Ақ Жайық өңіріндегі ашылғанына 43 жыл болған әлемдегі ең ірі газконденсатты кен орындарының бірі – Қарашығанақ. Кен орнын «Эни», «Роял Датч Шелл плс», «Шеврон», «ЛУКОЙЛ» және «ҚазМұнайГаз» компаниялары бірлесіп игеруде. 1997 жылы бірлескен кәсіпорын және еліміздің мүддесіне өкілдік ететін өкілетті құрылым Қарашығанақ кен орнын игеру мақсатында «ҚПО» компаниясын құрды.
Сонымен қатар Қарашығанақты 2038 жылға дейін, 40 жыл бойы бірлесіп дамыту шарттарын белгілейтін өнімді бөлу туралы түпкілікті келісімге (ӨБТК) қол қойылды. «ҚПО» компаниясының үкімет құрылымдарымен байланыс жөніндегі бөлімінің басшысы Серік Дошаевтың айтуынша, ӨБТК бойынша консорциум болашақ мамандар даярлау мақсатында студенттердің оқу ақысын өтеу бағдарламасын жүзеге асыруда. Бұл туралы облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында айтылды.
2015 жылы 29 қыркүйекте ҚР Энергетика министрлігі, «PSA» ЖШС, «НКОК Н.В.», «ҚПО б. в.» және «KAZENERGY» қауымдастығы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Осы меморандум аясында оқу ақысы өтелетін студент-үміткерлер арасында іріктеу өткізіледі, іріктеуден өткендердің оқу ақысы Солтүстік Каспий, Қарашығанақ жобалары есебінен бөлінетін қаржы-қаражаттан төленеді. Мұндай қолдауға кімдер ие бола алады?
– Әрине, оқуға үміткерлерді іріктеу ережесі басшылыққа алынады. Конкурсқа Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады. Жалпы білім беретін мектептердің түлектеріне, техникалық және кәсіптік білім беру (соның ішінде колледждерде, жоғары колледждерде), жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында білім алушыларға бақ сынауға жол ашық. Конкурсқа қатысу үшін құжаттарды қабылдау, тіркеу жұмысы 15 шілдеден 31 тамызға дейін жүргізіледі. Жыл сайын орта есеппен 1500-2000 өтінім түседі, оның 600-ге жуығы мақұлданады, – деді Серік Дошаев. Баяндамашының сөзіне сүйенсек, үміткерлер өтінімді grant. кazenergy. com сайтына көрсетілген мерзім ішінде жіберуі керек. Колледжге түскен және сонда оқитын үміткерлердің берешегі болмауы тиіс. Оқу үлгерімдеріне де қойылатын тиісті талаптар бар. Конкурсқа қатысу тәртібі, қажетті құжаттар аталмыш сайтта көрсетілген.
– «ҚПО» компаниясы есебінен оқитын үміткерлерді іріктеуде бірінші кезекте оқу үлгерімі талап үдесінен шығатындарға, оқуын жалғастырып жатқандарға, жағдайы төмен, көпбалалы және толық емес отбасылардың, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға, мүгедектер санатына жататын үміткерлерге басымдық беріледі. Сонымен қатар «Алтын белгі» төсбелгісі, үздік аттестаты бар үміткерлер немесе республикалық, халықаралық олимпиадалардың, ғылыми жобалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне, белсенді азаматтық ұстанымы үшін «Елбасы» медалімен марапатталғандарға жеңілдік қарастырылған. Одан басқа ҚР Білім және ғылым министрлігі мойындаған рейтингке кірген оқу орындарының білім алушыларына да басымдық беру көзделіп отыр. Өтінімдер бойынша өңірлерге квота бөлінбейді. Үміткерлерді іріктеу жөніндегі комиссия құрамына 13 адам, яғни ҚР Энергетика және ҚР Білім және ғылым министрліктерінің, «KazEnergy» заңды тұлғалар бірлестігінің, «НКОК», «ҚПО» оператор-компанияларының, «PSA» ЖШС өкілдері мен облыс әкімдерінің орынбасарлары (БҚО бойынша облыс әкімінің орынбасары Темірхан Меңдіғалиев) енеді.
– 2021-2022 оқу жылында «ҚПО» компаниясы 8 оқу орнына студенттердің оқу ақысын төледі. Ақ Жайық өңірінен тек екі ЖОО – Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық (9 студент) және Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеттері (7 студент) бар. Іс жүзінде 157 студент үшін барлығы 209 млн 75 мың 833 теңге, бір студент үшін 1 млн 331 мың 693 теңге төленді. Өткен оқу жылында Атырау облысынан – 115, Алматы қаласынан – 93, Қарағандыдан – 62, Астанадан – 56, ШҚО-дан – 44, Батыс Қазақстан облысынан 25 өтінім және басқа да өңірлерді қосқанда барлығы 617 өтінім мақұлданған. Консорциум өнімді бөлу туралы түпкілікті келісімнің 7-қосымшасының 3, 4-тармақтарына сәйкес жыл сайын ҚР азаматтарын оқытуға 500 000 АҚШ доллары көлемінде қаржы бөледі. 2015 жылдан бастап оқу ақысына бөлінетін қаржы операциясын «KazEnergy» қауымдастығы жүргізеді. Сондай-ақ қауымдастық үміткерлердің өтінімдерін жинақтап, іріктеу жүргізеді, білім беру ұйымдарын таңдайды.
Еліміздегі ондай оқу орындарының саны – 50 шақты. Оқу орындарына қажетті құжаттар, комиссия хаттамаларын дайындайды, – деп түсіндірді Серік Дошаев.
Биылғы оқу жылында кен игерушілер консорциумы есебінен студент оқытатын оқу орындарының қатары 8-ден 55-ке жетті. Барлығы 363 студентке ақы төленеді. БҚО-дан 4 білім беру мекемесінен 42 студентке қаржылай қолдау көрсетілуде.
Қоғамдық кеңес мүшелерінің көпшілігі студенттердің оқу ақысын өтеу бағдарламасының барын бұрын естімегендерін, қалың жұртшылыққа ақпараты, насихаты кемшін екенін айтты. Аталмыш кеңес мүшесі Людмила Щукина бағдарламаға қатысу үшін жыл сайын өтініш тапсыру қажеттігіне наразылық білдірді. «Бірінші курсын осы бағдарламамен оқыған жас 2-курста балы төмен немесе түрлі себептермен өтпей қалса, сонда не істейді? Қазіргі кезде оқу ақысы қымбат, оны кез келген отбасы төлей алмайды. 2014-2015 оқу жылдары оқу ақысы орташа есеппен 660 мың теңге болса, бүгінде 2 млн теңгеге жуықтады», – деді Л.Щукина. Сондай-ақ жиында «ҚПО»-ның өзіне қажет мамандарды емес, күллі еліміз бойынша техникалық, мұнай-газ салаларына мамандар даярлайтыны айтылды. Кен орны орналасқан өңірдің балаларына ешқандай артықшылық қарастырылмағаны, қайта өзге өңірлердің жастарының оқу ақысы көбірек өтелетіні де назардан тыс қалмады. «Бұл – өнімді бөлу туралы түпкілікті келісімде қарастырылған талаптардың бірі. Оны біз өзгерте алмаймыз», – деді компания өкілі С. Дошаев. «Ол келісімшартқа қол қойылғалы бері біраз уақыт өтті. Сондықтан заман ағымына сай құжаттағы талаптарды қайта қарау керек», – деді кеңес мүшесі Азамат Мусилов. «2013 жылдан бері 168 студентіміз компания есебінен оқыды. Бірақ компанияның оқу орындарымен ешқандай байланысы жоқ. Қазанның 14-інде, оқу басталғалы ай жарым өткенде биылғы оқу жылына тапсырыс алғанымызды білдік. Мектепті ерекше аттестатқа бітірген екі студентіміздің аттестаты тіркелмеген деген ақпарат алдық. Олар гранттан қағылды. Тапсырыс берушіні балалардың грант иеленбеген жағдайдағы тірлігі, не істейтіні мазаламайды. Сондықтан «ҚПО» колледждермен қарым-қатынас орнатса екен дейміз», – деді республикалық жоғары техникалық колледжінің директоры Анар Аймағанбетова.
Басқосуда «Жайықмұнай» ЖШС-ның бас директоры Жомарт Даркеев студеттердің оқу ақысын өтеу бағдарламасының барысы жайында баяндады. 2013-2021 оқу жылдарында 145 студенттің оқу ақысын өтеуге 463 млн теңге бөлінді. Компанияның қаржылай қолдауы есебінен оқыған жастардың 112-сі – батысқазақстандық. Бұған қоса 277 млн теңге мектептердің материалдық-техникалық базасын жақсартуға бағытталды.
Қоғамдық кеңес отырысына қатысушылар «ҚПО»-ның бағдарламасына қатысуға өтініш қабылдау тәртібін өзгерту, педагогикалық, медициналық мамандықтарға оқитын жастарды бағдарламамен қамту мәселелерін көтерді. Кен орнын игеруші компанияның қаржысына оқыған жастардың жұмысқа тұру көрсеткіштеріне сараптама жасалмайтыны белгілі болды. Сондықтан қоғамдық кеңес мүшелері мұндай олқылықты жоюды, жас мамандардың жұмысқа орналасу көрсеткішіне сараптама жүргізуді ұсынды.
Гүлбаршын Әжігереева,
zhaikpress.kz