7.04.2026, 12:15
Оқылды: 5

Ақсай қаласында «Белсенді ұзақ өмір» орталығы зейнеткерлерге қызмет көрсетеді

978000cd-0aef-4194-9001-ccfcdeb79ba0

Өткен аптада Бөрлі ауданына іссапарымыз барысында Ақсай қаласындағы «Белсенді ұзақ өмір» орталығына жолымыз түсіп, зейнеткерлерге жасалған жағдайды көріп, марқайып қайттық. Орталықта қариялар қалаулары бойынша емдік дене шынықтыру жаттығуларын жасап, теннис, тоғызқұмалақ, дойбы ой-наса, ақ жаулықты аналарымыз да иогамен айналысып, би, домбыра, хор сабақтарына қатысып жүр. Сондай-ақ тоқыма тоқып, іс тігіп, кейбірі ағылшын тілін үйреніп, бос уақыттарын мәнді де сәнді өткізуде. Мұнда келген әрбір зейнеткер өзіне қажет дүниені табатынына көз жеткіздік. Бірі денсаулығын түзеуге ден қойса, енді бірі көптен ойлап жүрген арманын жүзеге асыруға кіріскен. Бұл орталық жай ғана бос уақыт өткізетін орын емес, өмірге құштарлықтың, тоқтаусыз ізденістің, жаңаны үйренуге мүмкіндік беретін орта дерсің. Аптасына бес күн түске дейін қызмет ететін орталықта  зейнеткерлер бір-бірімен емен-жарқын әңгімелесіп, жаңа орта тауып, белсенді өмір салтын ұстануға мүмкіндік алып отыр.

«Қан  қысымы  қалыпқа  келіп,  денсаулықтары  нығаюда»

Қос қабатты ғимаратқа келу­шілер алдымен тіркеліп, содан соң олардың қан қысымдары тексеріледі. Яғни дене шынықтыру жаттығуларын жасамастан бұрын денсаулықтары қадағаланады. Содан соң келушілер топ-пен жаттығу жасап, кейбірі тренажерда жү­гіреді. Би, хор, домбыра бөлмелеріне барып, арнайы мамандар-дан өнер үйренеді.  Шеберханада ісмерлікке баулу бойынша  дәрістер оқылып, тоқыма тоқу, киім тігудің әдіс-тәсілдері үйретіледі. Өмірдің түрлі сынақтарында күйзеліске түспес үшін олармен психологтер жұмыстанып, алаяқтардан сақтандыру мақсатында заңгерлер кеңес береді.

– Белсенді өмір салты орталығының басты  мақсаты – зейнеткерлердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру жә­не олардың денсаулықтарын жақсартып, ұзақ өмір сүру үшін жағдай жасау. Мәселен, хор үйірмесін алсақ, оның тиімділігі өлең айтумен шектелмейді, егде жастағы адамдар ән салған кезде кең тыныс алып, өкпесі қалыпты жұмыс істейді.  Сондай-ақ көңіл күйлері көтеріліп, қан қысымы қалыпқа келеді. Орталыққа Ақсай қаласының тұрғындары ғана емес, көрші ауылдардан да ке­ліп жүр. Олар бір-бірімен араласып, достасып кетеді. Мұнда келетін ата-әжелердің көбі өмір бойы жұмыс, отбасы, бала-шаға, қоғамдық міндеттермен айналысып, өз денсаулығына көңіл бөле алмаған. Қазір бос уақыт пайда болған соң өз-өздеріне көңіл бөлуде.

Сабақ барысында қол-аяқтың қызметін жақсартуға,  буындардың икемділігін  арттыруға  және тепе-теңдікті сақтауға арналған қарапайым, қауіпсіз жаттығу­лар үйретіледі. Бұл жаттығулар тек физикалық емес, рухани дамуға да ықпал етеді. Тұрақты тәжірибе адам-ның ой-санасын өзгертіп, өмірге деген көзқарасын кеңейтеді, сондай-ақ сабыр мен ішкі тыныштық сыйлайды, – деді «Белсенді ұзақ өмір» орталығы жобасын жүзеге асырған «Интеграл» жастар қоғамдық бірлестігінің төрайымы Аида Мектепқалиева жаттығу бөлмесінде жүріп жатқан сабақты  көрсетіп.

«Зейнетке  шыққан  соң  іс  тігіп,  тоқыма  тоқып  үйрендім»

Шеберханаға бас сұқ­сақ, үш әже іс ті­гіп, тоқыма тоқып отыр екен. Бізге өздерінің қолынан шыққан дүниелерді көрсетіп, жасалу жолдарын түсіндірді.

Мәдина Досжанованың (суретте) бұл орталыққа келіп жүргеніне төрт жылдай уақыт болған.

– Белсенділікке баулитын орталыққа келудегі мақсатым –  өзімді дамыту, жаңа іс үйрену,  тігін тігуді меңгеру. Жас кезімде ісмер болуды қаладым. Әр түрлі киім, көрпе-көпшік тыстарын өзім тігіп алсам ғой дейтінмін. Бірақ күнделікті күйбең тіршілікпен жүріп,  уақыт болмайтын. Былтырдан бастап осы орталық тігіншілерінен іс тігуді үйрендім. Бұрын мұндай іспен ай-налыспағандықтан, көп үйренуге тура келді. Алғашында тігін машинасын қалай сабақтау, қалай дұрыс басу керегін де білмедім. Біртіндеп тігіс түрлерін, матаны дұрыс ұстауды, қолдың икемін қалыптастыруды үйрендім. Ұлттық киім тігіп, оны киіп алдым. Балаларға костюмдер тіктім.

Жасырмайын, негізі бұл орталыққа келместен бұрын қан қысымым 240-250-ге дейін кө­теріліп кететін. Дене шынықтыратын түрлі жаттығулар жасаған соң қан қысымым 120/80-ге түсті, – деді ол.

Тоқыма тоқудан алдына  жан салмайтын Ақлима Ұқсынбаева (суретте) шәлі тоқып отыр екен. Жуырда жемпір тоқып, оны сатып жіберген. Бұл орталыққа  бес жылдан бері келіп жүр екен.

– Қыз кезімде тоқыма тоқитынмын. Бірақ бала-шаға  деп жүргенде киім тоқып киетін уақытым болмады. Ал ұзақ уақыт айналыспаған дағды ұмытылып қалады ғой. Тоқыма тоқуды Темірбайқызы Гүлайым есімді қы­зымыз қайтадан үйретті. Орталықтағы әжелер өте жақсы ән салып, би билейді. Хорео­графымыз Алтын Сәр-сенбайқызы да  өте білімді маман. Сондай-ақ мұнда домино, шахмат, дойбы ойнап, бір-бірімізбен жарыса-мыз. Алғашында үйден шашымды тарап, әрленіп, осы орталыққа шығып бара жатсам, жұбайым «Қайда бара жатырсың? Қарттар үйіне ме?» деп әзілдейтін. Сонда мен «Жоқ, жастар орталығына бара жатырмын» деуші едім. Ол кезде отағасы маған ілеспейтін. Қазір ол осы орталыққа келу үшін менен бұрын киініп алып, «Қашан шығасың? Болсайшы» деп мені күтіп тұрады. Әр күніміз көңілді, мәнді өтіп жатыр. Жазда орталық зейнеткер-леріне саяхаттар ұйымдастырылады. Теректі ауданындағы Шалқар көлге, Шыңғырлау ауданындағы Сарқы-рамаға, Қаратөбе ауда­нындағы киелі орындарға бардық, – деді Ақлима Мейірманқызы.

Кейуананың бірі Жанар Хасайынованың (суретте) үйге киетін аяқ киім­ді ерекше дизайнда тоқып отырғанына куә болдық. Кейіпкеріміз – қырық жылдай білім беру саласында қызмет етіп, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған ардагер ұстаз. Бұл орталыққа бір жылдан бері келіп жүр екен.

–  Таңмен ерте тұрып, осы орталыққа келуге асығамыз. Қыздарым «Мама, сіз 40 жыл бойы ерте тұрып, жұмысқа кететінсіз. Сол әдетіңізді тастамайсыз, иә?» деп ойын-шыны аралас айтып жатады. Біз бос уақытты тиімді өткізіп қана қоймай, жаңа орта тауып, руха­ни демаламыз. Таныстарымызға осындай тамаша орталықтың барын айтып, жарнамалап жүреміз. Егде жастағы  адамдарға осындай жағдай жасаған  облыс, аудан басшылығына және «Белсенді ұзақ өмір» жобасын жүзеге асырып отырған Мектепқалиева Аида  қызымызға алғыс айтамын. Бізге өнерді де, спортты да ерінбей-жалықпай үйрететін жаттықтырушылары-мызға, жетекшілерімізге дән ризамыз, –  деді Жанар Құрманбайқызы.

Бәсекелестік  те,  бақталастық  та  жоқ 

Бөрлі аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ольга Басимованың ай-туынша, «Белсенді ұзақ өмір» орталығы 2021 жылы өз жұмысын бастаған. Мұнда егде жастағы азаматтардың денсаулығын жақсарту, әлеуметтендіру, қоғамдағы белсенділігін арттыру мақсатында іс-шаралар ұйымда-стырылады. Ұлттық құндылықтар мен ұрпақтар сабақтастығы  насихатталып,  ата-әжелерді даналыққа дә­ріптейді.

– Бүгінде орталыққа келу­шілер саны артып, қызмет түрлері кеңейіп келеді. Полиция қызметкерлері жиі ке­ліп, қауіпсіздік бойынша дәріс оқиды. Алаяқтардың ал­дау әдіс-тәсілдері туралы да баяндайды. Соның арқасы шығар, орталыққа келіп жүрген ата-әжелеріміздің бір-де-біреуі алаяқтың құрбаны болған жоқ. Басында қолдарын жоғары көтергенде қиналатын зейнеткерлер 15-20 күн келген соң «Мен тәуір болдым, қолымды былай көтере аламын. Жүгіре аламын. Қан қысымым қалы-пқа келді» деп балаша мәз болып, қуанып жатады. Жұмысымыздың нәтижесі көрінгенде біз де марқаямыз. Қазақы құндылықтарға, салт-дәстүрге, ұрпақтар сабақтастығына  бағытталған іс-шараларды ұйымдастыра­мыз. Кітап оқу күндерін, мерейтойлық дата бойынша шығармашылық кештерді өт­кіземіз. Көркем әдеби кітап оқу бойынша тапсырмалар береміз, байқаулар ұйымдас­тырамыз. Олар ұғынған ақпараттарын немерелеріне ай­тады. Ізденімпаз, білімге құштар ата-әже немерелеріне үлгі болатыны сөзсіз, –  деді жоба жетекшісі Аида Мектепқалиева.

Иә, бұл орталықта бәсекелестік те, бақталастық та жоқ. Керісінше, мұнда бір-бірінен үйрену, қолдау көрсету, ортақ қуанышқа бөлену басым. Даналықты дәріптейтін, денсаулықты нығайтатын осындай ортада өткізілген әрбір сағат үлкен-кішінің өмірге деген құлшынысын арттыратыны анық.

Гүлсезім  Бияшева,

"Жайық Пресс" 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале