17.04.2025, 15:00
Оқылды: 430

Ақсерік Әйтімов: «Білім мен ғылым мемлекеттің ерекше назарында»

 

Жақында «Атамекен» өнер ордасында «Инженерлік ғылым, цифрлық қоғам және жасанды интеллект: дамудың жаңа мүмкіндіктері мен келешегі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

DSC06223 (1)

Бұл конференцияны «ҚАЗИИТУ» ғылыми-білім кешенінің ұжымы Жұмысшы мамандықтар жылына, сондай-ақ Ғарышкерлер және Ғылым қызметкерлері күніне орай ұйымдастырды. Іс-шараның тізгінін ұстаған Қазақстан инновациялық және телекомму-никациялық жүйелер университетінің (ҚазИжТЖУ) ректоры Әліби Баяхов меймандарды таныстырып, қазақы игі дәстүрмен қонақжайлылық танытты. Ең әуелі техника ғылымдарының кандидаты, профессор, академик Ақсерік Әйтімов сөз алып, ғылымды дамыту мәселелеріне тоқталды. Оған қоса «ҚАЗИИТУ» ғылыми-білім кешені ұйымдастырған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциялар атаулы күнге немесе ғылымның дамуына елеулі үлес қосқан тұлғалардың өмір жолына, еңбектеріне арналатынын айтты.

– Баршаңызды 12 сәуір – Ғылым қызметкерлері күнімен құттықтаймын! Былтырғы конференция ғұлама ғалым, халқымыздың біртуар перзенті Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толуына орай өткізілді. Еліміз әлі күнге дейін оның ғылыми жаңалықтарының игілігін көріп келеді. Ғылымды бір күнде немесе бір жылда дамытып жіберу мүмкін емес. Ұзақ уақыт қажырлы жұмыс істеуіміз қажет. Қазіргі кезде білім мен ғылым біздің мемлекеттің ерекше назарында. ҚР Президентінің қолдауымен ғылыми зерттеу жұмыстарына қомақты қаржы бөлінуде. Жастардың ғылымға деген ынта-ықыласы жоғары. Бүгінде зерттеу инфрақұрылымын нығайту бағытындағы бастамалар жүзеге асырылуда. Соңғы  жылдары білікті кадрлар даярлау гранттарының саны да артты. Ұлттық ғылым академиясына мемлекеттік мәртебесі берілді. Президент жанынан Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес құрылды. Былтыр ғылымға үш жылдың ішінде 625 миллиард теңге қаржы бөлу туралы шешім қабылданды. Бүгіндері ғалымдардың жалақысы екі есе көбейді. Ғалымдарға әлемнің озық ғылыми орталықтарында тәжірибеден өту үшін зор мүмкіндік беріліп отыр. Аймақтарда шетелдік жетекші университеттерінің филиалдары ашылды. Еліміздің тұрақты дамуы үшін өзгерістерге тез бейімделіп, мүмкіндіктерді ұтымды пайдалану өте маңызды. Осы орайда мемлекет ғалымдарға, сарапшыларға, ел экономикасына жаңашылдық әкелетін мамандарға зор үміт артады, – деді Ақсерік Сарыұлы. Ал облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Гүлжанар Шөкеева іс-шараға қатысушыларды өңір басшысы Нариман Төреғалиевтің атынан мерекемен құттықтады.

– Ғылым мен инновация – мемлекет стратегиясының негізгі бір бағыты. Қазіргі заман – білім мен ғылымның дәуірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бүгінде алпауыт елдердің арасында бақталастық өршіп тұр. Біз көшке ілесетін емес, көшті бастайтын елдердің қатарында болуымыз керек. Шикізатқа арқа сүйеп отырған ел алысқа бармайды. Бізге ғалымдар, инженерлер, өнертапқыштар қажет. Мамандарымыз әлемдік бәсекеге төтеп бере алатындай білімді, білікті болу керек» деген еді. Президент тапсырмаларын мұқият орындап, нақты нәтижеге қол жеткізуіміз қажет. Білімді жастар – мемлекеттің тірегі, еліміздің ертеңі. Олардың сапалы білім алуы үшін қолайлы жағдай жасау – біздің негізгі мақсат-міндетіміз. Рухы биік, ертеңіне сеніммен қарайтын ұлт қана мықты мемлекет қалы-птастыра алады, – деді Гүлжанар Болатқызы. Содан соң техникалық ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының вице-президенті, академик Амандық Төлешов онлайн байланысқа шығып, ғалымдардың алдағы уақыттағы жұмысына сәттілік тіледі. Өз кезегінде Ресей Федерациясының Орал қаласындағы бас консулдығының вице-консулы Константин По-горельский мен заң ғылымдарының кандидаты, С. Королев атындағы Самара ұлттық зерттеу университеті азаматтық іс жүргізу және кәсіпкерлік құқық кафедрасының доценті Рамиль Юсупов ғылымды дамытуға бағытталған бастамаларды қашанда қолдауға дайын екенін жеткізді. Сонымен қатар конференция барысында журналист, ғарыш тарихын зерттеуші, «Батыс Қазақстанның ғарыш тарихының беттері» кітаптар сериясының ауторы, «К. Циолковский атындағы Ресей космонавтика академиясы» аймақаралық қоғамдық ұйымның академиялық кеңесшісі Валентина Полетаева жасанды  интеллект жайында әңгіме өрбітті.

– Кешегі қиял-ғажайып дүниелер бүгінде шындыққа айналуда. Жасанды интеллект атауының өресі кеңеюде. Жасанды интеллект медициналық диагностика және заңгерлік кеңес беру сияқты күрделі салаларда да кеңінен қолданыла бастады. Бұл – заман талабы, – деді Валентина Владимировна. Осы бағытта облыстық цифрлық технологиялар басқармасының бас маманы Абат Ашық пен ҚазИжТЖУ-дың оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректоры Анар Аймағанбетова сөз өрбітіп, ой-пікірлерін ортаға салды. Ал техникалық ғылымдарының докторы, Волгоград мемлекеттік техникалық университеті Камышин технологиялық институты машина жасау технологиясы кафедрасының профессоры Пётр Бочкарёв болса, «Механикалық өңдеу мен құрастырудың көп өнімді технологиялық процестерін жоспарлаудағы жасанды интеллект» тақырыбындағы баяндамасын көптің назарына ұсынды. Ресейдің Саратов қаласынан келген қос қонақ – «Ұлттық технологиялық жүйелер мен кешендер» ғылыми-өндірістік бірлестігінің бас директоры Павел Малинин және «AП сауда компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Вячеслав Дубинец энергетика және ауыл шаруашылығы нысандарын сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінде энергия және ресурс үнемдейтін технологиялық шешімдерді әзірлеу және енгізу мәселелеріне тоқталды.

DSC06179 (1) Ретті жерінде айта кетейік, конференцияға И. Раззаков атындағы Қырғыз мемлекеттік техникалық университеті Техносфера қауіпсіздігі кафедрасының меңгерушісі, доцент, техника ғылымдарының кандидаты Жыргалбек Омуров және аталмыш университеттің оқытушысы Наргиз Уманова да қатысты.

DSC06173 (1)

Осы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция барысында «ПСП Серик» ЖШС бас директоры Серік Мерғалиевке, «К. Циолковский атындағы Ресей космонавтика академиясы» аймақаралық қоғамдық ұйымының академиялық кеңесшісі Валентина Полетаеваға, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиевке Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің құрметті профессоры атағы берілді. «ҚАЗИИТУ» ғылыми-білім кешені жанындағы халықаралық цифрлық технологиялар, сәулет және құқық колледжінің аға оқытушысы, техника ғылымдарының магистрі Әлия Сарекеноваға «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі табысталды. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің құрмет грамотасы ҚазИжТЖУ ректоры Әліби Баяховқа және аталған университеттің аға оқытушысы, биология ғылымдарының магистрі Мейрамгүл Майдановаға ұсынылды. Сондай-ақ Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университеті мен «Ұлттық технологиялық жүйелер мен кешендер» ғылыми-өндірістік бірлестігі арасындағы меморандумға қол қойылды.

Мәрлен Ғилымхан,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале