3.02.2022, 11:20
Оқылды: 53

АҚШ Орталық және Шығыс Еуропаға 3000 әскер жібермек

АҚШ президенті Джо Байден алдағы күндері НАТО күштеріне қолдау көрсету үшін Орталық және Шығыс Еуропаға 3000 әскери қызметкерін жіберуді жоспарлап отыр. Бұл туралы сәрсенбі күні Пентагон өкілі Джон Кирби мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Еuronews ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

4

Оның айтуынша, қазір Германияда орналасқан мыңға жуық сарбаз Румынияға қайта жіберіледі, өйткені Ресей Украинамен шекарадағы әскери құрамын қысқартуға еш ниет танытпайды, ал Батыс бұл елге Ресейдің басып кіруінен қауіптенеді.

Қазіргі кезде Румынияда 900 америкалық сарбаз бар. Алдағы уақытта оларға Франция жіберетін күштер де қосылуы тиіс.

«Құрама Штаттар Франциямен және біздің барлық одақтастарымызбен кеңесуді және үйлестіруді жалғастырады, бұл күштерді орналастыруда бір-бірімізді толықтыру үшін қажет», - деді Кирби.

Сонымен қатар, Германия мен Польшаға АҚШ армиясының жедел әрекет етуші негізгі күші болып табылатын 82-ші әуе-десанттық дивизиясының 2000 әскері жіберіледі. Оның ішінде 1700 адам Польшаға қайта жіберіледі, ал қалғандары Германиядағы америкалық күштердің әрекетін үйлестіруге көмектеседі. Қазір Польшада 5 мыңға жуық АҚШ әскері бар.

Ақ үйден қосымша контингентті уақытша аудару жаңа барлау деректерін алумен байланысты емес екенін атап өтті.

Интерфакс агенттігінің хабарлауынша, Ресей Сыртқы істер министрінің орынбасары Александр Грушко АҚШ-тың Еуропаға әскер жіберу туралы шешімін сынға алды. Шенеунік бұл әрекеттерді «саяси шешімдер үшін өрісті тарылтатын» «деструктивті қадамдар» деп атады.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале