерінде жатқан малдарым. Қыстақтың беталысы жаман емес, шүкір. Жазда жігіттерім тыным таппай, әр ашық күнді тиімді пайдаланып, төрт түлікке қажетті азықты жеткілікті дайындап алды. Ол жағынан қысылмаймыз деп айтуға болады.
Жоғарыда полигонның жерінде қыстап жатырмыз дедім. Мен осы соңғы жылдары талмай айтып келемін, аудандағы, өзімнің ауылым Бөрлідегі малшыларға полигонның бос жатқан жерлеріне жайлап қоныстана беріңіздер деп. 2030 жылы ол жерлерді жалға алған ресейлік әскерилердің мерзімі бітеді. Оны күтіп отырмайық, мүмкіндігіне қарай малдарымызды сол жаққа апарып, жазғы, қысқы орындарымызды сайлай берейік деп. Полигон жалға алған жер көлемі – 493 мың 400 гектар. Осының жартысын демей-ақ қоялық, шет жақтарының өзі бәрімізге жетеді, малымызға жайылымы, шабатын шөбі артығымен жарайды. Өзіме келетін болсам, он шақты жылдан бері мен ол жерлерді қоныстанып келемін. Қыстақ салып алдым. Қора-қопсы дейсіз бе, ол да бар. Скважиналық құдық қазылған, суы бұрқырап тұр. Үй-жай, тіпті моншаға дейін салып алдық. Байланыс жүйесі тәулік бойы үзілмейді. Электр жарығы дейсіз бе, ол да бар. Екі қыстаққа күн батареясын қондырып қойғанбыз. Ал қалған екі қонысымыз ауылдан 10-15 шақырым жерде ғой, оларға электр желісі тартылған. Тап осы екі қыстаққа көгілдір отын желісін өзіміз тартып алдық. Алыста жатқан қос қыстағымызға газ баллон жеткізіп тұрамын, отын жинаймын, жарамын деп малшыларым әуре болмайды. Моншаны жоғарыда айттым. Былайша айтқанда, тұрып жұмыс істеуге барлық жағдай туғызылған. Жазда да сол жердеміз. Шөбі шүйгін, жері жетеді. Қазіргі қыс айларында менің шаруа қожалығымда онның үстінде адам еңбек етіп жатыр. Полигонның жерінде негізінен ірі қара қыстатылуда. Ақпан ортасынан асса да, сиыр малы күндіз жайылады, кеште аулаға қамағанда қосымша шөп шашып тастаймыз. Қой енді қолға қарап қалды. Біразға дейін жайылып еді, өткенде жаңбыр жауғасын жайылымдық жерлердің бетіне мұз қатып, қой әбден қолға қарады. Жылқы қырда, құм арасында өз аяғымен тебіндеп жатыр. Бұл біздің Бөрлі ауылындағы жағдай. Дегенмен, малдан әсіресе, жылқыдан шығын болғанын естіп жатырмын. Мен жолсапарларда жиі боламын. Мысалы, қазталовтық, жаңақалалық, жалпақталдық жеке мал иелерінен жылқының шығынға ұшырап жатқанын естіп жүрмін. Ол және бір-екі бас емес, жиырмалап, отыздап шығын болғанын естідім. Құлын тастаған биелер де көбейген. Жәнібектегі әріптестерімді кездестірдім. Олар да біраз жылдан бері малмен айналысып келе жатқан тәжірибелі азаматтар. Солар айтады: жазда киік көп жерлерін – шабындық-жайылымдықтарын отап кеткендіктен, жылқының қыста тебіндейтін жері қалмаған. Одан желтоқсандағы жаңбыр, аяз жылқыға өте ауыр тиген. Мысалы, Казталов, Жаңақала жағында тебіндей алмай тұрып қалған, ашыққан, құлаған, сұлаған. Айналғанда өлім-жітімге ұшыраған... Киікке келетін болсақ. Олар әлі баршылық, далада қыстап жатыр, жай жатқан жоқ, жайылып жүр. Жылқының тебіндейтін жерлерін жылан жалағандай қылып жатқаны мен айтпасам да түсінікті шығар.
Біздің жақтың малшылары, оның ішінде өзім де бармын, малдың азығын өзіміздің өңірдің ерекшелігіне байланысты негізінен екі айға есептейміз. Бірақ «қыс ұзап кетіп жатса...» – деп, жыл сайын сақтанып, міндетті түрде молырақ дайындап алуға тырысамыз. Мысалы, биыл да солай істедім. Тіпті, ауылдан, көрші ауылдан, ауданнан шөбі таусылып қалатындар шығып жатады кейде. Айталық, өткен жылы қыста көп адам малына беретін шөбі таусылып қалып, қатты қысылды. Ондайда бар шөбіңді қораңа тығып отырмайсың ғой көмектесесің. Өзімізден артылғанын былай береміз, сатамыз. Мысалы, Құрманғазы ауылында ақпан орталанбай жатып, малдарының шөбі түгесілген. Соған Ұялы ауылынан шөп тасылып жатыр. Осындайда бір-бірімізге көмектеспесек, қай кезде көмектесеміз... Құрманғазы мен Саралжын ауылы малшыларының бұлай тығырыққа тірелуінің басты себебі, сол баяғы киіктер. Олар жаз кезінде жайылымға сыймай, ауылға ентелеп кіріп кетті ғой. Ал мыңдаған киіктен шөп біткен аман қалған жоқ, малшылар қырлықты қаншама тырналап шапқанымен, қысқа қажетті, жеткілікті қор жинау мүлдем мүмкін болмай қалды. Кеше осылай қарай келе жатқанда көрдім, Казталовқа қарай жол жоқ, қар басып қалған, Сайқын, Казанка, Жаңақала күрежолымен жүргенде, далада шөп мүлдем көрінбейді. Қар тегіс жатыр. Ал Ұялы ауылына келгенде ішіне кірмегенмен, сырт жағында үйір-үйір жылқылар жүр тебіндеп. Жаңақалаға қарай да солай, қай жерде қылтиған шөп бар, сол жерлерде жылқылардың жүргенін көрдім. Осы күні кеше жауған қар Саралжынға кіретін 26 шақырым грейдерді қатты басып қалды. Сол ауылға Оралдан әкелетін жем мен Ұялыдан тасылатын шөпті жеткізуде қиындық туды. Бірақ қазір жағдай түзелді.
Менің күні бүгінгі есебім бойынша біздің құм өңірінде қыс наурыз айына дейін мол барайын деп тұр-ау. Наурыз келсе, біздің жақта негізінен қар кетіп, мал өріске шығып кетеді. Содан үміттенеміз. Ит-құс бар. Бірақ киіктің көптігінің бір «пайдасы» болар, «жаманауыз шапты, жеп кетті, жарып кетті» – деген арыз-шағым естілмейді. Сірә, қасекеңнің малға шабуға киіктен «қолы тимей» жатқан шығар...
Негізі, қыста малға азық жетпей қалуы көбіне малшының өзіне байланысты. Мен мұны өзімнің қырық жылға жуық тәжірибемнен алып айтып отырмын. Кейбір, әсіресе жастар жағы, мал өзінен-өзі өседі деп есептей ме, түлік өсіруді жеңіл санайды. Шөпті уақытымен шабу, жинау, тасу, үю дегендеріңіз дер кезінде атқарылатын жұмыс. Қай кезде де, қысқа шөпті артығымен дайындау керек. Мысалы, біздің жақта малшылар шөптің артылғанын қора төңірегіне тасымай-ақ, құм арасына үйіп қояды. Қыс қатты болып, ұзап кетсе, өзіңе де, өзгеге де жетеді деп әріден ойлаған шаруаның қамы – бұл. Соңғы жылдары тағы бір байқап жүргенім, малшылар қысы-жазы бір орында отыра береді. Одан жер тозады, бара-бара шөп шықпай қалады. Жаңбыр жаумай қалса, жағдай тіпті қиындайды. Қазір малшылардың жерлерінің көбі тозған, мал бағылатын нүктелерді құм басып барады. Менің ауылдастарыма айтып келе жатқан, полигонның жерін иемдене берейік деген әңгімемді газет бетінде де көтеріп жүрмін ғой. Өзім сол жақты қоныстанғаныма он жылдай уақыт болды дедім. Полигон дегенмен ресейлік әскерилер ол жердің бәрін пайдаланып жатқан жоқ. Оның үстіне енді бір төрт жылдан кейін оны әскерилердің жалға алған мерзімі бітеді. «Біз соны күтіп отырмай, жайлап қоныстана берейік деп» аудандағы шаруалас малшыларға айта-айта «қартайдым». Құдық соғып алып, үй-қора салып алсаң, малға керемет! Бүгінде, мысалы, Хан ордасы ауылында да малшылар өте тығыз отыр. Олардың аралары бір шақырым, екі, үш шақырым болып, иін тіресіп қалған. Ал ондай жерде жайылым, шабындық деген қиын ғой. Жер тозып кеткен. Құм басып барады. Мал басы өсіп жатыр, бара-бара жағдай мүлдем қиындауы мүмкін. Осы мәселені талмай айтып келемін, қайтесің жаның ашығандықтан айтасың ғой...
Енді, тағы да мал қыстағына келетін болсақ, жаман жыл болмайды. Табиғат ол адамның дегенімен, қалауымен жүрмейді. Бәрі өзіңе байланысты. Қандай қыс болса да, малдың қыстан жадап-жүдемей шығуы малшының өзіне байланысты дер едім!
Жазып алған:
Есенжол Қыстаубаев,
«Орал өңірі»
P.S.
Ауданнан бізге түскен ресми хабарға сүйенсек, бүгінде бөкейлік өңірде мал қыстағы 20 ауылда, 573 шаруа қожалығының 553 қыстағында өтіп жатыр. Оларда 123 мың 329 ірі қара, 122 мың 185 қой мен ешкі, 42 мың 624 жылқы, 1 мың 185 түйе қыстатылуда. Осыларға күні бұрын 209 мың тонна шөп, екі мың тонна жем қамдалды. Мал қыстақтары мен елді мекендердегі тұрғындардың жеке малдары толықтай қолға қараған. Қажет еткендерге кәсіпкерлер 25 келілік бір қапшық жемді 3100-3700 теңгеден сатуда. Қыстақ барысы арнайы құрылған аудандық штаб пен әр ауылдық округтердегі жұмыс топтарының жіті бақылауында. Жауапты мамандар ауылдар мен қыстақтарды аралап тұрады. «Шөп бітіп қалды, мал ашығып жатыр» деген суыт хабар жоқ. Жол қатынастары үзілмеген, байланыс тұрақты. Қыстақтарда 532 трактор, 456 аутокөлік сақадай сай. Қыс соңы ұзарып, шөп қажет болып қалған жағдай туындаса, арнайы құрылған жұмыс топтары шұғыл әрекетке дайын. Күні бүгін түліктер арасындағы табиғи өлім-жітімді есептемегенде, мал басынан шығын жоқ. Қыстақ қалыпты өтуде.