7.08.2024, 19:17
Оқылды: 191

Ақсай техникалық колледжінде дәнекерлеушілерге арналған тренинг орталығы құрылды

Аталған орталық үшінші және төртінші санатты қажет ететін мамандықтарға жергілікті кадрлар дайындау және қазақстандық кадрлардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында құрылды. Жас дәнекерлеушілерді қазіргі заманғы дәнекерлеу ісіне үйрететін орталық алдағы оқу жылынан бастап жұмыс жасайды. Қосымша білім беру сабақ негізінде оқытылатын үш айлық шеберлік арттыру классына колледждің үшінші курс студенттері қабылданады.

7b2e53c1-97c1-4bd5-9e19-af58324c4f7b

Жергілікті жердегі мұнай-газ компанияларына қажетті мамандарды дайындайтын тренинг орталықты "КПО б. в" компаниясы қаржыландырған. Ауданға қажетті маманды дайындау үшін таңдаған оқу орнының материалдық-техникалық базасына және жабдықталу деңгейіне талдау жасаған компания колледжді заманауи оқу орталығымен қамтамасыз етті. Сондай-ақ оның материалдық-техникалық базасын құруға қажетті жабдықтарды сатып алуға жәрдем етті. Соның арқасында колледж ауласындағы бос ғимарат іші жаңарып, соңғы үлгідегі еуропалық дәнекерлеу аппараттарымен жабдықталды. Арнайы шебер жұмысқа тартылған.

Ақсай техникалық колледжінің директоры Мирболат Дияров тренинг орталықта білім алатын балалар теориялық білімін практика жүзінде жүзеге асыруы үшін жергілікті кәсіпорындармен келіссөздер жүргізіліп жатқанын айтты.

759cd476-11e1-43c1-9590-a89626a4ba6c

- Жастарды қазіргі заман талабына сай келетін мамандыққа оқытуды мойнымызға алдық. Жауапкершілікті де сезінеміз. Қазір алдымызда тренинг орталық қатысушыларының толыққанды оқыту жүргізуіне қажетті материалдар алуға аздаған қаражат керек, - деді Мирболат Дияров.

Оған өңір басшысы білім алам деген жастардың қажеттілігін өтеуге дайын екенін айтты.

Сонымен қатар колледж студенттеріне жатақхана қажет. Ол мәселені колледж директорының орынбасары Эльмира Жолдасова көтерді. Оның сөзінше, қазір 63 студент жатақхана сұрап, өтініш жазған.

- Колледж түлектеріне деген сұраныс жақсы. Оның үстіне тренинг орталық ашылды. Аудан әкімінің көмегімен қаладағы мекемеден студенттерімізге орын тауып бердік. Бірақ жатақхана қажет, - деді Эльмира Жолдасова.

Өңір басшысы аталған мәселені шешу жайын қарастыратынын айтты.

406e0f8c-b3c9-4f59-b1e0-92bbc251bc4a

Түгелбай Бисен, 

Бөрлі ауданы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале